Четверг, 6 марта

ТҮРКІСТАН: ДӘСТҮР — ҰЛТ БОЛМЫСЫНЫҢ БАҒДАРШАМЫ

0
9
Дәстүрлі дініміз – ислам төңірегінде әртүрлі алыпқашпа әңгімелер мен ақиқаттан өзге сөздер еріп жүргені жасырын емес. Олар  шындыққа жанаспақ түгілі, илануға келмейтіндей деңгейде. Міне сондай оспадар ойлы, өресі төменділердің әсерінен дініміз қайсы, дәстүріміз қандай деген күмәннің артынан еріп жататын жағдаяттар да кездеседі. Жалпы, қазіргі күні байқасаңыз,  жастар мешітке көп баратын болды. Бұл бір қарағанда қуанышты жағдай әрине. Дегенмен, сол жастардың бәрінің бірдей дінімізге деген көзқарасы дұрыс па әлде жаңсақ басып жүргендері де бар ма? Міне, гәптің бәрі осында. Әсілінде, дін мен дәстүр – түбі бір егіз ұғым.  Мұны біз, әсіресе жастар қауымы қалай ұғынып жүрміз? Бұл екеуі ажырамас, бірі мен бірі біте қайнасқан ұлағатты ұғым. Оның аражігін ажырату үшін үлкен діни білім, ұлттық дәстүрді жете меңгерген қабілет керек. Ең бастысы, дініміз бен дәстүрімізді ұғындыратын, соған жетелейтін насихат құралы қажет. Қазақ халқы қашанда дәстүр-салтымен, әдет-ғұрпымен өмір сүрген халық. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» деп бабаларымыз бекер айтпаса керек-ті. Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық. Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десек те болғандай. Дініміз Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Осынау асыл дінімізді әр саққа жүгіртіп, бұрмаламай өзінің тұнық қайнарынан үйренуге тырысқанымыз жөн. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығармайық. Қарап тұрсаңыз, дін мен дәстүр ағыны ортақ, арнасы бір ұғым. Бір-бірінен ажыратып айтуға келмейтін дүниелер. Алайда, қазіргі таңда сенімге селкеу түсіріп, ғұрпыңның ғұмыры қысқа деп, дәстүріңді далбасалыққа теліп жүргендер де жетерлік. Қазақстан аумағына орныққан Исламның дəстүрлі емес ағымдары сан ғасырлық ата-баба мұрасы мен қазақы салт-дəстүрден жеріп, мұсылмандар арасына жік салуды көздейді. Сонымен қатар, олардың саяси мақсаттары да жетерлік. Елдің, қоғамның тыныштығы деген түсініктер оларды қызықтырмайды. Өйткені көздеген мақсаттары тым арыда жатыр. Ондайлар сол мақсаттарына жету жолында ештеңеден де тайынбайды. Міне сондықтан да бұл мəселеде бізге өте абай болғанымыз абзал деп ойлаймын. Соңғы жылдары күн тәртібінен түспеген қоғамдық мәселелердің бірі – дін мен дәстүр мәселесі. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз дәстүр мен дінді қатар ұстап келгенін жақсы білеміз. Осы ретте, біз зайырлы мемлекет ретінде қоғамнан діннің бөлінуі мүмкін еместігін және дін мен дәстүрдің ажырамас құндылықтар екенін жақсы білуіміз керек. Себебі дін де, дәстүр де – қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуші, олар бір-бірін толықтырып отыратындығын білікті дінтанушылар тарапынан әрдайым айтылып келеді. Тіпті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан да бірнеше жыл бұрын «Дін мен дәстүр» кітабы да жарық көрді. Заманында Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларына: «Дінді өзге халықтарға сіңдіру үшін сол халықтың салт-дәстүріне тиіспеңдер, нұқсан келтірмеңдер, егер шариғатқа қайшы келмесе», – деген еді. Осы сөзді ұстанған сахабалар мен дін таратушылар қазақ даласына келіп, қазақтың салт-дәстүріне, түріктік дүниетанымына негізделген ислам мәдениетін қалыптастырды. Ұлттық иммунитет дегеніміз – халқымыздың ұлттық салт-дәстүрі, өзіндік дүниетанымы. Халқымыз исламның тек сыртқы формасына ғана емес, оның ішкі мәйегіне де жақсы үңіле білген. Қай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптары халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне қарай қалыптасып келеді. Бүгінгі таңдағы басты мәселе халықтың асыл қазынасын жастардың бойына сіңіре білу, рухани байлығынан сусындату, салт-дәстүрін, тілін, діні мен ділін үйрету. Дін адамның рухани қажеттіліктерін өтейді. Адамзат баласын ізгілікке, адамгершілікке бағыттай отырып, оны теріс қылықтардан сақтандырады. Әрдайым Құдайдың бар екенін еске салып отырады. Ал дәстүр – ұлттың қағаз бетіне түспеген заңдары десек те болады. Адамдардың қатынастарын жазбаша заңдарға дейін ғасырлар бойы салт-дәстүр қамтамасыз етіп келген дейді тарихшыларымыз. Осы ретте елімізде әлі күнге дейін халық арасындағы кейбір мәселелер салт-дәстүр арқылы реттеліп келе жатқанына куә болып жүрміз. Дәстүр – қоғамда немесе жекелеген топтарда тарихи дәуірлерде қалыптасқан, ұзақ уақыт аралығында сақталған және ұрпақтан-ұрпаққа берілетін әдет-ғұрыптар, мінез-құлық нормалары. Ақ пен қараны ажырата білген бабаларымыз жақсыны алып, жаманын тастап, уақыт пен ұлттық иммунитет сүзгісінен өткізіп, осы уақытқа дейін ғасырлар бойы саралап ең тиімдісін жастардың бойына сіңіріп, болашаққа мұра етіп отырған. