ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

0
50

Бүгінде тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік мекеме айналысуда. Облыс тұрғындарын балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4-еуі үйіргелік аулада ашылды.

Бұл бағытта облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын дамыту бойынша жұмысты ширатып, экспорттық әлеуетті көтеруге басымдық беруді тапсырған болатын. Осы ретте Түркістан облысы Жетісай ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мақталы ауылдық округіне қарасты Шолпанқұдық деп аталатын шағын ғана ауылда орналасқан «Димаш» шаруа қожалығының төрағасы Сүндет Аблаев жеке қаржысы есебінен 20 млн. теңге инвестиция салып, дөңмаңдай, амур, сазан сынды балық түрлерінің 1 млн. 300 мың дана шабағын алып келген. Бүгінде ұзындығы 250 метр, ені 180 метрден 3 су бассейнінде өндіріп, өсіріріліп жатқан балықтардың орташа салмағы 1,5 келі. Балықтарға қажетті жемді Польша елінен алдырады екен. Шекара асып келетін жемнің құрамында балықты түрлі ауру-сырқаудан сақтайтын және өсіп-жетілуіне қажетті барлық минералдар бар дейді мамандар. Сонымен қатар су бассейндерінде үйректердің де бірнеше түрі өсірілуде.

Бүгінде жасанды балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұрған Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Бұдан бөлек 4 халықаралық маңызы бар, 4 республикалық маңызы бар кәсіпшілік мақсаттағы учаскелер бекітілген.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өтіп, оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырған болатын. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындарды субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізіп келеді. Нәтижесі де көңіл қуантарлық, — дейді шаруа қожалық жұмысымен арнайы келіп танысқан Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.

Айта кетейік, мемлекеттік қолдаудан қалыс қалмаған өңірдің балық тауарын өндірушілері өнімдерін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспорттап, табыстарын арттырып келеді.

Leave a reply