Пятница, 13 июня

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА АГРАРЛЫҚ САЛАДА ӨСІМ БАР

0
23

Келес ауданы Түркістан облысының аграрлық орталығы ретінде ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай жетістіктерге жетті.2024 жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 56,6 миллиард теңгені құрады.Оның ішінде мал шаруашылығының үлесі 22,2 миллиард теңге, ал өсімдік шаруашылығының үлесі 16 миллиард теңге болды.Бұл көрсеткіштер ауыл шаруашылығындағы тұрақты дамуды және өнімділіктің артуын көрсетеді.

Ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыруға бағытталған шаралар қабылданды. Мысалы, 80-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып, ағын су жүйелері тазартылды. Нәтижесінде суармалы жерлердің көлемі артты, бұл көкөніс өндірісінің өсуіне ықпал етті. 2024 жылы Келес ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасына 5 ауылдық округ қатысады. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған. Қатысушы ауылдар: Абай, Алпамыс батыр, Бірлесу, Жүзімдік және Ұшқын ауылдық округтер

Келестік тұрғын бүгінде анар, шабдалы жемістерін өсіріп, нарыққа шығаруда. Құрамындағы дәрумендер мен пайдалы элементтерге бай бұл жеміс қазіргі таңда нарықта жоғары сұранысқа ие. Анар тек дәмімен ғана емес, ауыл шаруашылығы үшін табыс көзі ретінде де маңызын арттырып келеді. Мұны Келес ауданына қарасты Ұшқын ауылдық округінің тұрғыны Айбек Сарыбаевтың мысалынан анық көруге болады.

Шаруа қазіргі таңда 3 гектарлық жерге анар мен шабдалы өсіріп, бау-бақша шаруашылығын табысты жүргізіп келеді. 2023 жылы оның анар бағы 1,5 тонна өнім берсе, биылғы жоспар – 4 тонна. Бұл – тынымсыз еңбек пен дұрыс күтімнің, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Шаруашылығын дамыту барысында ол әлеуметтік жауапкершілікті де ұмыт қалдырмай, елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды бағдарламалардың бірі – «Күміс жас» жобасына белсене қатысуда. Аталған жоба Қазақстан Республикасының Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асып отыр. Оның басты мақсаты – 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтарды еңбекке қайта тартып, оларды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету. Шаруа 2023 жылдан бастап осы жоба аясында 3 зейнеталды жастағы азаматты маусымдық жұмысқа тартып, олардың әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға үлес қосуда. Жобаға қатысушылардың жалақысының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады: бірінші жылы – 70%, екінші жылы – 65%, үшінші жылы – 60% мөлшерінде. Бұл – жұмыс беруші үшін де, жұмыс іздеуші үшін де тиімді әрі қолайлы мүмкіндік.

Сонымен қатар, бағдарлама аяқталғаннан кейін жұмыс беруші азаматты тұрақты жұмыс орнына қабылдап, оны зейнеткерлік жасқа дейін жұмыспен қамтуға міндеттеледі. Бұл бағыт ауылды жерлердегі еңбек нарығының тұрақты дамуына оң әсерін тигізіп, аға буын өкілдерінің әлеуетін тиімді пайдалануға жол ашады. Жалпы Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы республикада көш бастады. Салаға инвестиция тартылып, 1,5 есеге өсті. Ал 2024 жылдың 7 айында ауыл шаруашылығы саласының көлемі 308,3 млрд. теңгені құрап, 106,2% деңгейінде қалыптасты. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруда рентабельді дақылдарға өту жұмыстары жүргізілуде. Суды көп тұтынатын дақылдар алқабы 18 мың га қысқарды. «Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиясын 216,3 мың га енгізу қарастырылған. Оның ішінде биыл 22 мың га жоспарланса, 7 айда 13,1 мың га су үнемдеу технологиялары енгізілді.

Су үнемдеу технологияларының қол жетімділігін арттыру бағыттында 2 жергілікті кәсіпорын ашылуда. «BNK Group LTD» «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты. Жыл соңына дейін қосыша «50 мың га тамшылатып суғару өндірісі» қосылады. «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорны«жылына 9 мың га тамшылатып суғару жүйесін шығаратын өндірісті» толық іске қосады. Нәтижесінде, алдағы уақытта осы кәсіпорындар есебінен су үнемдеу технологияларымен облыс және көршілес өңірлер толық қамтамасыз етілетін болады.

Жылыжай шаруашылықтарын қолдау мәселесін Үкімет алдында көтеріп, нәтижесінде жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді. Осы мақсатқа өткен жылы қаржы бөлінді. Сондай-ақ, жылыжайларды бір орталықтан көмірмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілді. «Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта жүргізілді. Бұл мақсатқа қаржы бөлініп, 3 256 жоба қаржыландырылды. Пилоттық жобаға 62 ауылдық округ белгіленіп, 62 жаңа кооператив ұйымдастырылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3 413 жаңа жұмыс орны ашылды. Қосымша өнім өндіріліп, жобаға қатысушылардың орташа табысы өсті. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азаюда. Келес ауданы ауыл шаруашылығы саласында тұрақты даму жолында. Жаңа технологияларды енгізу, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу және жайылымдарды тиімді пайдалану арқылы ауданның аграрлық секторының әлеуеті артуда. Бұл шаралар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және аудан экономикасының дамуына ықпал етеді.

Leave a reply