ТҮРКІСТАН: ДӘСТҮРДІҢ МӘНІ МЕН МАҢЫЗЫ

0
21

Дәстүр түсiнiгiн өмiр мен танымдық мәнiне байланысты қарастырып көрейiкшi. Қоғам дамуы барысында адамдар арасындағы қалыптасып, өркендеп, өзгерiп отыратын және ондағы тұрақтылықты ретке келтiрiп отыратын қоғамдық құралды «дәстүр» деймiз. Қоғамның қай саласында болмасын тұрақтылық болмаса даму да болмайтыны сияқты, дәстүрсiз жаңа нәрсенiң қалыптасуы мүмкiн емес.

Егер қоғамдық қатынас сатылы дамиды десек, дәстүр әрбiр жаңа сатыда сақталуымен қатар, өзгерiп, жаңарып отырады. Дәстүрлер арқылы қайта жаңғыру пайда болады. Ол арқылы заманы өтiп бара жатқан ескi қатынас түрлерiнен өз заман талап-тiлектерiн қанағаттандыратын жаңа формалар жүйесi қалыптасып, болашақтағы қатынас түрлерiне жаңаша қуат берiледi.

Дәстүрдiң мағынасы мен адам дамуындағы маңызы ол руханилықтың иесi болып табылатын жанды тұлғаның өздiгiнен iзденуiне, жаңарып отыруына, өз өмiрiн шығармашылыққа айналдыруға мүмкiндiк бередi.

Дәстүр арқылы адамдар өткен дәуiрлердегi құндылықтар туралы тек бiлiп қана қоймай, оның маңызды және қажеттi деген элементтерiн өз бойына сiңiрiп, өзiнiң рухани мұратына, мақсатына айналдырып отырады. Осындай жағдайда ғана нағыз рухани сабақтастық болуы мүмкiн. Рухани дәстүр адамды қайта түлетуi қажет.

Дәстүр жеке адамдардың жан дүниесiне, көңiл-күйiне де жағымды әсер етiп, қуанышқа бөлейдi, оларды қоғамдық талаптарға ұжымдастырып, рухани бiрлестiктерге ынталандырады. Дәстүр адамдардың қоғамдағы өзара қарым-қатынастарына әсер етiп, ондағы әлеуметтiк, психологиялық ахуалдың жақсаруына жәрдемдеседi. Тарихи, рухани сабақтастық – жалпы дамудың, соның iшiнде ғылыми, көркемдiк дамудың да объективтi заңдылығы болып табылады. Дәстүр мен жаңаның арасындағы сабақтастық жоқ жерде iлгерi өрлеу, даму болмайды. Өйткенi адамзат баласы тарихи дамудың әр сатысында әдебиет пен көркем өнердi, ғылыми жетiстiктердi қайталамайды, керiсiнше жаңаша қалыптастырып, өзгертiп, жетiлдiрiп отырады.

Сонымен бiрге дәстүр шектеушi қызметiн атқарады. «Дәстүр – адамдардың қоғамнан даяр күйiнде алатын, өздерiнiң тәртiптерiн жөнге түсiрiп және әрекетке келтiрiп отыратын тетiк болып саналады. Дәстүрдi бұзғаны үшiн берiлген жаза тайпалардың бiрлiгiн сақтауға көмектесетiн қорғаушы құрал болып табылады».

Дәстүр ұғымы «сабақтастық», «мәдени мұра», «төлтумалық», «ерекшелiк» түсiнiктерiмен тығыз байланысты. Ғылыми талдау олардың айырмашылығын талап етедi. «Сабақтастық» – тарихи-мәдени тәжiрибе процесiндегi жаңа мен ескi арасындағы объективтi қажеттi байланыс. Бұл байланыс тұтастықты қамтамасыз етедi және мәдениеттiң үдемелi дамуының алғышарты болып саналады. «Мұра» – бұл уақыт ағымында өзгермейтiн өткенге қатысты рухани-мәдени материал және ұрпақтардың рухани дамуының iргетасы болып табылады.

