ТҮРКІСТАН: ЗАМАНАУИ КАПСУЛАЛЫ ҮЙЛЕР САЛУ ЖҰМЫСЫ ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ

Түркістан облысында туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа бірегей инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Облыс әкімдігі мен Қытай Халық Республикасының ірі өндірістік компанияларының бірі – «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» арасында өзара тиімді серіктестік орнады. Өңір делегациясы ҚХР-дағы Линьи қаласына сапар жасап, «Shandong Kamoya» зауытының жұмысымен, өндірістік қуатымен және инновациялық шешімдерімен танысты. Қазіргі уақытта бұл зауыт «KHAN TAU» брендімен капсулалы үйлер шығаруда. Енді осы технологиялар Түркістанда өндірілетін болады.
Былтыр желтоқсанда Түркістан облысы делегациясының Қытайға жасаған ресми сапары аясында басталған келіссөздер нәтижесінде тараптар бірлескен өндірісті ұйымдастыруға уағдаласты. 2025 жылдың қаңтарында қытайлық серіктестер Түркістан облысына арнайы келіп, өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысты. Қазіргі таңда «BNK GROUP LTD» ЖШС мен «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» арасында капсулалы үйлерді Түркістанда жинау және өндіру бойынша келісім жасалып, алғашқы үйлер дайындалды. Олар жақын арада өңірдегі «KHAN TAU» демалыс аймағына жөнелтіледі.
Капсулалы үй – бұл жаңа буындағы модульдік құрылыс үлгісі. «Shandong Kamoya» компаниясының «Camoya ғарыш капсуласы» жоғары санаттағы кемпингтерге, қонақүйлерге және глэмпингке арналған заманауи шешім ретінде әзірленген. Ол кемпер, мини-қонақүй және модульдік үйдің функцияларын біріктіреді. Мұндай үйлерге жер телімін рәсімдеудің қажеті жоқ, құрылыс экологиялық таза және энергия үнемдейтін принциптерге негізделген. Капсула ішкі жабдықтарына келсек, панорамалық терезелер, жатын және тұрғын аймақтар, толыққанды ас үй мен санитарлық тораппен қамтылған. Сонымен бірге «ақылды үй» жүйесі, кондиционер, мультимедиа жабдықтары және тағы басқа жаюдықтармен жабдықталған. Мұндай ғимараттарды туристік кешендер мен глэмпингтер, модульдік кеңселер мен мобильді үйлер, көрме павильондары, дала зертханалары, қонақүйлерге пайдалануға болады. 50 жылға дейін қызмет етуге жарамды.
– Түркістан облысында туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын жаңғырту бағытында мұндай технологиялардың маңызы зор. Біз сіздермен нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз. Осы арқылы өңірдің өндірістік, туристік, инфрақұрылымдық әлеуетін көтеруге күш саламых, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Кездесу соңында делегация өкілдері компания басшылығына жылы қабылдауы мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты. Шаньдун – Қытайдың солтүстік-шығысындағы тарихи және экономикалық әлеуеті зор аймақ. 2023 жылғы көрсеткіш бойынша өңірдің жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 9 триллион юаньнан асып ($1,3 триллион), ел бойынша алғашқы үштікке енді. Бұл өңірдің ғылым, экспорт, өндіріс, көлік инфрақұрылымы салаларындағы қар қынды дамығанын көрсетеді.
Түркістан облысында жыл басынан 196,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Жалпы облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін 2025-2028 жылдары аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,3 трлн теңгені құрайтын 110 инвестициялық жоба іске аспақ. Нәтижесінде 19 783 жұмыс орны ашылады. Оның ішінде, биыл 322 млрд теңгеге 57 инвестициялық жоба іске қосылып, 6 908 жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Бүгінде өңірде қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыру үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы ретте, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 14 индустриалдық аймақ ашылған. Одан бөлек, биыл 744 гектарды құрайтын жаңа 5 аймақ құрылды. Оның ішінде, «Жетісай», «Отырар», «Арыс», «Қарамұрт және «Шардара-2» индустриалдық аймақтары бар. Бұл аймақтарда құны 129 млрд теңгені құрайтын жалпы 84 жобаны іске асыру жоспарланған. Ағымдағы жылы 17 жоба іске қосылады. Сондай-ақ, қосымша Төлеби ауданында 1 индустриалдық аймақты ашу және Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы 2 аймақты кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Сауран ауданында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд теңге инвестиция тарту көзделген болатын. Бұл, өз кезегінде 6 040 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде 11 жоба іске қосылып, жұмысын бастап кетті. Сонымен қатар, биыл тапсырылатын 29 ғимараттың құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталып, 26 жоба іске қосылмақ.
Бұдан бөлек, облыста жаңа туристік бағдарламаларды ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынған. Осы ретте, 2025 жылы 26,3 млрд теңгеге 27 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде, Түркістан қаласында 31,2 гектар аумақта «Қолөнер қалашығы» салынуда, Яссауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жеке инвестиция есебінен Түркістан қаласында 11,8 гектар жерге «Аквапаркі бар қонақ үй кешенін» салу көзделуде. Облыстық бюджет есебінен халықаралық талаптарға сәйкес келетін «Ипподром» және елімізде теңдесі жоқ, әмбебап «Ескек есу каналы» салынуда.
Нәтижесінде 1 130 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.