Пятница, 13 июня

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

0
21

«Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында Келес ауданында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тапсырмасына сәйкес өткізілген бұл шараға аудан аумағындағы барлық мемлекеттік мекемелер мен орталық ұйымдар, сонымен қатар 8 мыңға жуық ерікті тұрғын белсенді түрде қатысты. Сенбілік жұмыстарына 19 арнайы техника жұмылдырылды. Түркістан облысында жалпы көлемі 343,5 гектарды құрайтын 24 орман тұқымбағы бар. Оның ішінде тұрақты 14 орман тұқымбағы және уақытша 10 орман тұқымбағында 34 млн көшет өсірілуде. 2027 жылға дейін питомниктердің сапасы мен санын ұлғайту арқылы 60 миллионға жеткізу көзделуде.

Тазалық шарасы барысында жол бойындағы арамшөптер шабылып, ауылішілік көшелер бойындағы арық-атыздар тазартылып, қалыпқа келтірілді. Сонымен қатар көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым нысандарының айналасы ретке келтірілді. Егілген ағаштарға күтім жасалып, оларды қоршау жұмыстары ұйымдастырылды. Биыл Келес ауданы бойынша “Жасыл-Желек” коммуналдық мекемесі арқылы 50 600 түп ағаш көшетін егу жоспарланған, соның ішінде 25 300 көшет көктем мезгілінде отырғызылып, қазіргі уақытта оларды күтіп-баптау, суару және қорғау жұмыстары жүргізілуде.

«Таза Қазақстан» акциясы қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Алдағы уақытта бұл бастама өз жалғасын тауып, табиғатты қорғауға бағытталған ауқымды шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады. Түркістан облысында елді мекендерді көгалдандыру, балық шаруашылығын дамыту мәселелері облыс әкімдігінде сараланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан-қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керектігін тапсырды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын сәйкес Түркістан қаласының айналасынан «Жасыл белдеу» құру жоспарланған болатын. Бұл тапсырманың маңызы зор. Облыста елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарын жандандыру керек. Ағаш отырғызуда кемшіліктер көп. Егілген ағаштардың сапасын қадағалау қажет. Аудан, қала әкімдері жұмыс істеп жатқан жоқ. Өңірге жерсінетін көшеттер егілуі тиіс. Елді мекендерді көгалдандыру бойынша нақты жұмыстарды атқаруды тапсырамын. Өзге елдердің тәжірибесін пайдалана отырып, тұқымбақтарды дамыту қажет. Өңірде балық шаруашылығын дамыту бағытында семинарлар өткізуді қолға алыңыздар. Одан бөлек балық шаруашылығын дамытуға инвесторлар тарту жұмыстарын жаңғырту керек. Осы бағыт бойынша нақты жоспар мен ұсыныс беріңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында 5 жыл көлемінде аудан, қалаларда 15 млн астам ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді көгалдандыруға 1,1 млн көшет егу жоспарланған. Аталған іс-шара аясында өңіріміздегі 852 елді мекеннің шамамен 90% көгалдандыру үшін, аймақтық жоспарды көлемді орындау мақсатында 4 миллионға жуық көшет егу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге, күз айындағы түгендеу жұмыстары бойынша отырғызылған көшеттердің орташа шығымдылығы 60-70 % құрайды. Өткен жылы жоспар бойынша елді мекендерді көгалдандыруға 1 миллионға жуық әртүрлі көшеттер босатылды. Биыл көшеттерді босатуда аудандардың климаттық ерекшелігі ескеріліп, жерсіндірілген жапырақты, қылқанды, жеміс ағаштары мен гүлді ағаш-бұта түрлерін отырғызуға басымдылық беріліп, жұмыстар атқарылатын болады.

Бүгінгі таңда тұқымбақтардың суғару жүйелерін толық іске қосу, минералды тыңайтқыштар қолдану, көшет түрлерін қосымша енгізу, жаңартылуда. Қазіргі таңға, қалалармен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, көгалдандыру және тазартудың жыл соңына дейінгі іс-шара жоспары бекітілді. Бұл іс-шарада әр ауданның климаттық ерекшілігі мен орналасуы ескерілген. Сонымен қатар санитарлық тазалау, жолды жайластырудың мазмұны, аялдамаларды ретке келтіру, жарықтандыру желілерінің тіректерін күтіп-ұстау, жолдарды ағымдағы жөндеу, абаттандыру және ойын алаңшаларының элементтерін жөндеу, жасыл желектерді күтіп-ұстау, контейнерлік алаңдарды жөндеу және күтіп ұстау, көгалдандыру, жарықтандыру желілерінің тіректерін күтіп ұстау жұмыстары атқарылмақ. Аталған бағытта 984 іс-шара жоспары дайындалып, 266 жауапты тұлға бекітілген. Тазалық жұмыстарына жауапты мекемелерге жаңа техникалар сатып алу көзделген. Мәжілісте Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандардағы әкімдік ғимараттарының тазалығы, жай-күйі, абаттандырылуы және жазғы демалыс лагерьлерінің дайындығына қатысты жасалған мониторинг жұмыстарының нәтижесін баяндады. Жауапты басшыларға сын-ескертпелер айтылып, жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді.

 

Leave a reply