
Ұлтты ерекшелейтін оның тілі, діні және ғасырлардан жеткен рухани термірқазығы саналатын асыл қазынасы, яғни – САЛТ ДӘСТҮРІ.
Болашақ дамуы мәдениетке сүйенген құндылықтар жүйесімен тығыз байланысты. Себебі құндылықтық қатынас арқылы барлық нәрсенің маңыздылығын айқындауға болады. Ал адамда басты құндылық деп қабылдайтын ұлттық тәрбие әрдайым жоғары тұрады. Ұлттық құндылықтарды әр ұлттың ата-бабалары өздерінің өмір сүру салтына байланысты пайдаланып, дамытып ұрпақтарына мұра етіп қалдырып отырған.
Бүгінгі қоғамда дін мәселесі, оның ішінде адасушылық жолға түсіп кеткен жастарымыздың зайырлы мемлекет принциптеріне қайшы келетін идеологияның жетегінде жүріп, ата-бабаларымыздың аманат етіп қалдырған ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетімізді, дінімізді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды мойындамуы алаңдататындай-ақ мәселе. Сондықтан да бұл мақалада жастарымызды тәрбиелеуде дін мен дәстүр сабақтастынығының тәрбиелік мәнінің маңыздылығын ашып көрсетуді мақсат тұттық. Яғни, жастардың діни-дүниетанымдық көзқарастарын дұрыс қалыптастыруында Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлерінің бір-біріне қайшы келмейтіндігін, сондай-ақ еліміздің ынтымағын, бірлігін, бейбітшілігін сақтап, ұлттық мәдениетімізді, тілімізді, әдет-ғұрыпымызды жоғалтпай, келешек ұрпаққа жеткізу.
Ия, расында бүгінде «дінді ұстанамын, имандылыққа бет бұрамын» деп, бірақ білместігінен, діни сауатсыздығының төмендігінен түрлі діни ағымдардың ықпалына түсіп, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық құндылықтарымызды мойындамай кетіп жатқан жастарымыз қанша ма?! Бұл қоғам үшін өте қауіпті. Себебі, оның салдары жат идеологияның жетегінде жүріп «Алла жолында өзімді құрбан еттім. Алла жолында жиһад жасадым деп қаншама жастарымыз елінен, жұртынан безіп, тіпті ата-анасына қарсы шығып бір отбасының құлдырауына әкеп соғады. Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тілін, салт-дәстүрін, адамзаттық мәдениетті, адами қасиетті мол, терең түсінетін шығармашыл тұлға етіп тәрбиелеу өмір талабы, қоғам қажеттілігі. «Еліміздің бірлігі мен тұтастығын, ынтымағы мен бейбітшілігін сақтап қалу әр қазақстандықтың ел алдындағы, мемлекет алдындағы борышы. Жастар еліміздің тірегі. Елдің ертеңгі болашағы! Ата-бабаларымыз аманат етіп кеткен салт-дәстүрімізді, тілімізді, мәдениетімізді, дінімізді келер ұрпаққа жеткізетін ол — жастар».
Асылында, біз қарастырып отырған қазақ тіліндегі ғұрып, әдет сөздерінің түп-негізі шариғат терминдері. Мұның өзі халқымыздың шариғатпен сонау ықылым замандардан таныс болғандығын білдіреді. Енді осы сөздердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып анықтамасын айқындап алайық.
Ғұрып. Қазақша «ғұрып» сөзі العرف«әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді.
الْعُرْفُ اصْطِلاَحًا: مَا اسْتَقَرَّتِ النُّفُوسُ عَلَيْهِ بِشَهَادَةِ الْعُقُولِ، وَتَلَقَّتْهُ الطَّبَائِعُ بِالْقُبُولِ
«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер».
«Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» العادةсөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді.
Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдәт» сөзіне басымдық берілген.
«Дәстүр» сөзі де арабша دستور «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бұл, негізінен, бір елдің конституциясы деген мағынада қолданылады. Бұл сөздің осынау терең мағынасын, этимологиялық түп-төркінін зерделеп мынадай ой түюге болады. Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Содан соң ата-баба дәстүрі, салт-дәстүр деген ұғымдар пайда болған. Жоғарыда аталған шариғат терминдерінің тілімізге ежелден еніп, кейіннен ауыспалы мағыналарда қолданылуы осындай пікірге жетелейді.
Бұл жерде айқындап алуға тиісті бір мәселе бар. Әдетте, қазақ тілінде салт-дәстүр, әдет-ғұрып деген сөз тіркестерінің мағынасы бір, негізінен, халық арасында қалыптасқан, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданатын мәдени ерекшеліктер ретінде қарастырылады. Ал шариғаттағы әдет, ғұрып сөздері салт-дәстүрмен бірге адамдар арасында сіңісті болып қалыптасқан әдеттерді, үйреншікті дағдыларды, ұғымдар мен сөздерді де қамтиды. Осы тұрғыдан алғанда мұсылман заңнамасындағы әдет, ғұрып терминдерінің мағыналық аясы кең, жалпылық мәнге ие. Қазіргі араб тілінде халық арасында қалыптасқан салт-дәстүрлер, ұлттық құндылықтар туралы «адат уа тақалид» عادات وتقاليد, «турас шағби» تراث شعبيдеген сөздер де қолданылады.
Адамдар арасында дағдыға айналған шариғат шартына қайшы келмейтін істер шарғи үкімдерді белгілеуде мұсылмандық заңнаманың екінші дәрежедегі қайнар көзі ретінде қарастырылады. Шариғат үкімдері алынатын басты қайнарлар Құран Кәрім мен Пайғамбар (с.а.с.) сүннеті екендігі белгілі. Аталмыш мәндегі ғұрыптар фиқһ ілімінде тармақты үкімдерді белгілеуде заңды дәлел ретінде алынады. Пайғамбар (с.а.с.) мен сахабалары белгілі бір мәселеге үкім шығарғанда кейде халық арасында қалыптасқан ғұрыптарға да сүйенген.
Адамзаттың әр ұлтқа бөлініп, түрлері мен түстерінің, нәсілі мен тегінің һәм тілі мен диалектісінің әркелкі болуы Алла Тағаланың айнымас аяттары. Оларды мойындамау, белден басу, теріске шығару Жаратушының хикметпен жарату заңына қарсы шыққанмен тең. Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.
Тарих беттерін ақтарып отырып басқыншы елдердің бодан жұрттың ұлттық айырым белгілерін, дәстүрлерін ұмыттыруға тырысқандығын көреміз. Сосын оларға өздерінің тілі мен дінін, мәдени құндылықтарын әкеліп тықпалаған. Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған. Өйткені өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтар, қағидаларды аяқ асты еткен кезде иман да жоғалады.
Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды.
Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгі мұраттарды бекітіп, бұрыс ұғымдарды тоқтату үшін келді. Сондықтан мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты безбен шариғат болып саналады.
Халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптар Ислам заңнамасындағы құқықтық нормалардың бастауларының бірі болып саналады.
Әдет-ғұрып – ежелден қалыптасып, қоғамда қолданылып жүрген қағида-ережелер. Бұл жазылмаған, бірақ қоғам мүшелері екі етпей орындауға жататын қағида ережелер жинағы. Ислам діні әдет-ғұрып заңдарын кері итеріп тастамай, оларға исламдық түр-сипат берді. Өз кезегінде бұл әдет-ғұрып заңдары да исламның шариғат заңдарына қарама-қайшылық келтірмей, қайта діни сенімдерді қорғап, оны таза сақтауға жәрдемдесті.
«Дәстүр» сөзі де арабша «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Ал латынша дәстүр сөзі «trаdіtiо» жалғастыру деген мағынаны білдіреді. Яғни, тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы: әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүріс-тұрыс қалыптары мен тәртіптері, үрдістер, жөн-жоралғылар, мейрамдар, рәсімдер және т.б. Дәстүр несімен құнды? Дәстүр шектен шығармайды. Дәстүр тұрақтылықты қалыптастырады. Тұрақты қағидаларға, тұрақты нормаларға сәйкес тұрақты мінездер қалыптасады. Ұлт мінезі қалыптасады. Соның арқасында ұлт әрі қарай өмір сүреді.