ТҮРКІСТАН: БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҰЖЫМЫ БАЛАЛАР ЛАГЕРІНДЕ СЕНБІЛІК ӨТКІЗДІ

0
58

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістан облысы білім басқармасы әр апта аймақтың әр аудандарына сенбілік жұмыстарын жүргізеді. Бұл аптада Түлкібас ауданында орналасқан «Самал» жазғы сауықтыру лагеріне тазалық жұмыстарын жүргізді. Эконауқанға білім саласының барлық ұйымы бірлесіп белсенділік танытты. Жоғары деңгейде тазалық жұмыстарын ерікті түрде атқарды.

Тазалық шарасына Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетұлынан бастап, орынбасарлары, басқармадағы бөлім басшылары мен бас мамандар атсалысты.
Игі бастаманың соңы жазғы сауықтыру лагерінде демалып жатқан балаларға ерекше балмұздақ таратумен жалғасты. Білім басқармасының ұжымы балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, тәттілер үлестірді. Дән риза болған демалушылар концерттік бағдарламамен кеш өткізіп, өз өнерлерін көрсетті.

Айта кетейік, Түркістан облысының білім басқармасының «Түркістан облысының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты «Самал» жазғы сауықтыру лагерінің ғимараты «Сайрам – Өгем» МҰТП-нің жер аумағында орналасқан. Лагерде Түркістан облысының балалар үйлерінің 150 тәрбиеленушісі 10 маусымнан 23 тамыз аралығында 75 күн демалады. Лагерь 6 жаздық және 15 қыстық корпустан тұрады.

Leave a reply