Понедельник, 3 марта

ТҮРКІСТАН: БҰРМАЛАНҒАН САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРДІ БІЛЕСІЗ БЕ?

0
21

Ежелгі қазақтың салт-дәстүрі деп саналып, қазіргі заманға қарай бейімдеп, бастапқы мағынасын жоғалтып, бұрмалануға тап болған дәстүрлер:

Қыз алып қашу — үйлену ғұрпының бір түрі. Дәстүрлі қазақ қоғамында кейде жол-жоралғы жасап, қалың мал беруге шамасы келмейтін жігіттің ұнатқан қызын өзара келісімнен кейін алып қашуы орын алған. Екі жастың

ата-аналары арасында келісім болмаған және қызды өз еркінен тыс алып қашқан жағдайда жігіт жағы ара ағайын мен билер кеңесінің шешімі бойынша айып төлеуге тиіс болды. Алайда екі жақ өзара келісе алмай Қыз алып қашудың соңы үлкен жанжалға ұласатын кездер аз болмаған. Сондықтан қазақ қоғамы “Жер дауы мен жесір дауына” жол бермей, ел арасының ынтымағы мен тыныштығын сақтауға ұмтылған.

Кейбір жігіттер өз сүйген қызын алып қашады. Тарихтан белгілі болғандай, Қалқаман Мамырды, Кебек Еңлікті алып қашып қосылған. Бірақ, бұлардың барлығы екі жастың өзара келісімімен орын алған. . Бір замандарда қазақ арасында қыз алып, үйлену үшін «қалың мал» төлеу тәртібі болған. Соның нәтижесінде байлығы мол адамдар екі-үш әйелдің үстіне таңдап, жас қызға үйлену кәдесі орын алған. Яғни,қызды өз еркінен тыс, зат сияқты саудалау болған. Әрине, бұл қызға зорлық, сұмдық еді. Осыған орай «қыз алып қашу» кәдесі пайда болды. Баста оның себебі былай болатын. Екі жас бірін бірі ұнатады, бірақ «қалың мал» төлеуге шамасы жоқ. Содан, кейде, қыз бен жігіт келісіп, барар жері, басар тауы белгісіз болса да, елден қашатын. Арты үлкен дауға айналатын болса да. Бірақ, кейін бұл бастама қызды зорлықпен, еріксіз алып қашатын жаман әдетке айналды. Бұл жағдай алып қашу деп аталады. Ал қазіргі заманда ше? Қазір ондай қалың мал мәселесі жоқ. Демек, алып қашу дәстүрінің де заманы өтті. Дегенменде, әлі күнге ата-баба дәстүрін жалғастырудамыз деп, соны сылтау етіп қыз алып қашып жүргендер жетерлік. Бұл бүгінде үлкен мәселе. Себебі, бұл алып қашулар дәстүрден гөрі қылмысқа жақын. Бұл жерде қыздың келісімінсіз алып қашу орын алады. Демек, қаншама қыз жастайынан келін атанады, алып қашудың құрбаны болады, болашағына балта шабылады. Бұндай оқиға әр жылда қайталануда. Статистикаға сүйенсек Қазақстанда жылына жуық шамамен жеті мың ару алып қашудың құрбаны болған. Солардың ішінде кәмелетке толмағандар да жетерлік. Мысалға алар болсақ, 2009 жылы елiмiздегi 360 мың ерлi-зайыптылардың төрт мыңы 15-18 жастағылар екен. Адам алып қашу қылмыс болып табылғанымен, алып қашудың құрбаны атанған қыздардың

көпшілік бөлігі арыз жазуды жөн санамайды. Бұл дәстүр, бұл ата-баба әдет-ғұрпы деп көніп қалады. Әрі анаңдай адам босағада жатып алып, « батылың жетсе аттап өтіп кет» дегенінен кейін, адамшылық қасиет, үлкенге құрмет олай істеуге дәтіңді жібермейді. Бұл дәстүр бұрынғы мән-мағынасын жоғалтып, бұрмалауға ұшырады. Сондықтан, бүгінгі таңда бұл салт-дәстүрдің бізге берері қанша, пайдасы қанша, керегі бар ма? Менің ойымша, бұндай тозығы жеткен, қазіргі күнге қажеті жоқ дәстүрлерді ұмытқанымыз жөн. Бұл дәстүр-салт-дәстүрдің тозығы.

