ТҮРКІСТАН: БИЫЛ ТҮЛКІБАСТА ҚАРҚЫНДЫ АЛМА БАУ КӨЛЕМІ 55 ГЕКТАРҒА АРТТЫ
Жалпы Түлкібас ауданында алма бау көлемі 3 мың гектарды құраса, соның ішінде 7 жүз гектардан астамын қарқынды бау алқабы алып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру тапсырмасына сәйкес, биыл Түлкібас ауданында 55 гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген қарқынды алма бау отырғызылды.
Оның 25 гектарына көшетті Жабағылы ауылдық округіне қарасты «Алмалы сай» ЖШС ерте көктемде отырғызса, қалған 30 гектарын Шақпақ ауылдық округіне тиесілі «Кентау» ЖШС бүгінгі таңда отырғызуда.
Аталған жұмыстардың барысымен танысу мақсатында, «Кентау» ЖШС-не аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Марат Жанесен, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуатбек Еркебаев, округ әкімі Сәбит Қозтаев жауапты мамандармен бірге арнайы барып, кәсіпкерге мемлекет тарапынан заң талаптарына сай барлық қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізіп, ісіне сәттілік тіледі.
Серіктестің директоры Қайрат Садықовтың айтуынша, егіліп жатқан алма көшеттері Түркия елінен арнайы алынған.
Айта кетейік, «Кентау» ЖШС-нің қарқынды алма бау көлемі 240 гектарға жетіп отыр. Серіктестіктің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың жыл санап артуына байланысты, алдағы уақытта қосымша 2 тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқышы бар қойма салуды жоспарлап, қыс мезгілінде 4 мың 4 жүз тоннаға дейін экологиялық тұрғыдағы таза Түлкібас алмасын сауда қатарларына жеткізуді көздеп отыр.