ТҮРКІСТАН: АУДАНДАРДАҒЫ БІЛІМ ОШАҚТАРЫНЫҢ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА
Биыл өңірде бірқатар білім беру мекемелерінің ғимараты жаңартылып, жөндеуден өтеді. Білім ошақтарын салаға жауаптылармен бірге аралаған облыс әкімінің орынбасары жаңа оқу жылының дайындық барысын тағы бір пысықтады. Оқушылар оқуға оралғанда алаңсыз, толыққанды білім алуы үшін құрылыс жұмыстары қауіпсіз, сапалы жүргізілуін, сондықтан қажетті шаралардың қабылдануын тапсырды.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сайрам және Төлеби аудандарына жұмыс сапарымен барды. Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан бірнеше білім нысанын аралап көрді. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердің құрылысына жауапты мердігерлермен тілдесіп, мерзімінде үлгеруді тапсырды.
Алдымен Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауыл округі, Әсіларық ауылындағы №49 Ш.Уәлиханов атындағы мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысты. Облыстық бюджет есебінен толық қаржыландырылған білім нысаны 300 оқушыға арналған. Бүгінде мектептің бөлме іштерін бөліп тұрған жарылған қабырғалар алынып, толық қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, кәріз және электр жүйелерін ауыстыру, мектеп қабырғаларын қайта сылау, терезелер орнату, сыртқы қасбеттер, шатыр төсемелерін жабу және мектеп едендері мен қабырғаларына кафель жабыстыру, жылу жүйелерін жүргізу, мектеп айналасына бетон құю жұмыстары атқарылды. Аталмыш білім ұясындағы құрылыс жұмыстарын тамыз айының соңында толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жұмыс сапары барысында Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты N4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызмкеттер көрсету орталығына және Сайрам мүгедек балаларды оңалту орталығына барып, сондағы тыныс-тіршілікпен танысты.
Көксәйек ауылдық округіндегі Қазақстан мектебін биыл күрделі жөндеуден өткізуге қаржы қаралған. Қазіргі таңда мердігер тарапынан күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Ал Қаратөбе ауылдық округіндегі Қостөбе мектебінде жұмыс ақпан айында басталған. Бүгінде мердігер мекеме «Радуга-СН» ЖШС жобалық сметалық құжатқа сай жұмыстарды өндірістік кестеге сәйкес атқарды. Күрделі жөндеу толығымен аяқталып, қабылдап алу жұмыстары жүруде.