Среда, 5 марта

ТҮРКІСТАН: ЖАҢА СИПАТ АЛҒАН САЛТТАРДЫ БІЛЕСІЗ БЕ?

0
7

Бүгінгі ақпараттық-танымдық мақаламызда Түркістан облысының тұрғындарына жаңа сипат алған, тозығы жеткен дәстүрлердің жаңғыруы хақында болмақ. Ендеше, жаңа мазмұнға ие болған ғұрыптармен таныс болайық.

Көпшік қыстырар (Күйеуді алып келу үшін барған жеңгей күйеудің атына мініп, ат көрпенің астынан көпшік қыстырарын алады. Бұл кем айтқанда көйлектік пұлдан аз болмауға тиіс).

Киім ілу (Құда-құдағилар келісімен алды ала дайындалған адам (көбінесе әйел) олардың киімдерін іліп, кетерде киіндіреді. Осыған байланысты киім иелері зат не ақша береді).

Табалдырық кәдесі (Құда-құдағилар құданың үйіне кірерде бір әйел олардың жолын бөгеп, қашан кәдесін алғанша көлденең тұрып алады. Мұны «табалдырық аттар» деп атайды, яки қазақтың «Табалдырықтан биік тау жоқ» дегені осындайдан қалыптасуы әбден мүмкін). Қазіргі кезеңде осы салт дәстүрлердің кейбірін Қазақстанның оңтүстігінде қолданады екен. Біздің аймағымызда да қолданып жатқандары бар. Бір өкініштісі бұл салтты дәстүрді бағалау, екі жастың ата-аналары, туыстары арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында емес, табыс, пайда көзіне айналдыру, ниеттерінің бұзылып, құда жағынан көбірек ақша алып қалайық деген жаман ниетте болуы, әрине, қыжылтарлық жағдай. «Кәде» деген сөздің өзі жеңгеге, не туыстарына сый беру мағынасында емес, кім-кімге көбірек ақша береді, берді деген өз арасындағы дауға айналып кетіп жататыны да бар. Бұл дәстүрді бұрмалау емей немене?

Суға тоғыту (Құйрық-бауыр асатылғаннан кейін ауылдағылардың біреуі: «Үйбай-ау, мына құдалардың үсті-басына не болған? Осы ауылдың құдағи, құдашалары қайда? Құдаларды дереу шомылдырып, ұстін тазаламайсыңдар ма?» дейді. Осыдан кейін құдаларды бөгенге (суға) құлату басталады. Мұндайда құдалар жағы өздерін құлатуға келгендерді суға ала түсуге қақылы. Қарулылары сұлу құдағи не құдашаны бірге ала

түседі. Бұл көбінесе жазда, өзен-көлді жерде қолайлы. Құдалар суға тоғытылып болған соң ертеңінде киіт беріледі. «Өткенде артық ауыз айтылған сөз болса шомылған сумен тазарды, мына киіттей таза болып, қатынасымыз жаңадан басталсын» дегені бұл).

Киім тігу(Қазақ салтын сақтаған құда-құдағилар келген түні мүлдем ұйықтамауға тиіс. Егер ұйықтап қалса құдалардың бірі киімін тігіп тастап, айып төлеттіреді. Сол үшін ішіп-жеуге де, ұйқыға да, өлең айтысуға да шыдаулары керек. Көңілі дариядай, дастарханы мол қазаққа мұндайда іркілу, есеп деген болған емес).

Босаға аттар (Құйрық-бауыр асатудан кейін күйеу үлкен үйге шақыртылады. Мұны «босаға аттар» дейді. Күйеу баланы ата-енесі алдына шақырып, маңдайынан сүйеді, бірақ олар көп отырмай бұрынғы үйлеріне қайту керек. Осыдан кейін күйеу балаға арнайы мал сойылып, оның асықты жілік, төсі тартылады).

Неке оқу (Қыз бен жігіттің ең биік асуы осы. Бұдан бұрын олар бірге болып койса -күнә. Қазақта некені молда оқиды және неке оқылған сәтте үйге адам сыйғанынша жиналады. Бұлар жас жұбайлардың қосылғандарына куә, сондықтан олар неке суынан ауыз тиюге тиіс. Неке суы үлкен кесеге құйылады да, оған тұз, қант, сақина салынады. Су — екеуінің пәктігіне, тұз — егер біреуі келешекте опасыздық етіп некені бұзса, дәм атадыға, қант — екеуінің тату-тәтті өмір сүруіне ырымдап, сақина неке ескерткіші ретінде салынады. Неке қиылған соң қыз бен жігіттің жеңгелері құран ұстап, бір жалпақ нан, ақ жайма алып, үйге кіреді де, жас жұбайларға төсек салып береді. Ертеңінде екі жеңге келіп күйеу жігіттен «көңілің толды ма» деп сұрайды. Ақ жайманы қарап, егер қыз абыройлы болса, қыз үйіне қуанышты хабар айтып, сүйінші алады. Алда-жалда керісінше болып шықса, әлгі жалпақ нанның ортасын тесіп апарады).

