
Басқа шет жерлерден, Батыстан келіп, біздің салт-санамызды жаулап, ұлттық болмысымызға жат, бірақ біртіндеп еніп келе жатқан салт-дәстүрлер көп-ақ. Осы орайда Түркістан облысының тұрғындарына танымдық мақаламызды ұсынамыз.
Енді қазіргі салт-дәстүрлер арасында керегі жоқ, артық, пайдасынан зияны көп дәстүрлер жайында айта кетсек. Әдет-ғұрыптар ішінде күні өткен, кертартпалық рөл атқаратындары да бар. Бүгінде басқа жақтан, басқа елден бізге енген «әдет-ғұрыптар» бар. Сонымен қатар, бұрындары басқа мақсатпен, басқа мағынада, бөлек себеппен қолданылған, қазіргі таңда бұрмаланып, өзгеріп, өзінің бастапқы мән-мағысын, қадірін жоғалтқан дәстүрлеріміз де жетерлік. Алдымен өзге елден енген бөтен салт-дәстүрлерді айта кетсек. Мысалға алар болсақ, үйлену тойындағы өзгерістер. Бұрынғы замандарда әр бас қосу, әр жиын-той қазақ еліне тән, салт-дәстүрлерге сай өткен. Ал қазір ше? Қазір тойлардың өз салт-дәстүрлері қалыптасқандай . Соның ішіндегі сорақы дәстүрлерді ерекше айтып кетер едім.
Тойда гүл лақтыру- бұл дәстүр Еуропадан келген екен. Ертеректе тіптен күйеуге шығуға асық болған қыздар жұғысты болсын деп, қалыңдықтың көйлегін жыртып, әркім өзіне бір қиқымын алып қалуға тырысып, жұлысқан екен. Кейіннен бұл дәстүр тым сорақы көрініп, гүл лақтыруға көшкен деседі. Ал бұл дәстүрдің біздің санамызға еніп бара жатқандығы сондай, гүл шоқтары үшін қыздар бір-бірінің шашын жұлысып, етектерін түріп, жығылып-сүрініп жатқанда жағаңды ұстаудан басқа амалың қалмайды. Жауап-ешқандай. Байқап қарасаңыз, олар гүл қағып алсақ бірден тұрмыс құрамыз деп ойлайды. Сондықтан, ол түкке тұрмайтын гүлге бар күшімен таласады. Бұл жерде гүлдің күшіне сену. Сол гүлді
жаратқан Аллаға емес, гүлге сенім арту. Яғни,діни тұрғыдан алып қарасақ та бұл іс дұрыс емес. Бұл жердегі қыз баланың инабаттылығы, тәлім-тәрбие деген қай жерде қалды деген сұрақ туындайды.
Қыздың аяқ киімін жасыру- Бұл дәстүр де Еуропадан келген. Рим империся үш жаугершілік заманда ер адам аз, айелдер көп болғандықтан, жаулап алған сарбаздарға қыздарды алып қашуға рұқсат берілген. Кейіннен қыз емес аяқ киімін алып қашу сияқты көңілді мерекеге айналған деседі. Мұның өзінде де туфлиді күйеу бала қайтарып алу үшін өз өнерін көрсету шарт болған. Қазірде бұл салт мүлдем басқа арнаға бұрылып кеткендей. Тойда қайтсек те күйеу жақтан ақша табу мақсатымен жас бала-шағаға дейін мен ұрлаймын деп талас-тартысқа түсетініне куә болдым. Сонан соң үлкен қаражат сұрап, үлкендердің үйретуімен қыз сауда жүргізе бастауы тіптен өте дөрекі көрінетіні анық.
Баурына салу (ғұрып). Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы яғни «бауырына салуы» ежелден бар қағида. Мұның да жөн-жоралары бар. Мысалы, жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасымен етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өз әке-шешесі балаға таласқан жағдайда асыраушы адам «оң қолына асық жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебінде жүреді. Алайда, бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке-шешесінің, аты айтылып, жаназасы шығарылады. Кейде ата, әже өзінің бірінші немересін «бауырына салып» алады. Бірақ ол асырап алғанға жатпайды. Егерде бүгінде біз осы «бауырына салу» ғұрпын қайта жаңғыртсақ, қазіргі таңда балалар үйі азаяр еді, тіпті, мүмкін болса, мүлдем болмас еді. Себебі, қазақ халқының туған-туыстары, жақын жандары жетерлік. Қазақта жалғыз адам жоқ. Сондықтан біреудің баласы жетім қалып жатса, келесі туыстары асырап алар еді. Қазақ жетімін жылатпаған халық. Осы ғұрып арқасында анасыз, әкесіз, жалғыз өскен жетім балалар болмас па еді.
