Четверг, 19 сентября

ТҮРКІСТАН: «ЖАҚСЫ ДӘСТҮР УАҚЫТТЫ ЖАТСЫНБАЙДЫ»

0
18

Құрметті Түркістан қаласының тұрғындары, кезекті салт – дәстүр тақырыбындағы мақаланы назарларыңызға ұсынамын. Қазақтың діннен кейінгі күшті құралы – әдет — ғұрпы, салт — дәстүрі бар. Салт — дәстүр халықтық тәрбиеге негізделеді. Халықтық тәрбие — тарихи категория. Дәстүрсіз халық болмайды. Жақсы дәстүр уақытты жатсынбайды, уақыт талабы, даму диалектикасына орай дамиды, өзгеріске де бой береді, ғасырлар бойы ұрпақтан — ұрпаққа жалғасып отырады. Уақыт төзінен өтіп, тұрмыс сынына төтеп берген ата — салты, ұлттық дәстүріміз өміршең келеді. Ертедегі ұлттық тарихқа үңілсек, «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген ертеден келе жатқан сөз. Кейбір дәстүрлеріміз бұрын болған, бірақ қазіргі заманға сәйкес келмейді, соны тозығы бар дейді. Өмір өзі түлеп, жаңарып отырады. Жаңару өзгерудің арқасында жаңа салт — дәстүрлер, жаңа ғұрыптар өмірге енеді. Бұл — өмір заңдылығы.
Қазақ халқының салт — дәстүрлері көп, ұмытылғаны да аз емес. Ұлт ретінде жақсы салт -дәстүрімізді, наным — танымымызды жете білмейміз. Бір сәлемді алыңыз — шаңыраққа сәлем, үлкенге сәлем, жаңа туған айға сәлем, жақыныңа-танысыңа сәлем айту, төс түйістіру, жыл мезгілдеріне байланысты сәлемдер. Сәлем — бұл дәстүріміздің ең көнермеген түрі болып табылады.
Халқымыздың сан ғасырлар бойы жинақтаған және соншама уақыт жас ұрпақтың құлағына қорғасындай құйып, санасына сәуле төгіп келе жатқан асыл қазыналарының бірі – баталар. Баталар өзінің болмысы, құрылымы жағынан сан қырлы болып келеді. Бата немесе ақ тілектер барша елдің бәрінде де бар. Алайда дәл қазақтардікіндей поэтикалық, философиялық тұғырға көтерілгені кемде кем.
Бүгінгі көзі қарақты заман, оқымысты қоғам батаның не екенін бек жақсы біледі. Өйткені, сол батаны өз игілігіне жаратып отыр.
Бата негізінен алғанда халықтық құбылыс. Батаны кейде аузы дуалы, білікті жандар, от ауызды, орақ тілді ақындар, тіпті сөзге шешен, бордай егіліп, судай төгілген ділмарлар да шығара берді.
Назарларыңызға заңгер, әрі ақын, қаламгер Оразхан Анарбайұлының қаламынан туған бірнеше батаны ұсынып отырмыз.
Дастарқан батасы
Е, жаратушы жасаған,
Ел көгерсін батадан.
Салтым осы әрқашан,
Қалған сонау атадан.
Беделің өссін биіктеп,
Биік болсын баршадан.
Рахмет айтып ел саған,
Алғыстарын арқалан.
Тойың тойға ұлассын.
Басыңа жаңа бақ қонып,
Бағаң артсын әрқашан.
Қораң толып малдарға,
Таси берсін дәулетің.
Жанұяң толып жандарға,
Өсе берсін әулетің.
Тіршілігің бастаған,
Жаңара берсін жаңадан.
Көп тілегі қабыл боп,
Арманыңа жет аңсаған.
Әумин!

Жастарға бата
Талабың таудай болып,
Биіктен биікке самғағын.
Ақылыңа ақыл қосылып,
Шыңдала берсін талғамың.
Қошеметке кенеліп,
Гүлге толсын жан-жағың.
Өмірлікке серік бол,
Жаныңда болсын жан жарың.
Айтылған тілек қабыл боп,
Құлағына жетсін Алланың.
Басыңа бақ қонсын,
Орындалсын арманың.
Жас шағыңда ойнай біл,
Кәрігенде тойлай біл,
Күліп, ойнап тірлікте,
Жазғы күндей жайнай біл.
Жоғалғаның табылар,
Жаралы жүрек жазылар.
Өткен күніңе өкінбе,
Туар күнің тағы бар.
Дастарқаның жайнасын,
Уайым-қайғы болмасын.
Той-думанға жиылып,
Дос-жараның ойнасын!
Ұқыпты бол,
Сүйкімді, айбынды бол.
Қиналғанға,
Тарыққанға қайырымды бол.
Бетбақтырмас,
Көкезу, түлей болма,
Ақылды тыңда,
Өзгеге қайырлы бол.
Біле жүріңіздер. Ала жіппен, қойдың ішегімен, кейде көк шөппен қаз-қаз тұра бастаған баланың аяғын тұсап, байлап кеседі. Біз мұны «тұсаукесер» салты деп атаймыз. Осының мәнісін сіздермен бөлесе кетейін. Кез — келген әдет — ғұрып, салт — дәстүр сол халықтың дүниетанымынан келіп шығады. Дүниетанымға байланысты әдет — ғұрып қалыптасады да, өмір сүру салтына айналады, яғни, халқымыздың ежелгі салт — дәстүрі арқылы біз оның дүниетанымын біле аламыз. Тұсау кескенде оны қайшылауға болмайды. Тек пышақпен кесу керек. Ала жіптің де, көк шөптің де, тоқ ішектің де өзіндік мәні бар. Қазақта «ала жіпті аттама» деген тәмсіл бар, «ешкімге қиянат, зәбір жасама, өмір бойы таза жүр» деген мағынада айтылатын сөз. Тұсау кесіп болған соң, ала арқанды қораның айналасына керіп қоятын көне дәстүр болған. Бұл да — көне түсінік. Ала арқанды керіп қойсақ, ит-құс, бөрілер қораға шаппайды деп түсінген.
Салт — дәстүр жер бесіктен, тал бесікке дейінгі адам өмірін қамтиды. Осы аралықта қаншама әдет — ғұрып, ырымдар бар. Оның бәрін қағазға түсіру мүмкін емес. Қай халық болса да өз тарихын, дәстүр — салтын қастерлейді. Қазақтың салт — дәстүр, ғұрыптарына қайта оралудың рөлі туралы «Әр халықтың өңіріндегі терең имандылық пен рухани негіздерге -дәстүрлерге назар аудару керек. Оның халық өміріндегі рөлі еш даусыз. Мәдени дәстүр қашанда әлеуметтік қайта түлеудің қайнар көзі болып келеді. Өзінің тарихи — мәдени тамырларына қайта оралу — бұл, әрине оң процесс» деп жазған болатын. Халықтық салт-дәстүрлер ұрпақты тектілікке, кісілікке, парасаттылыққа тәрбиелейді. Ұлттық дәстүрдің жаманы болмайды, тозығы болады, тозығы қолданыстан шығып, озығына орын беріп отырады. Дәстүрдің жоғалтқан жақсысын түгендеп, бүгінгі заман талабына сай дамытып, жетілдіре түсу қажет деп ойлаймын. Бұған барша оқырман қауыммен бірігіп атсалысып, ұлттық құндылығымызды әрдайым дәріптеп жүрсек, нұр үстіне нұр болады емес пе?!
Ұлттық бірегейлікті сақтап, мәдениетті дамытуда салт-дәстүрдің маңызы зор. Рухани құндылығымызға айналған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табуы, ұлт дамуының негізі екенін айтады.Түрлі мәдениеттоғысқан жаһандану кезеңінде ұлттық рух пен қасиетті сақтайтын салт-дәстүр мен әдет-ғұрып басты қызмет атқарады.
Әр ұлттың өзіндік болмысымен, тарихымен үндескен ұлттық құндылықтары сақталған. Ал қазақ халқы салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа бай халық. Әр заманның өзіне тән салты мен дәстүрі қалыптасқан. Біз ата-бабаның домбырасының үнімен, әсем әуендерімен, жыр дастандарымен жеткізген рухани мұраға бай халықпыз.
Қазақ халқының әрбір салты мен дәстүрінің тәрбиелік мәні тереңде. Ұрпаққа адамгершілікті дәріптеу, ақыл мен білімге шақыру үлкенді сыйлау сияқты насихатымен құнды. Нәресте болып өмірге келгеннен бастап қарттық шағына дейінгі аралықта орындалатын салт – жоралары жеткілікті. Мұның бәрі адам өміріне бей – жай қарамағандығыныңкөрінісі.
В.И.Белинскиий «Әдет-ғұрып замандар бойы сыннан өтеді. Өз дәуірінде ардақталып,ата-бабадан әулетке мұра болып ауысып,рудан-руға, ұрпақтан- ұрпаққа жетеді. Олар халықтың сыртқы бейнесі болып табылады. Онсыз халық бет-әлпетсіз бейне, болымсыз тас-мүсін тәрізді» деп салт-дәстүрдің ғұмырлы екенін көрсетеді.
Қазақта ең жақсы сақталып қанға сіңді қасиетке айналған дәстүрдің бірі – жеті атаны білу. Оның ішінде, жеті атаға жетпей қыз алыспау. Қазақ «жеті атасын білмеген жетесіз» деп бұл дәстүрдің маңыздылығын айшықтап берген. Жеті атаға толмай қыз алыспау ертеден келе жатқан құқықтықереже. Бұл дәстүр – ұрпақ саулығын, қан тазалығын, тектілікті сақтаудың ең ұлы жолы. Келер ұрпақтың қан тазалығы мен денінің саулығын сақтау мақсатында жеті атаға дейін қан араластырмау заңы – ата бабамыз қалыптастырған институты болды. Тәуке ханның жеті жарғысында некелік қатынастар туралы бабында шарт етілген. Бұл дәстүр физиологиялық және психологиялық ауру тудыратын ген бұзылуының алдын алуы болып табылды.
Заманның ағымына қарай дәстүрдің озығының қолданыста қалып, тозығы жеткеннің ұмытылары даусыз. Соның айқын көрінісі ретінде бүгінде кей саот-дәстүрлер ұмыт болып, немесе өзгеріске ұшырағандары жетерлік. Алайда қазақ ұлтының өміршеңдігін көрсететін мына салт-дәстүрлер кәу бола алады. Себебі, төменде аталған жөн-жоралғылар ата-бабадан бүгінгі ұрпаққа аманат болып жеткендегінің бір дәлелі.
Уақыт сынынан өткен салт-дәстүрлеріміз қаншама. Салт — дәстүрлердің тозығын ығыстырып, озығын дәріптеу, санаға сіңіру қазақы қалпымызға оралу шарты. Бұрыс заңнан дұрыс дәстүр артық деген бар.
Қорыта келгенде дәстүрдің тамыры тереңде. Тамырынан айырылса не де болса құлап түседі. «Дәстүр бұзылған жерде халықтың халықтығы бұзылады» демей ме, дана халқым. Дәстүр — ата-бабамыздың бізге қалдырған ұлттық байлығы мен асыл мұрасын жоғалтпай, қадірлеп-қастерлей білейік!

Leave a reply