ТҮРКІСТАН: ДАРХАН САТЫБАЛДЫ МЕРДІГЕРГЕ СОҢҒЫ МҮМКІНДІК БЕРДІ
Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама! Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданындағы мектептің күрделі жөндеу жұмысын созбалаңға салған мердігерге қатаң талап қойды. Жаңа оқу жылы жақындағанына қарамастан білім ұясының құрылысын әлі аяқтамаған «Шаңырақ» ЖШС-ң басшысына 1 апта уақыт берді. Өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда шара қолданылады, іс сотқа беріледі.
– Әліңіз келмей ме, тапсырыңыз. Осыншама уақыт созып, енді сылтаумен тойдырмақсыз.
Сіз 1300 баланы далада қалдырайын деп отырсыз. Мемлекет қаражатын алып, халықты алдап отырсыз. Шамаңыз келмесе неге аласыз?
Біз үшін әр сәт қымбат. Сізге соңғы мүмкіндік беріледі. Бір апта. Атүсті жүріп жұмыс істеген соң сапа да оңбайды. Сапасын бақылау күшейтіледі,-деді Дархан Сатыбалды.
Құрылыс компаниясы күрделі жөндеуді осыдан 1 жыл бұрын бастаған. Осыған дейін жұмысты жылдамдату туралы талай рет ескерту алған. Облыс әкімі жұмысшылардан жалақыларынын сұрады. Егер дер кезінде алмаған болса, жауаптыларға жағдайды тексеруді тапсырды.
Көктерек кентіндегі №16 И.Панфилов мектебінің
өткен жылдың қазан айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары биыл тамыз айының соңында аяқталуы тиіс. Құрылыстың жалпы құны – 247,3 млн. теңге.
Түркістан облысында білім беру саласында 1 мың мектеп бар. Биыл Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты 21 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сарыағаш ауданында желтоқсан айына дейін 3 мектептің құрылысы аяқталады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында былтыр 9 мектептің күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Облыста 5 жылда жаңа 100-ге жуық мектеп салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша жалпы 63 мектептің құрылысы жоспарланса, оның 10 мектебі Сарыағаш ауданында салынады. Бұл мектептер алдағы екі жылда пайдалануға беріледі. Жалпы, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, оның ішінде турникет жүйесімен, бейнебақылаумен, дабыл кнопкасымен, күзетпен қамту үшін 408 млн. теңге бөлінді. Ыстық тамақпен 1-4 сыныптарының оқушыларын қамтамасыз ету үшін 135 млн. теңге бөлінді. Яғни, биыл бірінші рет осы мақсатта 693 млн. теңгеге жуық бөлініп, балаларымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталды.