ТҮРКІСТАН: «ЖЕТІ АТАНЫ» ЖЕТІМСІРЕТПЕЙІК
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 24 тамызында «Ұлытау 2019» форумында сөйлеген сөзінде, Туризм саласын дамыту үшін Түркістан, Отырар, Сауран, Сығанақ және т.б. ескерткіштердің барша жұрттың құңдылығына айналуы тиіс және оларды туризм арқылы кеңінен насихаттау – бүгінгі заман талабы деген үлкен мақсат қойған болатын.
Жалпы, туризм инфрақұрылымын дамытудың критерийлеріне келсек – тарихи нысан немесе сәулет ескерткіштері кешені үлкен жолдың бойында жатуы, туристерді барлық жағынан жабдықтай алатын қызмет көрсету жүйесінің болуы басты өлшем (критерий), көрсеткіш болып табылады. Бұл жағынан алсақ Түркістан барлық көрсеткіштер бойынша алда тұр, олар: – Түркістан қаласы мен аудандағы қалалар мен қоныстардың шоғыры 2000 жылдан бері Ұлы Жібек жолының бойында жатуы;
– Туристер тамашалайтын және діни зиярат ететін тарихи, сәулет, археологиялық және діни-рухани ескерткіштердің аса мол орналасуы; – Бүкіләлемдік ескерткіштер тізіміне (ЮНЕСКО) енген және енгізілуі жоспарланып отырған нысандар молдығы (Әзірет Сұлтан кесенесі, Ескі Түркістан, Ясы-Күлтөбе, Сидақ ата, ҚаратөбеСауран, Сауран, Міртөбе қалалары); – Туристерге қазақ, өзбек, түрік, орыс, араб, ағылшын тілдерінде қызмет көрсете алатын мамандардың жеткілікті екендігі;
– Туристерді қабылдайтын мейманханалар мен дәмханалар жүйесінің қалыптасқандығы; – Аталған ортағасырлық қалалардың Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолының бойында орналасуы. Міне, осы көрсеткіштер халықаралық туризм ісін дамытуға қажетті талаптардың барлығына ең басты негіз болып табылады. Ортағасырлық Түркістан қаласының тарихи қалыптасқан екі Хан ордасын байланыстыратын ең басты көшесі «Жеті ата» деп аталады. Осы көше бойындағы тарихи нысандарды археологиялық зерттеуден өткізіп қайта жаңғырту жоспарланған болатын. Жұмыстың алғашқы бөлігі толық атқарылғанымен қазіргі таңда қайта жаңғырту ісі тығырыққа тіреліп тұр, осы мәселеге байланысты өз көзқарасымызды білдіргіміз келеді. Түркістан қаласының басты көшелері мен қақпалары бір-бірімен тікелей байланысады, яғни, бір қақпадан еніп екіншісінен шығып кетуге болады және кез келген қақпадан Әзірет Сұлтан кесенесіне жетуге мүмкіндік бар. Бұл құрылым жан-жақтан келген тауар мен құрылыс заттарын кесенеге жеткізуге қажет болған тұста, яғни, XIV ғасырдың соңы мен XV ғ. басында қалыптасқанын байқау қиын емес. XIV ғ. 90-жылдары Алтын Орда ханы Тоқтамыс ескі кесене мен Ясы қаласын бірнеше рет шауып, тонап кеткен соң Әмір Темір осы алып құрылысты тұрғызуға бұйрық береді. Құрылыс басталысымен Ясы (Күлтөбе) қаласының тұрғындары оның маңына көшіп қона бастайды. Құрылысқа өте көп күйдірілген кірпіш кесенені тұрғызу үшін сыртын да, ішін де қоршайтын ағаш баспалдақтар (строительные леса), әрлеу үшін ғаныш пен бор, әк, тұзсыз саз балшық, бояулы кірпіштер дайындау үшін мыс, күміс, қорғасын, марганец, кобальт, калий, хром, натрий, қалайы, темір, тіпті уран, алтын мен иридий тотықтары да көптеп қажет болды. Мыңдаған шеберлер, құрылысшылар, олардың көмекшілері, ағаш шеберлері, темір ұсталары, т.б. тұратын жай мен шеберханалары және оларды тамақпен қамтамасыз ету де көп азық-түлікті қажет етеді.
Ең маңызды №1 Жеті ата қақпасынан Үшқайық өткелі арқылы Сырдан өткен Самарқан, Бұхара, Хорезм ұсталары, бояуға қажетті металдар тотықтары, құрылысқа қажетті Сыр бойының ағаштары, арғы жағалаудағы сексеуіл мен жыңғыл келіп жатты. Себебі көк түсті шыңылтырмен қапталған кірпіш дайындау үшін кобальтты Таяу Шығыстан Иран шеберлері алдыратын, ал сексеуілдің күлінен «поташ» деп аталатын ақ түсті бояу жасалса, сексеуіл көмірі металл қорытуға пайдаланылатын. Осы ағылған керуендер кесене маңына 1393-тен 1405 жылға дейін тоқтаған жоқ, олар жүрген жолдың екі бетіне тұрғын үйлер түсіп бірте-бірте қалаға айналды. Көшелер де қақпалардың атымен аталып кетті, қаланың рабады да, оның сыртындағы қоныстар да, егістіктер мен баулар, тіпті мазараттар да радиалды түрде жан-жаққа тарауы кейін де жалғасқанын 1951 ж. (№2-сызба) жоспардан да көреміз. Осы 88,7 га қаланың іші-сыртында 20 мазарат орналасқан, Жеті ата қақпасының аты да Ахмет Ясауидің бір жерге жерленген жеті шәкіртіне қатысты. Бұл жайлы В.А.Гордлевскийдің 1962 ж., А.Л.Троицкаяның 1927 ж. еңбектерінде айтылады, ал В.Н.Басилов өзінің «О происхождении туркмен-ата (простонародные формы среднеазиатского суфизма)» атты 1975 жылы жарияланған мақаласында «… Одна из старых улиц г. Туркестана носила наименование Еттиата-кочеси (Улица семи ата) из-за погребенных там каких-то семи святых» деп жазады. Ислам тарихынан біз халықты ислам дініне енгізгендерді «бап (баб)» деп, ал сопылық ағымға енгізгендерді «ата» деп атағанын біле аламыз. Әзірет Сұлтан кесенесінің батыс бұрышынан басталатын Жеті ата көшесінің (сызбаларда қара түспен боялған) жалпы ұзындығы 660 м, ені 4 м-ден 5 м дейін ауытқып отырады, бұл көшеге солтүстік-батыс және оңтүстікшығыстан 16 кішігірім және 3 магистальды – Дарбаза, Тәкиә, Мүсәллә көшелері келіп қосылады. Жеті ата қақпасына бағытталған көше Хан ордасы мен Хан мешітінің ортасымен өтіп, Тоған суқоймасын солтүстік-батыс жағасы арқылы айналып кетеді де қақпаға жетіп қаланы қоршаған ордан Бабырат ата көпірі арқылы батысқа қарай кеткен керуен жолына жалғасады. Ортағасырлық шығыс қалаларында керуен сарайлар, моншалар, кішігірім базарлар мен мешіттер қақпадан енген жердегі «майдан» деп аталатын алаңды қоршай орналасатын болған. Түркістандағы үлкен «Хаммами мұхтасар» моншасының Мүсәллә қақпасына жақын орналасуы бұған дәлел, басқа қақпаларда да кішігірім мешіт пен қазіргі заманғы душқа ұқсайтын «мүричэ» моншалардың болғаны анық. Базарлардың бес түрі болған, ең көп тарағаны магистральды көше бойын бойлап орналасатын Жайма базарлар. Жеті ата көшесінің де базар ретінде пайдаланылғанын қақпаға енген жердегі майдан алаңы, оның солтүстік-батыс бетіндегі керуендер жүк түсіретін қойма мен дүкеншелер дәлелдейді. Мұнда негізінен көтерме саудамен (оптовый торг) сатылған тауарлар бүкіл көше бойындағы дүкендерде жекелеп (штучный торг) сатылып отырған. Егер Жеті ата қақпасының кіреберісін кеңейтіп зерттесек керуен сарай да, моншасы да табылатыны анық, ал мешіт пен кішігірім базар -майдан алаңы аршылып, қайта қалпына келтіріліп те қойды. 2004-2014 ж.ж. аралығында өткен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жеті ата, Тәкиә, Мүсәллә, Дарбаза қақпалары, Тәуке хан мен Әбілмәмбет хандардың қысқы тұрғын үйлері, яғни, Хан ордасы аршылды, бұл екі хан билік құрған 1718-1739 жылдар аралығында орданы Қайып хан, Болат хан мен Сәмеке хандар мекен еткенін тарихшылар жазады. Ордаға қарама-қарсы Хан мешіті орналасқан, ол заманда үйде намаз оқуға тыйым салынған, барлық қала тұрғындары бес уақыт намазды өздері тұрған махәллә (квартал) мешіттерінде оқыған. Бұл мешіттің ерекшелігі онда көпшілікке арналған Жамағат мешіт үйіне жалғаса үлкен лауазымды адамдарға (ВИП) арналған Мақсура бөлмесінің де болуы, яғни Қазақ хандары намазды осы жерде атқарғандығы. Бұларға қоса Жеті ата қақпасының шығыс қапталынан Баб Араб мешіті, Баба Ғаріп пен Үндемес ата кесенелері мен қақпа алдындағы