ТҮРКІСТАН: “АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ” ЖОБАСЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕ ҚАРҚЫН АЛҒАН
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде халықтың табысын арттыру, жанар жағармайдың бағасын тұрақтандыру, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы және бизнестің «Бизнестік жол картасы» бағдарламалары шеңберінде Оңтүстік өңірлер үшін жекелеген бағыттар әзірлеу жүктелді. Сондықтан бұл бағдарламаларға баса назар аударылуда. Облысымызда осы бағыттарда жұмыс күшейтілу барысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Түркістан облысында Ауыл — Ел бесігі жобасы аясында аудандарда бірқатар жобалар іске асып келеді. Мәселен Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында 14 елді мекеннің көшелері қайта жөндеуден өтті.
«Ауылды дамытудың алдағы 5 жылға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту бағытында да кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2022 жылы ауыл шаруашылығы саласы жоғары өсу қарқынын көрсетті, жалпы өнім көлемі 9 процентке өсті. Кейінгі 10 жылда біз астық дақылынан ең жоғары өнім алдық», — деді Р. Скляр Сенаттағы «Тиімді өңірлік саясат – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбындағы парламенттік тыңдауда.
Осы жылы 143 елді мекенде 294 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 23,4 млрд. теңге жоспарланды. Жобаларды іске асыру аясында 4,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2019 жылдан бастап 52 млрд. теңгеге 1 мыңнан астам жобалар жүзеге асырылды. 58 инфрақұрылымдық, 126 әлеуметтік нысандарының құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ауылдардағы 1 мың шақырымнан астам ішкі көшелер орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде, 175 елді мекен тұрғындарының (600 мыңнан астам халық) өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалды. Тұрғындармен кездесу барысында 50 пайыздан астам сұрақтар ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымға қатысты көтеріледі. Облысымызда тұрғындардың 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрғандықтан, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы біздің өңір үшін өте маңызды.
Жалпы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының мақсаты – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Маңызды жоба аясында ауылдарда жолдар жөнделіп, білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары бой көтеруде. Сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында 1,1 млрд. теңгеге 10 жобаның құрылысы жүргізілді. Білім саласында 5,4 млрд. теңгеге 34 жоба бойынша құрылыс және күрделі жөндеу жұмысы атқарылды. Мәдениет пен сапорт салаларында 4 млрд. теңгеге 20 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында 3 млрд. теңгеге 21 жобаның құрылысы басталып, ағымдағы жылы халыққа пайдалануға беріледі. Облыста жол мәселесі өзекті екендігін ескере отырып, 4,4 млрд. теңгеге 168 жоба іске асырылды.