ТҮРКІСТАН: ИНВЕСТОРЛАР ӨҢІР МҮМКІНДІКТЕРІН ЖАНДАНДЫРУҒА АТСАЛЫСУДА
Бүгінде облыста ауыл шаруашылығы және туризм саласымен қатар, өндіріс ошақтарын салу маңызды болып тұр. Осы бағытта өңірге инвестицияны көбірек тартып, жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын көбейту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр.
Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы — тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда.
Айталық, жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің сексенге жуық өкілдерімен кездескен. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия сияқты елдер бар. Оның ішінде, инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегацияның (Шетелдік Елшілер – Бас консулдар және т.б.) кездесулері ұйымдастырылды. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының басшылығымен өткен облыс әкімдігі аппаратының апталық отырысында айтылды.
Туризмнен түскен табыс халықтың экономикасы мен тұрмысының көтерілуіне игі ықпалын тигізеді. Қазақстанның, оның ішінде Түркістанның туризміне қолайлы, тарихи орындар, салынып жатқан небір алып нысандар, аспанмен бой таласқан зәулім ғимараттар, жасалып жатқан көптеген игі істер жайында түннен-таңға айтуға болады. Осының бәрі түркістандықтар үшін оның бақытты тұрмысы, келген туристің жақсы серуені мен саяхаты, ең бастысы, келер ұрпақтың жайлы өмірі үшін сақталып келген, жасалып жатқан құндылықтар екені даусыз! Алдағы уақытта Түркістан туризмі дамып, өркендеп, әлем елдерімен иық теңестірері, ол жөнінде әлі талай айтыла берері де сөзсіз.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысының жауапты басқарма басшысы (Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы) мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинақтап келген болатын.
Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 10-нан астам компаниямен 2,6 трлн теңгені құрайтын келісімдерге қол қойылған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен. Атап айтқанда, «Тұран-мебель» жиһаз шығару зауытына 2,3 млрд теңгеге құрал-жабдық сатып алған.
«Қазақстан 2023–Қытай» компаниясының шұлық өнімдерін шығару үшін қажетті құрал-жабдықтарды 1,0 млрд теңгеге сатып алды. Жобаны іске қосу қазан айының соңында жоспарлануда.
Қытайлық Пэн Шэн Групп (PengSheng Group) компаниясы жалпы құны 19,0 млрд теңгеге облыста мақта шитін өңдеу және сұрыптау, полиэтилен пленкаларын өндіру, тамшылатып суару жабдықтарын өндіру және ауыл шаруашылығы техникаларын шығару зауытын қоюға ниетті. Осы бағытта шетелдік инвестор зауыттың алдын ала есептеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған мәселелер бойынша биылғы тамыз айында инвестор облыс басшылығымен кездескен.