ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДАҒЫ МЕКТЕП ЕЛІМІЗДЕГІ 100 ҮЗДІК МЕКТЕПТІҢ ҚАТАРЫНА ЕНДІ

2024-2025 оқу жылында 33 884 оқушы 11-сыныпты тәмамдады. Оның 2313-і – «Алтын белгіге» үміткерлер, 2400 оқушы жалпы орта білім беру туралы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Ал ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 27 386 оқушы өтінім білдірген. Бұл туралы Түркістан облысы тұрғындарының назарына мәлімет ұсынамыз.
Ал Түркістан қаласында биыл 55 252 оқушы білім алып, 3069 оқушы 11-сыныпты аяқтап, мектеппен қоштасты. Олардың ішінде 244 түлек – «Үздік аттестатқа», 183 түлек «Алтын белгіге» үміткер. 44 мектептен 2799 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Түркістан облысында 34 мыңға жуық түлек мектеп бітірді. 2026-2028 жылдар аралығында Түркістан облысында 16100 орынды 53 мектеп салу жоспарлануда. Облыста биыл 100-ден мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес оқу жылы 34 аптаға жалғасты. Бүгін барлық 1-11 сынып оқушылары үшін «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізілді. Бұл оқушылардың жыл бойы алған білімін қорытындылап, отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған.
Аяқталғалы отырған оқу жылы облыс үшін жемісті жыл болды. 2024-2025 оқу жылындағы қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану бағыттағы республикалық олимпиадаға қатысушы-командалардың сапалық рейтингі бойынша Түркістан облысы үздік үштікте. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың білім саласындағы 20 өлшемшарттан тұратын рейтинг көрсеткішінің нәтижесінде республика бойынша «Үздік 100 мектептің» қатарына Түркістан өңірінен 5 білім ордасы енді. Шара соңында мектептің үздік оқушылары арнайы марапатталып, өнерлі оқушылары патриоттық әндер орындалып, мың бұралған бишілер көременнің ыстық ықылысына бөледі.
Түркістан облысы, Жетісай ауданының мектептерінде де соңғы қоңырау соғылды. Салтанатты шараға орай Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш пен ел азаматтары, ата-аналар Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясында болып, түлектерді құттықтады. Мектеп директорына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың «Үздік мектеп – 2025» номинациясын табыс етті.
Бүгінде аталмыш білім ұясында білім алған 2200 оқушының 69-ы –бітіруші түлектер, 182-сі негізгі орта білімді тәмамдағандар. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы тұрған 26 түлек «Алтын белгі», 10 түлек «Үздік аттестат» үміткерлері. Ал 9 сыныпты бітірушілердің 43-і үздіктер қатарынан көрінуге ниетті. 2004 — 2024 жылдар аралығында мектеп-гимназияны 1403 оқушы бітіріп, 100 пайыз ҰБТ сынағына қатысқан. Олардың 485-і «Алтын белгі», 258-і «Үздік аттестат» иегері атанды. 869 оқушы 100 балдан жоғары жинаса, 1067-сі мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орындарына түскен.
Мың орындық бұл мектепте 88 сынып комплектісі бар. Оқушылардың теориялық білімдері мен тәжірибелерін ұштастыра білулері үшін арнайы физика, химия, биология, информатика, ағылшын тілі кабинеттері мультимедиялық құрылғылармен жабдықталып, мектепте кітапхана, спортзал мен асхана қарастырылған.
Ал Төлебиде 100-ден аса оқушы «алтын белгіге» үміткер. Түркістан облысындағы барлық білім ошақтарында «Соңғы қоңырау» соғылды. Облыста биылғы оқу жылын 34 мыңға жуық оқушы тәмамдады. Төлеби ауданы бойынша 28176 оқушы болса, олардың 1612-сі мектеп бітіруші түлектер. Соның ішінде 103 оқушы – «Алтын белгі», ал 113 оқушы – «Үздік аттестатқа» үміткер.
Сонымен қатар Түркістан облысындағы білім ордаларында күрделі жөндеу жұмыстарының алғашқы кезеңі басталды. Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында республика көлемінде 1 300 мектепті жаңғыртудан өткізу тапсырмасы берілген болатын. Осы тапсырма аясында өңірде 115 мектеп реновация жобасына енгізілді. Бұл бастаманы Түркістан облысы әкімі бақылауға алып, қайта жаңғырудан өтетін мектеп тізімі жасақталды.
Оқу процессі аяқталысымен, реновациядан өтетін мектептерде дайындық және демонтаж жұмыстары басталды. Қазіргі таңда Отырар, Төлеби, Шардара, Сауран, Қазығұрт, Бәйдібек, Ордабасы аудандары, Түркістан қаласындағы мектептерде сынып бөлмелерін босатып, заттарды қоймаға жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Күрделі жөндеу жүргізілетін білім ошақтары білім басқармасы ұсынылған заманауи стандарттарға сай дизайнды қолданады.
Реновациялық жұмыстар кезең-кезеңімен 2025 жылдан бастап 2027 жылға дейін жүргізіледі. Биыл 41 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, келер жылы – 38 мектеп, 2027 жылы – 36 білім ордасы қайта жаңғырудан өтеді. Жаңғырту жұмыстарына іліккен білім ошақтарының басым бөлігі — ауылдық жерлердегі, 30-40 жылдан астам уақыт бұрын салынған мектептер. Бұл бастама ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты азайтып, білім алуға тең жағдай жасауға бағытталған. Жөндеу жұмыстары білім сапасын арттыруға, оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.