ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕГІ 4 АУЫЛҒА ТАБИҒИ ГАЗ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ
Келес ауданының Бірлік ауылдық округіндегі елді мекендерді абаттандыру, инженерлік коммуникация жүйелерімен қамту шаралары жалғасуда. Атап айтқанда Қосөткел елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету шаралары атқарылып жатқан болса, Бірлік, Жаңатіршілік, Үшағаш елді мекендерінің электр бағаналары мен трансформаторларын ауыстырылуда.
Оған қоса Бірлік, Жаңатіршілік, Қосөткел және Үшағаш елді мекендеріне табиғи газ тарту жұмыстары басталды. Биылғы жылы табиғи газдың сыртқы жүйе құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қаражат қаралып, жеңімпаз мердігер анықталды. Ал, аталған елді мекендердің ішкі көшелеріне табиғи газ тарту құрылысының сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін ауылдық округте 790 тұрғын үй табиғи газбен қамтылатын болады. Аталған жобалар және алдағы міндеттер туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Бірлік ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде атап өтті.
Өткен жылы Бірлік ауылдық округіндегі күл-қоқыс, тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын орынға қоршау жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік пен тазалықты қамтамасыз ету үшін полигонға баратын жол бойына 4 дана бейнебақылау, Абай-Шардара облыстық маңызы бар автожолының бойына 3 бейнебақылау және елді мекен ішіне 2 бейнебақылау құрылғылары орнатылды. Сонымен қатар Бірлік ауылдық округі әкімі аппатары мемлекеттік мекемесінің ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бірлік ауылдық округі «Саңырау» каналының ең соңғы сағасында орналасқандықтан жаз айларында егістіктерге ағын су тапшылығы орын алады. Аталған мәселені шешу мақсатында ауыл әкімшілігі тарапынан «Құркелес» өзенінен насос арқылы ағын суды тартуға 2 шақырымға темірбетонды суағар орнату жұмыстары жүргізілуде.
Аудан басшысымен кездесуде бірліктіктер жайылым жер, инфрақұрылым жүйелеріне қатысты мәселелерді көтеріп, жауаптыларға тапсырма берілді. Сондай-ақ аудан әкімі ауыл тұрғындарын тазалық шарасына белсенді қатыса отырып, өздері тұратын тұрғын үй аулалары мен көше бойларын таза ұстауға шақырды.