ТҮРКІСТАН: БИЫЛ АУЫЛДАРДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ҚР ауылдық аймақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдардың экономикасын көтеруге мүмкіндік беру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған болатын. Түркістан облысында аталған бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Түркістан облысында өткен жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС бірлесіп, аталған бағдарламаны іске асыру жұмыстарын жүзеге асырды. Былтыр республикалық бюджеттен Түркістан облысына бағдарлама аясында 19,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаржыға 3220 несие алушыны қаржыландырып, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу міндеттелді. 2023 жылдың соңына дейін аталған қаражат толық игеріліп, 3 215 соңғы несие алушы қаржыландырылды. Нәтижесінде 3517 жаңа жұмыс орны ашылды. Яғни, белгіленген жоспар 103 пайызға орындалған.
Бағдарлама аясында үлестірілген қаржының мақсатты жұмсалуын тексеру мақсатында «Ырыс» МҚҰ» ЖШС мониторинг бөлімінің менеджерлері мониторинг жұмыстарын жүргізді. Бірқатар кемшіліктер анықталып, несие қаражатын мақсатты жұмсамаған несие алушыларға кемшіліктерді жою үшін қосымша 1 ай мерзім берілді. Белгіленген мерзімде кемшіліктерді жоймаған 6 несие алушының іс-әрекеті несие комитетінде қаралып, тиісті іс-шаралар жүргізілуде.
Биыл 62 ауылдық округ жобаға қатысып, 62 коператив құрылады. Нәтижесінде 2640 жоба жүзеге асырылып, 4416 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған.Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған.Құжатта “Ауыл – Ел бесігі” жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90%-ы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді (АЕМ) кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Мұндай елді мекендер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.Ауылдық жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттерін салу, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын белгілеу, шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған орындар құру бойынша жұмыстар жүргізіледі.