ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕН
Түркістан – агроөнеркәсіп саласы қарқынды дамыған өңір. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылда тұрады. Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 2023 жылы 1,2 трлн теңгеден асып, облыс республикада көш бастады. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде рекордтық 3,3 млн тонна көкөніс, бақша өнімі жиналды. Еліміздегі жылыжайдың 70% Түркістан облысына тиесілі. Өңірде жылыжайдың жалпы көлемі 1640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналды. Республика халқының 42%-ы көкөніспен қамтамасыз етілді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі өзекті мәселелер жүйелі түрде шешілуде. Жылыжай шаруашылықтарын қолдаудың жаңа тетіктеріне қол жеткізіп, жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді. Жылыжайларды бір орталықтан көмірмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілді. Жүйелі жұмыс нәтижесінде арнайы стандарт әзірленіп, 801 жылыжай сертификатталды.
Жаңа технологияларды енгізу жұмыстары күшейді. Облыста мақта өсірумен шұғылданатын 25 мың агроқұрылымда 75 мың адам еңбек етеді. Жиналған 98 мың тонна мақта талшығының 82%-ы экспортқа бағдарланған. Тиісінше әлемдік биржа бағасына тәуелділігі жоғары. Осы мәселені ескере отырып, мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленді. Онда алқапты 25%-ға азайтып, егістікті әртараптандыру көзделген. Сондай-ақ сапалы тұқым шаруашылығын дамыту, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу және мақтаны қайта өңдеу үлесін 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы Түркістан өңірінде жүзеге асуда. Маңызды жоба 6 бағытта іске асырылды. Бұл мақсатқа 19,8 млрд теңге жеңілдетілген несие қаражаты бөлініп, 3256 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде, 3517 жаңа жұмыс орны ашылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны қысқарды. 19 қайта өңдеу кәсіпорны ашылып, 75 кооператив құрылды.
Өңірде 875 мың гектар егіс алқабы бар. Жердi ауыл шаруашылығы айналымына енгiзу мүмкiндiгi мейлiнше шектеулi. Сондықтан еңбек өнімділігін арттыру үшін облыстың климаттық тиімділігін пайдалана отырып, шетелдің озық тәсілдері енгізіліп жатыр.
Су шаруашылығын дамыту үшін «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорынның жұмысын жүйелендіру есебінен, каналдарды қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын мерзімінде атқаруға қол жеткізілді. Нәтижесінде, экономикалық тиімділігі 2 есе жоғары болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау қуаттылықтарын арттыру мақсатында Сауран ауданында 1 гектар аумақта көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды (құны 1,4 млрд.теңге, қуаттылығы 4 000 тонна). Биыл пайдалануға тапсырылады.