Қыз қашар — түндік жабар (Жеңгесі қыз бен жігітке төсек салып, шымылдық құрып, түндік жабады да, қараңғыда жеңге, қалыңдық, күйеу бала үшеуі қалады. Содан соң жеңге алдымен «қол ұстатар» кәдесін бастап қызыдың білегінен жігітке ұстатады. Өзі ыстық, өзі жұмсақ білекке

алақаны қарылған күйеу баланың алдында «шаш сипатар» ырымы тұрады. Сонан соң жеңге екеуін шешіндіріп, «қол ұстатарға» да, «шаш сипатарға» да кәдесін алып, екеуінің үстіне көрпе жабады, түндік жауып, есікті бекітеді).

Сәукеле кигізу (Сәукеле кигізерде отаудағы құда-құдағилар шақырылады, олар көрімдік айтады. Одан соң қыздың шешесі баласының бас жақтағы үкілі тақиясының орнына сәукеле кигізіп, енесінен байғазы алады. Сәукеле — келіншектің бас киімі. Сол күні құдалар үлкен үйге кеткенше оны киіп отыруға тиіс).

Босағаға ілу (Той тараған соң, бір түннен кейін келін өз еліне аттанады. Бұл күні күйеу жұрттың ең соңынан аттанып, қайын жұрт үйінің босағасына бір шапан іліп кетеді. Бұл ілудің мәні — күйеу баланың «осы үйдің босағасынан қол үзбеймін. Мен де осы үйдің баласымын» деген ишараты).

Сарын сыңсу (Қыз ата-анасы, бауыр, аға-жеңгесі, ел-жұртымен қоштасуды өлеңмен, жылап тұрып айтады. Жеңгелер де сыңсуға сыңсу қосады. Бұл өлеңдер өз теңіне бара алмай кеткен қыздарға көбірек айтылады. Аужар – көбінесе кетіп бара жатқан қызды жақсы көретін жігіттер, күйеуді жақтырмаған қайын сіңілісіне жаны ашыған жеңгелер айтатын сыңсу).

Ақсарбас атау. Қауіп-қатерге ұшырағанында «А, Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл аймағын шақырып құдайы берген. Ақсарбасқа шалынатын малдар: бозқасқа (қой), көкқасқа (жылқы), қызыл-қасқа (сиыр). Адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, соны құдайыға союға тиіс.

Асату. Бұл дәстүр Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» деген кітабында толық баяндалған. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоғая бастағанында, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас

балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретін-ді.

Ат тұлдау. Ер адам қайтыс болғанында мініп жүрген атының жал-құйрығын күзеп, оны бос жібереді де, өлген адамның жылында сол атты әкеліп сояды.

Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхатр Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.

Аяғына жығылу. Кешірім сұраудың ең үлкен, кішіреюдің ең ауыр түрі – осы ғұрып. Оны орындағанда айыпты адам жанына абыройлы, қадірлі кісілерді ертіп алып, тисті адамның үйіне рұқсат сұрап кіріп, кешірім сұрайды. Айыбы үлкен болса, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғына жығылып, оны құшақтаған қалпы жылап, кешірім сұрап, жалынған. «Аяғына жығылу» — әрі ғұрып, әрі жазаның бір түрі.

Байғазы беру. Үлкеннің кішіге, яғни балаға беретін сыйы. Жас ұл-қыз, бойжеткен, бозбала жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда аға, апа, ата-әжесінен, туған-туыстарынан оған байғазы сұрайды. Олар байғазыға ақша, мал, мүлік, әйтеуір бір зат беріп, құтты болсын айтады.

Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрғанында немесе біреу жаңа үй алғанында жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.

Ерулік беру. Ауылға басқа жақтан бір үй көшіп келсе, бауырларының бірі туған-туыстарына жапсарлас келіп қонса, көрші-қолаң немесе жақындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіреді, табақ тартып, қонақасы береді.

Осылайша қазақтар танысын, танымасын бір-бірін бөтенсімей, өз ортасына тарта білген.

Қазіргі таңда бұл әдет-ғұрыптар елеусіз қалды.

Келесі кезекте қайта жаңғыртуды қажет ететін салт-дәстүрлер. Кеңес Одағы кезінде біз өз салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды жоғалтып ала жаздадық. Соның салдарынан көптеген дәстүрлеріміз көмескіленіп, қазіргі күнге жетпей, жоғалып кетті. Солардың бірі- баланы бесікке салу. Мына дамыған заманда бесік өз құндылығын жоғалтуда. Әрине, ата салтын ұстанып, баласын бесікке бөлеп, бесік жырымен тербетіп отыратын адамдар да жоқ емес. Бірақ, олардың қатары аз. Қазірде көбі бесікті ескіліктің көрінісі деп біледі.

Leave a reply