ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Бүгінде жаңа оқу жылының басталу қарсаңында Түркістан облысына қарасты барлық аудан, қалалар республикалық акция аясында жәрмеңке ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Осы тұста Жетісай ауданында «Мектепке жол» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Аталған акцияда кәсіпкерлер аз қамтылған және көпбалалы отбасыда өсіп жатқан балаларға мектепке қажетті жабдықтарды төмен бағада ұсынды.
Жетісай ауданы әкімдігі мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен акция барысында мектеп оқушыларына сабаққа қажетті оқу құралдары, кітап-дәптерлері мен қалам-сөмкелері, мектеп формалары нарықтағы бағадан арзан бағада сатылды. Акцияға мыңнан астам ата-аналар қатысып, жалпы саны 50-ге жуық кәсіпкер мен өндірушілер және сатушылар тарапынан кеңсе тауарлары мен мектепке қажетті заттар 105-20 пайыз төмен бағада сатылды.
-Акцияның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы отбасы балаларына мүмкіндігінше көмек көрсету. Жақсылық жасауға кәсіпкерлерді жұмылдыру, – деді аудан әкімі Серік Мамытов.
Жетісай қаласындағы Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ауласында өткен акция барысында аудандық білім бөлімі кәсіподағы мен жергілікті жомарт жандардың демеушілігімен 120 балаға мектеп формасы мен қажетті құрал-жабдықтары тегін үлестірілді. Одан бөлек, «AMANAT» партиясынан аудандық мәслихатқа сайланған депутаттар «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы аясында 90 бүлдіршінге демеушілік жасаса, тағы 150-ге тарта баланы қуантуды жоспарлап отыр.