ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСКЕ БИЫЛ 45,7 МЛРД. ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛАДЫ
Өңірде инвестиция тарту жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдерінің жұмысы инвестиция тартумен, халықты жұмыс орнымен қамтумен бағаланатынын, оларға қолдау жасау арқылы елді жұмыспен қамтуды тапсырған болатын. Осы орайда Биыл Келес ауданында жалпы құны 45,7 млрд. теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны іске асыру, яғни 1 150 адамға жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.
Жалпы инвестиция дегеніміз – табыс алу, меншікті капиталын молайту, елдің материалдық байлығы мен материалдық емес сипаттағы қоғамдық құндылықтарын еселей түсу үшін шаруашылық жүргізуші субъектілер салатын инвестициялық қаражат.
Инвестициялық қызмет – пайда табу және басқа тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін инвестициялау және практикалық әрекеттерді орындайтын драйвер. Сонымен бірге инвестиция қаржы институттары, инновациялық және әлеуметтік сала арқылы тікелей де, жанамалай да салынады. Инвестиция өзінің құрамы жағынан біртекті емес, инвестициялау нысандарына, айналыс өрісіне, негізгі капиталдың ұдайы өндірісіндегі мақсатына, рөліне, қаржыландыру көздеріне қарай негізгі капиталға салынатын инвестиция, шетелдік инвестиция, қоржындық инвестиция түрлеріне бөлінеді.
Ал негізгі капиталға салынатын инвестиция – құрылысқа, материалдық, материалдық емес негізгі капиталды салуға, ұлғайтуға, қайта жаңғыртуға, техникалық жағынан қайта жарақтандыруға, күрделі жөндеуден өткізуге, сатып алуға, сондай-ақ, материалдық айналыс құралдарының қорларын толықтыруға жұмсалатын қаражат. Негізгі капиталды инвестициялау нысандарына үйлер, ғимараттар, машиналар мен жабдықтар, мал, екпе ағаштар, жер қойнауын барлау, компьютерлік және бағдарламалық қамтамасыз ету, көркем және әдеби шығармалардың түпнұсқалары, жаңа үйлер және жаңа ақпарат жатады.
Бүгінде аталған бағытта аудан басшысы Жәнібек Ағыбаевтың тапсырмасы негізінде инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалуда. Атап айтқанда кәсіпорындарын инфрақұрылым жүйелерімен қамту, жер, су мәслелерін шешу бағында нақты шаралар қолға алынған.
Биыл іске асатын жобаларға тоқталсақ, «ЭКО-культура» ЖШС-нің Ақтөбе ауылдық округі аумағынан 500 гектар аумақта орналасатын өнеркәсіптік жылыжай кешенінің бірінші кезеңінде құны 42,0 млрд. теңгені құрайтын 51 гектар жылыжай құрылысын ағымдағы жылы бастады.
Нәтижесінде 700-ден астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, «Нұрболат» өндірістік кооперативі құны 3,0 млрд.теңгені құрайтын «Азия Мед» медициналық орталығы Абай, Ошақты, Біртілек және Ұшқын ауылдық округтерінде ғимарат құрылысын жүргізуде. Жоба толық іске асқан соң 400 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Ал жеке кәсіпкер «Ағайындылар» Абай ауылы аумағынан жалпы құны 400,0 млн. теңгені құрайтын 4 қабаттан тұратын қонақ үйдің бастапқы құрылыс жұмыстары бастаса, «Giga Group» ЖШС-і жалпы құны 350,0 млн.теңгені құрайтын асфальтбетон зауытын орналастыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда құрал-жабдықтары сатып алынып, жер учаскесін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.