ТҮРКІСТАН: “АУЫЛ АМАНАТЫ” ЖОБАСЫМЕН ОБЛЫС КӨЛЕМІНДЕ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА
Биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы толықтай іске қосылады. Өңірге республикалық бюджеттен 11 млрд.теңге қарастырылған. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысына қосымша 14 млрд.тг бөлу мәселесі қарастырылуда. Пилоттық жобаға қатысатын 32 ауылдық округте тұратын мыңдаған адам үйін кепілге қойып, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ала алады. Орташа несие көлемі – 5 млн.теңге.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болатынын айтып өтті. Жаңа жоба біздің өңір үшін өте маңызды. Қазіргі таңда Жамбыл және Ақтөбе облыстарында іске асуда. Ол аумақтарда халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі біршама артқан. Сондай-ақ тұрғындардың орташа табысының өскенін байқауға болады. Ең бастысы, кез-келген ауыл тұрғынына қолжетімді етіп, жобаларды шағын инвестициялармен жүзеге асыруға мүмкіндік беруге қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған.
Еске салсақ, «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.
Жан-жақты зерделенген жобада жеңілдіктер де жоқ емес. Мәселен, ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі – 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі. Несиенің ең жоғары соммасы қолданыстағы заңнама бойынша анықталады.
Жобаға қызығушылық танытқан ауыл тұрғындары толық ақпаратты аудандық «Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына» жүгініп, нақтылай алады.
«Ауыл аманаты» жобасына облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға облыс шаруаларына бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінген. Жалпы алғанда бағдарламаға Түркістан өңірінен 2500 азамат қатыса алады.
Бағдарламаға қатысып, несие алу үшін, өңір тұрғындары ауыл әкімдіктеріне өтінім береді. Несие алатындар зейнет жасынан аспауы қажет. Сондай-ақ кәсіпті ашу үшін оқыту жұмыстары да тегін жүргізіледі. Егер де несиесін толық жауып, кәсібін дамытатын болса, жеңілдетілген несиеге қайта қол жеткізе алады. Жоба аясында жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, ал, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін.