Суббота, 14 июня

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА СПОРТ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ: БІР ЖЫЛДА 373 МЕДАЛЬ ИЕЛЕНГЕН

0
16

Жетісай ауданының жас спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Бүгінде жұмысын бастағанына көп болмаса да биік белестерді бағындырып, бұқаралық спортты дамытуда өзіндік үлесін қосып келе жатқан Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Жетісай спорт клубы» мекемесі тағы бір оқу жылын табысты тәмамдады. Ашылғалы бері жастар мен ерексектер арасында спорттың бірнеше түрінен лигалар ұйымдастырып, қала, кент, ауылдық округтерден спорттық үйірмелерді ашты.

Ауыл балаларын спортқа бейімдеу мақсатында жергілікті жерлерден спорт нұсқаушыларын жұмыспен қамтыды. Мысалы, №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері еркін күрестен бірнеше республикалық жарыстардың жеңімпазы атанды. Үстел теннисінен халықаралық, республикалық, облыстық чемпионаттардың жеңімпаздары бар. Грэпплинг күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері және Азия чемпионы атанған жас спортшылар да бар. Бұл жетістіктер ауданның спорт саласының дамып келе жатқанын көрсетеді. Аудандағы спорт инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Мысалы, Асықата кентінде заманауи стандарттарға сай спорт кешенінің құрылысы басталды. Спорт кешені үстел теннисі, күрес, бокс және тренажер залдарымен жабдықталады. Кешен бір мезетте 200-ге жуық адамды қабылдай алады. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі.

Ондағы мақсат – жастар мен жасөспірімдер арасында орын алуы ықтимал қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу, бос уақыттарын тиімді пайдалануларына жағдай жасау, дағдыландыру арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, достық қарым-қатынасты нығайту, бұқаралық спортты дамыта отырып дені сау ұрпақ тәрбиелеу, болашақ ел чемпиондарын дайындау болып табылады.

Бүгінде 29 жаттықтырушысы мен 13 нұсқаушысы бар клубта бокс, баскетбол, волейбол, еркін күрес, үстел теннисі, футбол, шахмат және таэквондо сынды спорт түрлерінен ашылған 71 топта мыңға тарта жасөспірім тұрақты түрде шұғылдануда. Өткен оқу жылында клуб тарапынан қалалық және ауылдық жерлерде түрлі деңгейлердегі 71 спорттық жарыстар өткізіліп, 4500-ға жуық адам қамтылған. Клуб қызметкерлері жас ұрпақтың жүрегіне Отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, өскелең ұрпақты спортты сүюге, оны серік етуге баулу арқылы салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, олардың бойында еңбекқорлық, төзімділік, әділдік сияқты жоғары қасиеттерді де қалыптастыруға күш салып келеді. Жаттықтырушылардың тынымсыз жұмыстарының нәтижесінде 1 жылда 101 жасөспірім спортшы бокс, таэквондо, волейбол, үстел теннисі мен футбол сынды спорт түрлерінен түрлі спорттық санаттарды алса, бокс пен еркін күрестен, футбол мен волейболдан 6 жаттықтырушымызға І және ІІ-дәрежелі жаттықтырушылық санаттарды иеленген. Одан бөлек, 4 ҚР спорт шебері және 12 спорт шеберлігіне үміткер жаттықтырушылары бар клуб мүшелері 2024-2025 оқу жылында Халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда жекелей және командалық есепте 126 алтын, 94 күміс пен 153 қола медальдарды иеленген.

«Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтардың нәтижесінде бүгінде аудандағы қала, кент, барлық ауылдық округтерде спорттық үйірмелер ашып, тиісті жұмыстар жүргізіп келеміз. Жылдан-жылға түрлі деңгейдегі жарыстарда жеткен жетістіктеріміз де еселеніп келеді. Біз осы жетістіктерімізбен тоқтап қалмай жұмысты жандандыра түсетін боламыз» дейді «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев.

Түркістан облысында спорт саласын дамытуға көңіл бөлініп келеді. Соның бірі – Жетісай ауданы. Осы орайда аудан басшысы Серік Мамытов Жетісай қаласындағы бокс, еркін күрес, үстел теннисі және қазақ күресі секілді спорттың 4 түрінен 200-ден астам жасөспірім шұғылданатын «Күлбала» спорт кешенінің бүгінгі жай-күйімен танысты. Соңғы рет 2019 жылы ішкі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген спорт кешенінің бүгінде шатырынан су ағып, қабырғалары үгітілуде. Одан бөлек, едендері мен жасөспірімдердің жуыну бөлмелеріндегі құрал-жабдықтар, жылыту қазандықтары мен терезелері ауыстыруды қажет етеді. Бұл жұмыстарға 16 млн теңге қажет екенін айтқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев орталықта жаттығатын жасөспірімдердің жетістіктеріне тоқталды. Бөлім басшысының мәліметінше орталықта жаттығатын 23 спортшы бокс түрінен халықаралық, республикалық, облыстық және аймақтық жарыстардың чемпионы атанса, мүмкіндігі шектеулі 2 жасөспірім республика чемпионы, 1 спортшы қола жүлде иеленген. Ал еркін күрестен 3 спортшы халықаралық жарыстардың чемпионы атанған.

Айта кетейік, бүгінде аудан басшысының қолдауының нәтижесінде ауылдар мен елді мекендерінде заман талабына сай спорт ғимараттары, балалардың спорт алаңшаларын салу ісі қолға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жетісай ауданы спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соңғы жылдары жаңа спорт кешендерінің құрылысы, ұлттық спорт түрлерінің дамуы және жас спортшылардың жетістіктері ауданның спорттық әлеуетін арттыруда.

Жетісай қаласының орталық саябағында заманауи денешынықтыру кешені пайдалануға берілді. 2022 жылы құрылысы басталған нысанның сметалық құны 1 млрд 174 млн теңге. Ауданы 1 гектардан астам. Спорт кешенінде көрермендерге арналған 150 орын бар. Мұнда балалар мен жасөспірімдер волейбол, баскетбол, футзал, ауыр атлетика, үстел теннисі, еркін күрес, таэквондо және бокс сынды спорт түрлерімен тұрақты шұғылдана алады. Спорт кешенінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» мекемесі орналасқан. Клуб құрамында жасақталған 61 топта 860 спортшы спорттың 7 түрімен тұрақты шұғылданып келеді. Жетісай ауданында ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ауданда «Ұлттық спорт клубы» мекемесі жұмыс істейді. Клубта көкпар, теңге ілу, жамбы ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі сынды ұлттық спорт түрлерімен 250-ге жуық адам шұғылданады. Клубта 14 тәжірибелі бапкер қызмет етеді. Жетісай ауданының командасы облыстық чемпионатта жүлделі орындарға ие болды. Мысалы, көкпардан өткен жарыста Жетісай ауданының командасы ІІ орынға ие болып, команда капитаны «Үздік қорғаушы» номинациясына ие болды.

Leave a reply