
Қандай ұлт пен ұлыс болмасын, әрқайсысының өз салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары бар. Сол сияқты қазақ халқының да ерте замандардан-ақ қалыптасып, бірге ілгері келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары жетерлік. Қазақ халқы – салт — дәстүрге өте бай халық. Ал салт — дәстүрге бай болу елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екенін айғақтайды. Жалпы салт — дәстүр деген не, соған тоқталып өтейік. Салт — дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт — дәстүрмен, өнегелі әдет — ғұрыппен, ырым — тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Бауыржан Момышұлы «мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбилеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» деп жазады. Бұдан отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт — дәстүр арқылы даритынын түсінуге болады. Яғни, салт — дәстүр адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн — жосықты біліп, үйренуге және өмірде қолдануға үгіттейтін мызғымас заң іспетті десек те болады. Қазақ жұрты оларды қастерлеп, сақтап, үнемі солармен бірге өмір кешкен. Ата дәстүрін ардақтау-қазақтың халық педагогикасының ұлттық ұжданы.«Атадан бала тусайшы,ата жолын қусайшы» деп, халық атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келесі ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелейді. Ата дәстүрі бойынша ең әуелі әкені, содан соң атаны, ата- бабаны құрметтеп, солардың алдында ұрпақтық қарыздарды өтеу – кейінгі ұрпақтың міндеті.Ол ұрпақтық борыштар: ананың ақ сүтін, еңбегін өтеу, ата дәстүрлерін құрметтеп, одан әрі ол дәстүрлерді жалғастыру, адамгершілік қағидаларды қалтқысыз орындау болып табылады. Тәуелсіз мемлекетімізде ата –бабамыздан қалған қазынаның бірі салт –дәстүрлерді ұмыту мүмкін емес. Ендеше осы елдің ертеңі жасөспірімдерге салт-дәстүрімізді насихаттай отырып, ғасырдан –ғасырға жалғасып келе жатқан тәрбие көзін мақсат ету. Салт-дәстүр дегеніміз не? Дәстүр — тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің жалғастығы
мен жиынтығы, мәдени мұрасы: әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүріс-тұрыс қалыптары мен тәртіптері, үрдістер, жөн-жоралғылар, мейрамдар, церемониялар және т.б.
Ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жанұяда қалыпты қатынастардың бекітілуіне, үлкен мен кіші арасындағы қатынастарды, қалыптар мен ережелерді игеруге, шаруашылық жүргізудің қалыптасқан тәжірибесін жалғастыруға, еңбекке баулуға, ұлттық мәдениет пен тарихты қадірлеуге, патриотизм тәрбиесі мен туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға, эстетикалық және көркем мәдениетті сақтауға жағдай жасайды.
Қазақ этнопедагогикасының үлкен бір саласы қазақ халқының салт-дәстүрі болып табылады. Халықтың игі әдеттері дағдылана келе әдет-ғұрыптар, салт –дәстүрлерге халықтың өмірінде қалыптасқан салт- дәстүрлер салт-сана болып қалған. Халықтың салт –дәстүрлері, рәсімдер мен жөн- жоралғылар,ырымдар мен тыйымдар, түрлі сенімдер өмірде қолданыс тауып келеді.Оның бәрі дамып,толысып,жаңарып отырады.Қазақ халқының салт- дәстүрлері осы ұлттың мінез- құлқын, қасиеттерін көрсетеді.Кейбір салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар сол халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезі,сеніміне,ырымына қарай қалыптасып келеді. Қазақ «Ат тұяғын тай басар» деп кейінгі ұрпақтың ата салтын бұзбауын, ұмытпауын талап етеді. Салт— кәсіпке, сенімге, тіршілікке байланысты әдет- ғұрып, дәстүр.Ол ұрпақтан- ұрпаққа ауысып отырады. Уақыт өткен сайын салтқа өзгеріс еніп,өзгеріп, қоғамға байланысты бейімделіп келеді. Жаңа қоғамдық қатынасқа сай келмейтін дәстүрлер ығысып,өмірге қажетті жаңалары дамып отырады. Дәстүр- ұрпақтан- ұрпаққа ауысатын, тарихи қалыптасқан нормалар мен үрдістер.Ол- қоғамдық ұйымдар мен халықтың мінез- құлқының, іс- әрекетінің рухани негізі. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты, сондықтан мәдениеті дамыған ел дәстүрге де бай. Ата- ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әдептілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады.
Бірақ, әр нәрсенің екі жағы болатыны сияқты, салт-дәстүрлеріміздің де озығы мен тозығы жетерлік. . Озығы бар деген ұғымға қоғам дамуына
кедергі келтірмейтін кейбір әдет-ғұрыптар жататын. Мәселен, үлкен кісіге ізет көрсетіп, сәлем беру, сөзін бөлмеу, өтірік, мақтаншақтықты қолдамау, отбасына берекелі болу, араласып жүргендермен дұрыс қарым-қатынас жасау, т.б. Қазіргі заманға дейін жетіп, әлі күнге қолданыста жүрген, әдет-ғұрыптармен бірге, уақыт ағынымен қалып қойған, көне, қазірде көп қолданысқа енбеген дәстүрлер де бар. Олар қандай және оларды қайта жаңғырту керек пе? Бүгінгі озық саналып келе жатқан салт-дәстүрлер шын мәнісінде бізге қажет пе? Менің ғылыми жобам осы сияқты көптеген сұрақтарға жауап іздемек, салт-дәстүрлеріміздің озығы мен тозығын ажыратып, қазіргі күнге керегі қайсы, қайсысынан арылғанымыз жөн, осы сияқты мәселелерді қарастырмақпыз.