Бастаңғы жасау. Бастаңғы (салт). «…Жастар «бастаңғы» деп аталатын тамақ істеп бас қосады. Үйдің үлкендері жол жүріп кеткенде ауыл жастары сол үйге жиналып, жолаушылардың жолда басы ауырмасын «бастаңғы жаса» дейді. Бастаңғының мәнісі — жастардың сол үйде ойын-сауық жасап бас қосуы. Дәстүр бойынша бұған тиым салуға болмайды. Бастаңғыны жастар жасайды. Ал қазірде оның мән-мағынасы мүлдем бөлек. Бұл да бұрмаланған салт. Қазіргі жастар бастаңғыны дұрыс түсінбейді. Басқаша мағынада қолданады. Бастаңғы жасау деген бұл қыз-жігіттер жиналып, арақ ішіп, темекі тартып, дөрекі музыка тыңдап, анайы қылықтармен айналысу сияқты жат қылықтарға айналып бара жатқаны өкінішті.

Жетпіс жыл бойы жетесіз әрі қанқұйлы тәртіптің қырсығынан ұлт дәстүрлерінің ережесі бұзылады. Біреулері ұмытылды, біреулеріне тыйым салынды. Бұлай жалғаса берсе түбі бір құртылмайтынына кім кепіл, кім куә? Салт — дәстүр мен әдет — ғұрыпсыз ел әдепсіздік пен берекетсіздікке салынуы мүмкін. Осындай зиянды жақтарды біле отырып мен жұдырықтай жүрегіммен қолыма қалам алып, салт — дәстүр арқылы қалай өзім секілді жеткіншектердің отанға деген патриоттық сезімдерін арттыра аламын деген ой қозғадым. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» демекші ең алдымен отанға деген сүйіспеншілікті салт — дәстүрді түзеуден бастау керек. Бұл арқылы бала салт — дәстүрін білсе тарихын таниды, ал тарихын білу отанды тану деп санаймын.

Біз ұрпақты қалай патриоттыққа тәрбиелей аламыз дейміз. Қай бала патриот болсын әз наурызды өз жаңа жылын асыға күтпесе. Орыстардың

жаңа жылында аспанға түрлі — түрлі от шашулар шашып, ат шапанын сүйретіп алыстан аяз ата келеді деп жас баланың тағаты қалмайды. Ал қырықтың бірі Қыдыр атамызды күтеміз бе?

Отбасында ата — ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға салт — дәстүрлерін үйретіп, айтып отырса, ұтарымыз көп болар еді. Құрдастарымның, сыныптастарымның бойына қазақтың салт — дәстүріне деген қызығушылықты қалыптастырып, қазақ халқының салт — дәстүрі мен әдет — ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындырып, олардың бойына адамгершілік, имандылық қасиеттерін қалыптастыра алдым деп ойлаймын. Балалар, үлкенге – сәлем, қуантқанға – сүйінші, соғымнан – сыбаға, егіннен – кеусен, малдан – көгендік, балаға – базарлық, кішіге – байғазы, сәбиге – көрімдік, көрші қонғанға – ерулік, жетім — жесірге – қолқайыр, мүсәпірге – садақа, алғашқы қымыздан – қымызмұрындық, соңғы қымыздан – сіргежияр, сағынғанға – сәлемдеме, қуанышқа – шашу шашып ешқашан салт — дәстүрімізді ұмытпай, қазақ деген халықтың патриот ұрпағы болып атын шығара беріңіздер демекпін.

Leave a reply