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Бірақ кейбір салттардың шығу тарихы беймәлім және қоғамға аса бір пайдасы жоқ, қала берсе әлеуметтік тұрғыдан қиындау салттар да бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. «Той Құдайдың қазынасы» деп той жасаудан жарысып жатады. Көбіне көп тойлар қарызға барып жасалады. Мұның халыққа керегі бар ма? Дүркіретіп той өткізіп, артынан жоқшылық көріп отырудың не керегі бар? Көрпеңе қарай көсіл демекші, жасау керек боп тұрса шағын ғана етіп жасап, ертеңгі де күнді ойлаған дұрыс емес пе? Ал, енді қазақтың көптеген өнегелік және тәрбиелік мазмұнға ие керемет салт-дәстүрлері бар. Мұндай әдет-ғұрыпты жастарға насихаттау сіз бен біздің міндетіміз. Біз діни тұрғыдан, ал тіл мен этнография мамандары ол салттардың шығу тарихы мен мұрат-мақсатын жіті түсіндіру керек. Әйтпесе, ауылдан алыс өскен немесе қазақи ортадан оқшауланып өскен жастар түсінбегендіктен әдет-ғұрыпқа шекесімен қарауы мүмкін.
  • Дәстүрдің қоғамдағы миссиясы қандай?
«Келіңдер, Алла тыйым салған нәрселерді оқып берейін, – де, Аллаға ешнәрсені теңдестірмеңдер, ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар. Кедейлікті күйттеп, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларға да, сендерге де ризық береміз. Ашық түрде болсын, жасырын болсын – жаман қылыққа жуымаңдар. Аллаһтың әміріне қиянат жасап, нақақ адам өлтірмеңдер…» Әнғам сүресі 151; «Зинаға жуымаңдар, себебі ол – анық азғындық, өте жаман жол» Исра сүресі; «Көздерің жетпеген нәрсені (біреудің кемшіліктерін) тіміскілемеңдер» Исра сүресі;  «Кеуде керіп өркөкірекке салынба»; «Аллаһ зинаға, жаман әрекеттерге, азғындыққа тыйым салады», – деген Алланың мұсылман қауымына бұйрықтары көп. Осылайша Алла Расулы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құранның басшылығымен қоғамда түсінбеушілік тудыратын іс-әрекеттерді жойып, бәрі бір-бірімен тең, әрі бауыр саналатын, ауқаттылары кедейлерін қамқорлығына алып, жәрдемдесетін, бір-бірінің ақысын жемейтін қоғам құрды. Бұл қоғамның негізгі мақсаты – салиқалы, игілікті, ізгі амалдар жасап, әділеттілікті орнату және жамандықты жою. Қазақтың шоқ жұлдызы Ш. Уәлиханов этнограф ғалымымыздың дәстүрдің, ата сөзінің маңыздылығы туралы  айтқан сөзі қазақ қоғамындағы маңыздылығы мен миссиясын көрсетеді: Қазақтың кең даласында бір түрмесі болмаған қоғамда жұртбұзар адамы мен жастарын ақсақалдар мен билердің бір сөзімен тиып, жөндеп отырған. Ұлттық сана дегеніміздің өзі де әр адамның жеке азаматтық санасы сияқты, әр ұлттың өз тіршілігін өзі бағдарлауы, өзінің барар жерін, шығар биігін өзі белгілеуі, өзінің алдына өзі мақсат қоя білуі деп түсінеміз. Осыған орай Қазақтың көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбаев айтқандай, «дәстүр-әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу есуастық. Бірақ оның бәрін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұстануға тырысу – өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар». Ендеше оның бойындағы қазір қол байлау болатындай қасиеттерді жағдайға ыңғайлап жетілдіріп, ал бұрын жасампаздығын жағдай болмағандықтан таныта алмай келген жақсы қасиеті мен тәрбиелік мәні бар дәстүрімізді қайтадан жаңғыртып, жарқыратып аша түсуді қолға алған жөн деген ойдамыз.  Дәстүрдің озығы мен тозығы деген осы шығар, бәлкім, тозығы дегеніміз жойылуы емес, қайта жаңғырып қолдануы шығар..?! Сеніміне селкеу түсіп, сергелдең тірліктің құлдарына айналған олардың барлығы да Алланы да, адамды да мойындамай, өз әлемдерінің падишаһтары болып отыр. Түсініктері бөлек, пайым-пікірлері мүлдем басқа. Бұнымен қоймай жастардың да санасын улап, әр жерден төбе көрсетуді де әдетке айналдырып алған. Заңға қайшы әрекеттерінен зардап шегушілер де кездеседі. Бұларды тура жолға салу, ойын өзгерту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Алайда бірі қайтса, екіншілері өз бағытынан таймай, теріс сапарын жалғастыруды доғарар емес. Бұның тамырына балта шаппаса, ертең кеш болары сөзсіз. Сондықтан да әр отбасы шаңырағында салт-дәстүр мен діннің, ұлттық құндылықтардың алатын орны жайлы көбірек айтылса нұр үстіне нұр болар еді. Ұят боладыға ұрындырмай, обал болады дегенге ойлана қарататын,

Leave a reply