ТҮРКІСТАН – БОЛАШАҚТЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІДЕГІ ЖАҢА ШАҺАРЫ
Түркі жұртының түп төркіні саналатын Түркістанның рухани және экономикалық тұрғыда кешенді дамуы, инфрақұрылымының сәт сайын жаңғырып, жаңаруы тұрғындар мен саяхатшылардың көз алдында өтіп жатыр. Түркістан шаһары бір кезде тарихи қала ретінде әлемге белгілі болса, бүгінде Түркістан облысының орталығына айналып, заманауи даму жолына түскен шаһар ретінде түркі жұртының назарын аударып отыр.
Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілген тұста 2018 жылы Түркістан облысы халқының саны 1983969 адам болса, 4 жылдың ішінде ол 285216 адамға көбейіп, жалпы 2269185 адамға жеткен. Оның ішінде қазір Түркістан қаласында 221102 адам тұрады. Алдағы уақытта бұдан да көбейе түсетіні анық. Халықтың саны өскен сайын тұрғындар тарапынан көптеген мәселелер мен сұрақтар туындайды. Яғни, өсім бар жерде, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелер де туындап жатыр. Сондықтан, аталған мәселелерді дер кезінде шешу шаһар басшысының басты міндеті болмақ.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 12088 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 268,8 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке төленген салық көлемі 8,1 млрд теңгеге жеткен. Соңғы үш жылда Түркістан қаласында 536 жоба іске асып, оның 251-і пайдалануға тапсырылған.
Халықты баспанамен қамтамасыз ету ең басты қажеттіліктің бірі десек, Түркістан қаласында төрт жылда жалпы 337 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Яғни 15411 пәтер, 1001,1 мың шаршы метр.
Бүгінде жаңа қаланы ауызсумен қамтамасыз ету де жақсы жолға қойылған. Түркістан қаласында ауызсу құбырларын қайта жаңғырту мақсатында бірнеше нысанның құрылыс жұмыстары 7-шағын аудан, Мақта зауыты, Жөндеу зауыты, бірінші және екінші Яссы-Шавғар, Теміржол маңында қатар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, қосымша 7500 жеке тұрғын үй сапалы ауыз су құбырымен қамтылатын болады. Киелі қаланы электр жарығымен қамту мақсатында Түркістан қаласы аумағы 98,5 пайыз электр қуатымен қамтамасыз етілген болса, оның 84 пайызы сапалы электр қуатымен қамтылды. Биыл 3 нысанның құрылысын аяқтап, қамту көрсеткішін 99 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Түркістан қаласында 845 шақырымдық 875 көше бар. Олардың 37,4 пайызы – асфальт, 47,5 пайызы – тасжол және 15,1 пайызы – топырақ жолдар. 2021 жылы 15,1 шақырым 11 көше орташа жөндеуден өтті. Топырақ жолдардың санын азайтып, тас жолдардың саны мен сапасын арттыру мақсатында 2021 жылы 158 шақырым қашықтықты құрайтын 185 көшеге тас төселді. Осы жылы қалған 127,3 шақырым топырақ көшелерге шағал тас төселіп, 46,4 шақырым құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабыны төселмек. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 29,6 шақырымға жететін 26 көшеге аяқжол салу жоспарланған. Жалпы, қалада 24 қоғамдық көлік бағыты бар. Қоғамдық көліктің 18 пайызы жаңартылған. Биыл тағы 50 жаңа автобус сатып алу жоспарланған.
Тұрғындар санының өсуіне байланысты Түркістан қаласында 2025 жылға дейін 11 мектеп салынады деп жоспарланып отыр, оның бәрі де бюджет есебінен жүргізіледі. Бұған дейін «Алтын ұрпақ» бастауыш мектебі, «Turkestan бастауыш мектебі», «Береке Болашақ» мектебі, «Білім-Ғылым Инновация» мектебі, Bilim kemesi мектеп-лицейі, «Nur интеллектуалды мектебі» секілді 6 жекеменшік мектептер пайдалануға берілді. Мұның бәрі халықты білім беру орталықтарымен қамтуға және оларда сапалы білім беру ісін жүргізуге зор пайдасын тигізіп отыр.
Түркістанда «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешенінде демалыс орындар және туристік нысандары іске қосылды (Ramada by Wyndham, Emir Plaza, Rich Hotel, Grand Villa, Golden Ray Turkistan Hotel, Этно Парк Резорт).
Қаланың негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланып, жаңадан халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды. Биыл мұз айдыны, ескек есу каналы, Б.Саттарханов атындағы спорт кешені, туристерге арналған жасанды көл демалыс орталығы салынып, пайдалануға берілмек.