Бабырат ата көпірі де аршылып, зерттеліп, қайта қалпына келтіріліп те қойды. Ал 2019-2020 жж. археологиялық қазба барысында аршылған көшенің кесене түбінен басталатын ұзындығы 100 м, ені 25 м болатын бөлігіндегі тұрғын үйлер, дүкендер, базар мен мұнара, сонымен бірге Хан ордасының көше бойындағы ұзындығы 110 м, ені 15 м бөлігі, Хан мешітінің оңтүстік-батыс бетіндегі үлкен квартал мен медресеге ұқсас құрылыс сол күйі консервацияланып қана қалатын болса атқарған жұмыс, шығарған қаржының еш болғаны, желге ұшқаны деп есептейміз. Себебі бірдебір ел кесек пен пахсадан тұрғызылған құрылыстарды ашық аспан астында да, төбесін шатырмен жапқан күйінде де сақтай алмай отыр. Сонымен бірге мұндай нысандар туристерді де қызықтыра қонуы екіталай. Аталған қазбалардан аршылған құрылыстар сол күйінде толық қайта қалпына келтіріліп (іші-сыртын түгіл, есік, терезе, төбе жабыны мен колонналарды, тіпті еденді де) барып ұзақ жылдар сақтауға, ашық аспан астындағы музейге айналдыруға болады. Алайда XVIII – XIX ғ. бірінші жартысына жататын бұл үйлер мен қоғамдық құрылыстар музей жәдігерлері ретінде жергілікті тұрғындарды мүлдем қызықтырмайды, ал шет жұрттық туристерді Әзірет Сұлтан кесенесі мен Рабия, Шығыс моншасы, Халуат пен Жұма мешіті сияқты сирек кездесетін сәулет ескерткіштері өзіне тартып кетеді. Сонымен бірге бір жан жоқ өлі көше де көңілді құлазытады. Егер көшеде тіршілік қайнап жатса (жаршылар ас, сусын ішуге шақырып, дарбаз (канатаходец) өнер көрсетіп, шығыс музыкасы, әуені ойнап жатса) ғана келген жұрт «Бұл не екен деп» арнайы барады. Оңтүстіктің ерекшелігі – жемісжидек, қауын-қарбыз, мәуесі мен жүзімі, түрлі ұлттық сусындарың, тағамның көп болуы. Осылардың әрқайсысына арнайы жәрмеңкелер, фестивальдар ұйымдастырып отырса бұл жергілікті тұрғындардың да ағылып келуін қамтамасыз етер еді, ал, кесене маңына келген адам оған бір кіріп, Құран оқытып, Тайқазанға нәзірін, садақасын салмай кетпес еді. Туризм дамыған Өзбекстан, Әзербайжан елдеріндегі Самарқан, Бұхара, Хиуа, Бакуде XIX ғ. кварталдары мен көшелері сақталғаны және олардың ел экономикасына көп табыс әкелетіні белгілі. Жеті ата көшесінің нысандарын толық қайта қалпына келтіріп музейге емес «көше базарға» айналдырғанда ғана жасалған енапат еңбек пен шығарған қаржыны қайтарып қана қоймай үлкен табыс та табатынымыз анық. Кезінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасында пайдаланылатын ескерткіштердің туристік маршруттар мен елді мекендерге жақын орналасуына және олардың қайта жаңғыртудан өтуіне, ғылыми, инженерлік, сәулеттік тұрғыдан әбден зерттелуіне көңіл бөлуді баса айтты. Сонымен бірге оларға мемлекет шығарған қаржының қайтарымы да болуы шарт екендігін атап өтті. Кесене ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Ескерткіштер тізіміне енгізілген соң осы ұйымнан келген қызметкерлер «Әзірет Сұлтан» музейінің кеңсесінде өткізген семинарында «Еуропалық та, Америкалықта туристер сіздердің елге экзотика, таза табиғат, таза өнім іздеп келеді. Оларды бесжұлдыздық қонақүймен де, супермаркеттермен де қызықтыра алмайсыздар, олар оның бәрін өз елдерінде әбден көріп тойып болған. Тарихи-сәулет ескерткіштерінен басқа оларды таза ауа, бүлінбеген табиғат, тіпті көздерінше сойылатын қой мен отқа қақталатын ет, ағаштарда өсіп тұрған жемісті өз қолымен үзіп жеу, немесе базарларда саудаласып сатып алу, фабрикада емес зергерханаларда көздерінше жасалған әшекей заттары, теплиңада емес аулада, егістікте дәрісіз өскен жеміс-жидек, жазда сіздердегі сияқты там төбесінде немесе масаханада түнеу сияқтылар да қызықтырады», деген болатын. Мұның барлығын Жеті ата көшесін толық қайта қалпына келтіру арқылы ғана туристерге ұсынуға болар еді. Реставрацияның басты мақсатының бірі – ескерткішті сақтауға немесе қайта қалпына келтіруге кеткен шығынды қайтарып қана қоймай табыс та табуы керек, яғни, пайдалы болуы да есепке кіреді.
Марат ТҰЯҚБАЕВ, археолог ғалым