ТҮРКІСТАН: АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР АЯСЫНДА КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен екінші Құрылтайда: «Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ, қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан. Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы. Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дауларға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, қазақ мемлекеттілігінің тамыры тым тереңде жатқанын білдіреді», — деген болатын.
Ұлттық жобада көрсетілгендей инженерлiк инфрақұрылым — адамдардың тiршiлiк етуi, сондай-ақ өндiрiстiң немесе тауарлар мен көрсетiлетiн қызмет айналымының тұрақты жұмыс істеуі үшiн қалыпты жағдай туғызатын кәсiпорындардың (ұйымдардың), объектiлердiң (ғимараттар мен құрылыстардың), инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету коммуникацияларының және желiлерiнiң жиынтығы.
Түркістан қаласының әкмшілік-іскерлік орталықтың көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылыс жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр. Қазіргі таңда 36-шы көшенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған көше пайдалануға берілген соң, Б.Саттарханов көшесі мен әкімшілік-іскерлік орталығындағы 9-шы және 11-ші көшелердегі көлік кептелістерін азайтып, әкімшілік-іскерлік орталығы мен Түркістан әуежай жолын байланыстыратын болады.
Түркі жұртына ортақ мекен саналатын қаланың қарыштап дамуы қажет. Соңғы бес жыл бедерінде шынында да қарқынды жұмыс атқарылды деп ауыз толтырып айтуға болады. Соның арқасында Түркістан ерекше келбетке еніп, еліміздің оңтүстік өңірінде жаңа қала бой көтеріп үлгерді.