Тағы бір айтқым келіп отырған дәстүр «Қыз айттыру». Әр ата-ана өз ұлының болашақ қалыңдығын ерте ойластырады, өзінің теңін іздейді. «Анасын көріп қызын ал » деген қағиданы қатаң ұстайды. Яғни, болашақ құдасын орынды жерден, жақсы кісілерден , аталы, іргелі ауылдардан қарайды. Тұқымында, тегінде ауыруы бар отбасының қыздарына сөз салмайды. Лайықты деген адамдарына әдейі барып, балаларының болашағы туралы әңгіме қозғайды, өздерінің құда болу ниетін білдіреді. Мұны «Қыз айттыру» дейді. Менің ойымша егер әр ата-ана өз баласының болашағын ойласа, уайымдаса, осы дәстүрді жалғастырады. Егер бұл дәстүр қайта жаңғырар болса құдалардың арасы жақын, тату болар еді. Сонымен қатар, бүгінде орын алып отырған ене мен келін арасындағы түсініспеушілік пен араздық болмас па еді?
Келіннің өнер көрсетуі- бұл дәстүр тіптен сорақы. Келіннің құрбылары деген атақпен бірдей киініп, ортаға шығып келінмен бірге секеңдеп билеуі бұл тіптен болмысымызға жат дүние екенін мойындауымыз керек. Қазақ халқының болашақ келінін жеңгесі ертіп келіп, ибалықпен, инабаттылықпен сәлем салып, көзін жоғары көтерместен, ұяңдықпен отыруының өзі ерекше тәрбиелілігін, мәдениеттілігін білдірсе керек. Ал тойда етегін түріп сап ортаға қыздармен шығып, секеңдеп өлең айтуы, бөксесін бұлтыңдатып би билеуі біздің жанымызға жатпайтын, дөрекі салт дер едім. Әрі қазақ жұртының қастерлейтін салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына жатпайды. Осылар бізге батыс елдерінен келіп отыр. Ойлап қарасақ, бұның бізге не қажеті бар? Бізге қандай берер жақсылығы мен үйретер тәлім-тәрбиесі болады? Тағы айтар болсақ, тойдың жарысқа, бәсекелестікке айналуы. Бірінің тойы екіншісінен аспаса той өтпейтін сияқты. Әрине, бұрындары да қазақ халқының ел арасындағы беделді, ауқатты адамдары бұл қуаныштарын қырық күн сән-салтанатымен өткізген. Дегенмен, көрпеңе қарап көсіл. Бүгінгі күнде той өткіземін деп қарызға батып, несие алып жатқандар жетерлік. Той міндетті түрде мақтан ету үшін жасалынбау керек. Той –екі жастың қуанышына ел-жұрттың, туған туыстың, дос-Жаранның ақ тілегін айтып, қуанышымен бөлісуге келетін жиыны. Онда ел болып ән айтып, көңіл көтеріп, үлкендер жағы өз бата-тілектерін айтқан. Және ол туыс-туғандардың жәрдемдесуі, қолғабыс етуі арқылы жүзеге асқан. Тағы бір айта кететін жайт, той соңында отшашу ату. Тойдың қуаныш-қызығын арттырамыз деп «отшашу» қажеттілігі бар ма? Тойға шығарған шығыным деп білсеңіз, сол от қып шашқан жүздеген мың теңгені жетім-жесір, кембағалдарға, Қарттар үйіне, емхана, мектепке, мешітке берген жөн болар. Ол қазағымның қайырымдылық қасиетін ұмытпаған ізгілік, сауабы бар көрегендік болмас па еді? Айта берсек, қазіргі тойдың кем-кетігі жетерлік. Солардың тағы біреуі, тойды басқаруға асаба жалдау. Қазақ халқы өте шешен халық. Сөйлегенде сөздің майын тамызып, тыңдаушыны аузына қарататын көркем тіл иесі. Ал ол асабаларға келер болсақ, мағынадан гөрі бос сөзге, жеңіл күлкіге негізделген сөздерін әр тойда қайталау үстінде. Халықты жалықтырып алмайын деп, дөрекі, анайы, мән-мағынасыз сөз сөйлейді.Ал бұрынғы кездердегі тойларда ортада топ жарып шешен адамдар сөз бастаған. Ол жерде екі жастың отауы берік болсын деген мақсатпен ізгі тілектермен қатар ақыл-кеңестер, өмірлік тәжірибелер айтылады. Әрине, бұл қазақ халқына нағыз тән қасиет. Ал өлеңінің ұйқасы келмей, сөзінің мәнісі жоғалған сөз бастаушыны ешкім құптамас. Мен не себепті салт-дәстүр тақырыбында үйлену той мәселесін кіріктірдім? Себебі халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін оның тойынан байқауға болады. Нағыз дәстүрлер көрініс табатын, өнерді насихаттайтын, ұлттық болмысты қалыптастыратын, ұлттық әдет-ғұрып, мінез-құлық, мәдениеттілік үлгісін орнықтыратын бірден-бір орта-той.