«Төлтумалық» өзiндiк дамуға бағытталған қоғамның динамикалық принципi, оның «өмiрлiк ядросы» деген ұғымды бiлдiредi. Нағыз мәдениет, төлтумалылығымен, бiрегейлiгiмен (идентичность – identity) дараланады. А.Сейдiмбековтың сөзiмен айтқанда: «Елiктеудiң шын аты – қайталау. Рухани сұғанақ (плагиат) болған ел, бiрiншiден өзiнiң болашағынан айрылса, екiншiден өзгенiң асылын малшылайды».

Дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жанұяда қалыпты қатынастардың бекiтiлуiне, үлкен мен кiшi арасындағы қатынастарды, қалыптар мен ережелердi игеруге, шаруашылық жүргiзудiң қалыптасқан тәжiрибесiн жалғастыруға, еңбекке баулуға, ұлттық мәдениет пен тарихты қадiрлеуге, ұлтжандылық тәрбиесi мен туған жерге деген сүйiспеншiлiктi арттыруға, эстетикалық және көркем мәдениеттi сақтауға жағдай жасайды.

Адам тек зерделi тiршiлiк иесi ғана емес, сонымен бiрге оның бойында қасиеттi рух бар. «Руханилық – бұл сыртқы болмыс универсумын тұлғаның iшкi ғаламына этикалық негiзде айналдыру қабiлетi, сол iшкi әлемдi құрау қабiлетi арқылы үнемi өзгерiп отыратын жағдайдың алдында адамның өзiне сәйкестiгi мен оның еркiндiгiн жүзеге асыра бiлуi. Руханилық ақыр аяғында өзiндiк мағыналық космогонияға, әлем образының тұлғаның адамгершiлiк заңымен бiрiгуiне әкеледi»

Жалпы дәстүрлi өнердi меңгеруге, игеруге және оның негiзiнде жаңа образдар сомдауға көмектесетiн және адамның жан жақты болып қалыптасуына көмектесетiн руханилық құбылысының бiрнеше iргелi салалардың бiр-бiрiмен тығыз байланысынан өрбидi, түзiледi.

«Дәстүрлi өнер» ата-бабамыздан келе жатқан көптеген ғасырлар бойы шыңдалып, санамызда, рухымызда, болмысымызда өзiндiк қолтаңба ретiнде сiңiп қалыптасқан өнер түрi болып табылады.

Бiз бұл жерде екi түрлi нәрсенi ескеруге тиiспiз. Бiрiншiсi – дәстүрлi өнердi алғашқы қауымдық кезең өнерiмен шатастырмауымыз керек. Себебi дәстүрлi өнерде алғашқы қауымдық кезеңдегi, тiптi одан бергi сақ, қыпшақ-қимақ, түркi мәдениетi өн бойында тұтас сақталып жатқанымен, ол – кейiн де өзгерiстерге ұшырап, бүгiнгi күнге жеткен халықтық өнер.

Екiншiсiне, кейбiр зерттеушiлер дәстүрлi өнер деп 1920 жылдарға дейiнгi өнердi жатқызады. Кеңес үкiметi кезеңiнде реалистiк өнердiң қалыптасуына байланысты дәстүрлi өнер жойылған секiлдi. Бұл да сыңаржақты түсiнiк деп есептеуiмiз керек. Себебi қалай мойындамаймыз десек те кеңес үкiметi тұсында қаншалықты қудалауына қарамастан дәстүрлi мәдениет өз болмысын сақтап қана қалған жоқ, сонымен бiрге бейнелеу өнерiмен жарысып, кей жағдайда онымен ұштаса отырып дамып келдi.