Небәрі бес жылда тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін ерекше үш мәселе түбегейлі шешілді. Алғашқысы – табиғи газбен қамту. Бұған дейін табиғи газбен қамту деңгейі 26 пайыз болса, бүгінде қала тұрғындары көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Өткен жылдары табиғи және сұйылтылған газды қауіпсіз пайдалану мақсатында әлеуметтік қолдауға мұқтаж 500 отбасыға газосигнализатор орнатылып, бұл өз кезегінде қаланың экологиялық ахуалын жақсартып және жасыл экономика бағдарламасына оң септігін тигізіп жатыр.
Екіншісі – қала халқын ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұрын Түркістан қаласында халық 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етілмеген және суармалы су өте аз болды. Осы мәселерді шешу мақсатында бірінші кезекте халықты ауызсумен қамтамасыз ету қолға алынып, жүзеге асырылған екі ірі жобаның арқасында бүгінде бұл мәселе түбегейлі шешілген. 2050 жылға дейін халық саны 500 000 адамға жету мүмкін деген болжам да ескерілген.
Түркістан қаласына 234 млн текше метр ағын су жетіспейтіні анықталып, оны шешу үшін ғалымдармен кеңесе келе Түркістан қаласына 248,8 млн текше метр ағын су жеткізудің жолы табылған. Бұл үшін «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасы арқылы 60 млн текше метр су үнемделіп, қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады.
Бұрын ағын су 43 пайыз фильтрациялық шығынға ұшыраса, енді оны болдырмау үшін бүгінде 52 шақырым каналды бетондау жұмыстары жүргізілген. «Кеңсай – Қосқорған» 2 су қоймасы жобасы пайдалануға берілді. Жоба аясында 34 млн текше метр ағын су жеткізіледі.
«Арыс-Түркістан магистралдық арнасын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» арқылы 52,8 млн текше метр ағын су жеткізілетін болады. Жаңадан «Сарқырама» су қоймасын салу арқылы 65 млн. текше метр ағын су жеткізілмек. Сондай-ақ, Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жобасы арқылы 40 млн текше метр ағын су жеткізіледі.
Түркістан қаласы айналасында азық-түлік белдеуі қалыптастырылып, құны 26,9 млрд теңге болатын бес серпінді инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қала аумағында 225 гектарда 30 саябақ, 13,6 гектарда 15 сквер мен аллеялар, 129,4 гектарда 9 алаң бар. Майкөтов көшесіндегі «Желілік саябақ», «Шатқал саябағы», «Отырар» мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер аумағын көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінде Түркістан қаласын дамытудың екінші кезеңі басталып кетті. Кешенді жоспарға сәйкес 109 жобаны іске асыру көзделген. Инвестиция көлемі 1,3 трлн теңге, оның 1 трлн теңгесі немесе 77 пайызы жеке инвестициялар. Қаланы дамытудың екінші кезеңі бірнеше аумақта іске асырылады. Аумақта әуежай аумағына ауыл шаруашылығы және басқа да серпінді жобалар іске асырылатын болады. Бірінші аумақта әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында заманауи білім, денсаулық сақтау, спорт нысандары мен әкімшілік ғимараттар, демалыс орындары салынатын болады. Екінші аумақта Б.Саттарханов даңғылы бойынша спорт кешені, Яссы желілік саябақтары салынбақ. Үшінші аумақта мәдени-рухани орталықта Әзірет Сұлтан мұражай аумағы абаттандырылып, Қылует мешіті, аз қабатты тұрғын үйлер құрылысы іске асырылмақ. Аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы облысымыздың жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жетіп халықтың табысы мен еңбек өнімділігі 50 пайызға өсіп, 40 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Түркістан – жай қала емес, алыс-жақынға даңқы кеткен ежелгі тарихи қаланың бірі. Ал қазіргі жағдайда ол уақытпен бірге қарқынды қарыштап, тез дамып келе жатқан заманауи шаһар. Демек, оның дамуы, белгілі бір дәрежеде еліміз дамуының драйвері етуге болады. Енді алдағы ширек ғасырда Түркістан шаһары жарты миллион адам тұратын рухани және әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыған саяхатшылар қызығатын үлкен мегаполистердің біріне айналмақ. Сондықтан, қаланы барлық жағынан кешенді дамытуға деген билік пен халықтың бірлескен ыстық ықыласының бүгіннен басталғаны қуантады.
Ескендір ЕРТАЙ.