ТҮРКІСТАН: БАЙЛАНЫС ПЕН ИНТЕРНЕТТІҢ САПАСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Түркістан облысында ұялы байланыс пен интернеттің сапасын арттыру шаралары күшейтілуде. Осы мақсатта облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Kcell» АҚ Басқарма төрағасымен кездесті. Тараптар Түркістан облысында ұялы байланысты дамытуды талқылады. Облыс әкімі басымдық облыс орталығы мен ауылды жерлерге берілетінін айтты. Республикалық күре жолдардағы және шекаралас аймақтардағы ұялы байланысты күшейтуге күш салу туралы да әңгіме болды.
Түркістан облысы біз үшін өте маңызды өңір. Бізді таңдаған қолданушылар ең көп аймақ еліміз бойынша алғаш рет 5G желісіне қосылды. Біз базалық станса құру жұмыстарын күшейтеміз. Ауылдарды бірден 4G желісіне қосу көзделген. Ол үшін заманауи жабдықтар жеткілікті. Бүгінде жұмысты күшейтіп, келер жылы Түркістан облысында 300-ге жуық базалық станса құрылады. Бұл жұмыстардың уақытына әрі сапалы жүзеге асуына кепілдік беремін, – деді «Kcell» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Өзбеков.
Кездесу қорытындысында Түркістан облысында ұялы байланысты дамыту бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бүгінгі таңда сапалы интернет – халықтың негізгі қажеттіліктерінің бірі. Бұл мәселе тұрғындармен кездесуде жиі көтеріледі. Интернеттің жылдамдығы мен сапасына байланысты халықтан шағым көп. Аудандар арасындағы республикалық маңызы бар жолдардың өзінде байланыс нашар. Тұрғындарымыз тарифтердің ақысын толығымен төлеп отыр. Сондықтан олардың сапалы қызметті талап етуі орынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұялы байланыспен қамту мәселесіне, елдің шалғай ауылдарын интернет желісімен қамтамасыз ету бойынша ауқымды міндеттер жүктеп отыр. Биылғы 1 қыркүйектегі халыққа юарнаған Жолдауында Президентіміз Қазақстанды IT-мемлекетке айналдыруды тапсырды. Бұл біздің өңір үшін өте маңызды мәселе. Өйткені, облыс тұрғындарының 80 пайызы, яғни 1,6 миллион адам ауылды жерлерде тұрады. Ауылдағы білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту салаларының бірқатар проблемаларын шешу интернетпен тікелей байланысты. Ал, облыстың 62 ауылында байланыс мүлдем жоқ, 116 ауылдық елді мекен интернет желісімен қамтылмаған. Ауылдарды сапалы байланыспен қамту үшін біз өз тарапымыздан байланыс операторларын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайынбыз, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.