Сондықтан дәстүрлi мәдениет жөнiнде айтқанда, бiрiншiден, тарих тезiнен өтiп, өзiндiк сипатын сақтап келген халықтың рухани қазынасын айтамыз. Бұл қазiргi мұражайларда тұрған тарихи көне ескерткiштер болса, екiншiден, қазiргi халық шеберлерiнiң қолынан шыққан көркем бұйымдар. Yшiншiден, осы халықтық бұйымдардың қазiргi кезеңде жаңаша көрiнiс табуы. Төртiншiден, осы құбылыстардың балалардың көркем шығармашылығында өз қырынан сомдалуы. Егер осы жағдайды ендi мектепке тiкелей жанамалап айтатын болсақ, әрине, бұл оқушылардың халықтық мұраны, дәстүрлi өнердi өзiнше қабылдауы, пайымдауы, бағалауы. Баланың талғамы мен дүниетанымы осы сапаның қалыптасуымен тiкелей байланысты.

Бiз сөз етiп отырған дәстүрлi өнер өнердiң басқа түрлерiнен өзгеше болып келедi. Оның өзiнiң болмысы, табиғи сипаты бар. Яғни дәстүрлi өнер қазақ халқының дәстүрлi өмiр салтымен, материалдық және рухани дүниесiмен, халықтық психологиясымен ерекшеленетiн әлем мәдениетiндегi өз орнымен сипатталады. Сондықтан да дәстүрлi өнер этномәдениетпен, ұлттық педагогикамен байланысты.

Белгiлi ғалым С.Ақатай өз мақаласында қазақтың ұлттық менталитетiн қазақша өмiр сүру дәстүрiмен байланыстыра отырып қазiргi мәдениетiмiздегi қос ағымды – қазақ немесе казах (ресми) және қазақы (этникалық) мәдениеттердi бөлiп көрсетедi. Осыған ұқсас ой қазақ философиясының негiзiн қалыптастырушылардың бiрi А.Х.Қасымжановтың еңбегiнде де ұшырасады. Ол «нағыз қазақ» пен «шала қазақ» арасындағы өлшемдер көбiнесе ұмытылған, шiрiген дәстүршiлдiк пен «Тамаша» деп аталатын театрландырылған шоудың тақырыбын қамтамасыз ететiн трагикомедиялық модерннiң шекараларын сипаттайды» – деп бүгiнгi күннiң шындығын дәл нысаналап белгiлеген болатын. Ал педагог және мәдениеттанушы ғалым М.Х.Балтабаев қазiргi мәдениеттiң даму ерекшелiгiне арналған монографиясында қазақ менталитетiнiң өзегi ретiнде Батыс пен Шығыстың танымдық формаларының синтезi түрiнде көрiнетiн еуроазияшылдықты насихаттап, келешектегi қазақстандық қоғамды бiрiктiрушi бiрден-бiр «ұлттық идея» деп үмiттенедi. Ал Д.Кiшiбеков өз еңбегiнде қазақ менталитетiнiң өзiндiк сипатын оның өткенiмен, бүгiнгiсi мен және ертеңiмен барлық қырынан байланыстыра қарастырады.

Менталитет ұғымына ұқсас «ұлттық мiнез-құлық» түсiнiгi. Ұлттық мiнез-құлықтың қалыптасуына да қоршаған орта мен биологиялық фактормен қатар, берiк дәстүрлi шаруашылыққа негiзделген және нақты тарихи-мәдени жағдайларда қалыптасқан этнопсихологиялық-гомогендiк ерекшелiк – «қазақылық» немесе «қазақшылықтың» әсерi мен маңызы күштi болды.

Ұлттық мәдениет – халық игiлiгi. Ол өткен уақыт пен қазiргi заманның үйлесiмдi қасиеттерiн жинақтауы керек. Олай болса, осы кезеңдегi мәдениет ауқымы ұлтымыздың тарихи шежiресi, ғасырлар iзiн тастаған дәстүрлердiң жалғасы.

Leave a reply