Қазақ халқының салт-дәстүрлерін бірнеше топқа бөлуге болады. Олар: үйлену тойына, отау құруға байланысты;сәбидің дүниеге келуіне, өсуіне байланысты; тәрбиелік мәндегі; діни тұрғыдағы;өмірден өткен адамға байланысты.Үйлену тойының салт-дәстүрлері қазіргі таңда кең тараған.
Беташар, қыз ұзату, құда түсу, сырға салу — осылар бүгінде әр тойда, әр отау бас қосуға бел байлағанда орындалатын дәстүрлер. Шілдехана, бесікке салу, тұсаукесер, сүндетке отырғызу — сәбидің өмір есігін ашқанынан-ақ атқарылатын, әлі күнге өз қадірін жоғалтпаған салт-дәстүрлер. Енді осылардың қатарына қосылмаған, қаншама дәуірлерде жоғалып қалған салт-дәстүрлер де жетерлік. Соған байланысты мен жалпы салт- дәстүрлерді саралауда зерттеуімді үлкен үш топқа бөліп қарастыруға тырыстық. Енді осы топтардың әрқайсысына жекелей тоқталып, топқа бөлу маңыздылығын дәлелдеп көрейін. Біріншісі: ежелгі ұмыт бола бастаған, қаіргі кезде қайта жаңғыртуды талап ететін, қажет деп саналатын салт-дәстүрлер. Соның ішінде үйлену тойына байланысты салт-дәстүрлерге тоқталайын. Мысалға алар болсақ, құдаласуға байланысты, «бесік құда», «бел құда» болу.
Бел құда. Өзара таныс-біліс, дос-жаран адамдардың әйелдері бірдей құрсақ көтеріп жүрген болса, ондай адамдар алдын-ала уағдаласатын болған. Яғни, бірінен ұл, бірінен қыз туса достар бел құда атанатын болған. Бесік құда. Балалары бесікте жатқанда кейбір ниеттес адамдардың құдаласуын «бесік құда» деп атайды. Бұлайша құдаласу орташа дәулетті адамдар арасында болып, берілетін қалыңмал мөлшері әдеттегіден едәуір
төмен және қалыңмалды ерте бастан-ақ, ақырындап төлеп отырған. Салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында кеңінен пайдаланылып жүрген болса, кейбірі ұмыт қалып барады. Әсіресе, жастар, біле бермейтін салт-дәстүрлеріміз жетерлік. Сонымен бірге қазіргі кезде кейбір салт-дәстүрдің бұрмаланып, өз арнасында жұмсалмай, бастапқы ниетін, мағынасын өзгертіп, табыс көзі саналып кеткен дәстүрлер де бар.
Халық арасында қалыптасқан, тамыры тереңде жатқан салт-дәстүрлермен бірге шариғат құптамайтын ырымдар, қалыптасып қалған әдеттер де бар. Мысалы, болашақты болжау, балгерлікпен айналысу, құмалақ ашу, өлілерге табынып, олардан қажетін сұрау, әр нәрсені киелі тұтып сиыну, табыну үрдістері мұсылманшылыққа жат қылықтар.
Кейбір этнограф ғалымдарымыз, салт-дәстүр зерттеушілері өз еңбектерінде Ислам дініне дейінгі нанымдар мен сенімдерді зерттеп, ондағы надандық дәстүрлерді, есте жоқ ерте замандағы мифологияны, көпқұдайшылдықты қайта жаңғыртуға шақырады. Мысалы, кейбіреулер наурыз мейрамын отқа табынушылардың мейрамы деп санап, сол үшін оны тойлағанда отқа сиынып, оның үстінен секіріп ойнау қажет деген жөнсіз пікірлерін көңірсітіп, халықты надандық әдеттерге үндейді. Сондай-ақ, қазақ халқы мұсылмандықтан гөрі шамандыққа жақын болған деп қатардағы оқырманның ойын сан-саққа жүгіртеді, ана сүтімен дарыған мұсылмандық сеніміне селкеу түсіріп, әрі-сәрі күйде қалдырады. Ғаламның пайда болуы туралы жаңсақ мифологиялық пайымдарды қайта тірілтуге тырысады. Көпшілігі мұны білместікпен істейді, жазылған дүниенің қаншалықты әсерлі болатындығына, оқырманның танымына қаншалықты әсер ететіндігіне, қазақы мұсылманшылыққа қаншалықты зарары, салдары тиетіндігіне мән бермейді. Тым болмаса, қазіргі кезде қалыптасқан ислами таныммен ара-жігін ажыратып жатпайды.
Себебі, олардың басым көпшілігінде шынайы мұсылмандық ұстаным қалыптаспаған. Сондықтан да сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ надандық ұғымдар мен ғұрыптарды қайта жаңғыртуға құмар. Ендеше замана көшінен қалып, жарамсыз болып ұмытылған дүниелерді жіпке тізе бермей, дұрыс пен бұрыстың ара-жігін ажыратып, халықтық мәдениет пен танымның біртұтастығын сақтау жолында жұмыс жасау қажет.