Пятница, 13 июня

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ӨЗ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

0
21

Түркістан облысында ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, 2025 жылдың соңына дейін облыс халқын 100% ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Осы тұста Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жұмыс сапарымен Бірлік ауылдық округіне барып, Қосөткел елді мекенінде ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Түркістан облысында елді мекендерді инфрақұрылым, сапалы электр, ауыз сумен қамту бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда. Халықты таза ауыз сумен қамту мақсатында қолға алынған бұл маңызды жобаның жобалық-сметалық құжаттары 2024 жылы сараптамадан оң қорытынды алған. Жобаны «Батыс-Алға LTD» ЖШС әзірлеген, ал құрылыс жұмыстарын «Строй жол сервис» ЖШС атқаруда. Техникалық қадағалаушы ретінде «AveNiu» ЖШС бекітілген. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталды. Қазіргі таңда ауыз су алаңын қоршау, екінші көтермелі насос станциясын орнату, әрқайсысы 200 текше метрлік екі су қоймасын салу, ішкі су желілерін тарту және ұңғыма қазу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 11,5 шақырымды құрайтын су құбырының бүгінде 9 шақырымы толық аяқталған.

Нысанды аралау барысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев атқарылып жатқан жұмыстардың барысын егжей-тегжейлі қарап шығып, құрылыс сапасына ерекше назар аударды. Әкім жобаға жауапты мердігер мекеменің өкілдерінен әр кезең бойынша нақты есеп алып, кестеге сай ілгерілеу мен құрылыс талаптарының орындалуын сұрады. Сапар барысында ол жұмысшылармен тілдесіп, пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарының сапасын, қауіпсіздік талаптарының сақталуын және техникалық қадағалау деңгейін тексерді. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының маусымдық ерекшеліктерге байланысты кешіктірілмеуін, жобада қарастырылған барлық инженерлік шешімдердің толық әрі сапалы жүзеге асырылуын тапсырды.

Түркістан облысында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі басты назарда. Облыс аумағында 70 нысанның құрылысына 18,6 миллиард теңге бөлініп, 36 нысанның құрылысы аяқталды. Нәтижесінде 20 елді мекен ауыз сумен қамтылды, 9 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылды. Сонымен қатар, 3 елді мекенде су тазалау имараты мен су жинау қоймасы, 15 мөлтек ауданда су құбырлары салынды. 2023 жылдың қорытындысымен, облыстағы 800-ден астам елді мекеннің 739-ы немесе 89,1%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілді.

2024 жылы 61 нысанның құрылыс жұмыстарына 14,1 миллиард теңге бөлінді. Соның ішінде, 35 нысанның құрылысы биыл аяқталып, 12 елді мекен ауыз сумен қамтылады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. 2024 жылдың қорытындысымен, облыстағы 829 елді мекеннің 768-і немесе 92,6%-ы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Аталған жоспар аясында 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 21 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, биыл 13 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі, қалған 8 елді мекен 2025 жылға өтпелі.

Сонымен қатар, 29 елді мекенде кешенді блок-модуль қондырғылары орнату жоспарлануда. Қазіргі уақытта Келес ауданында 2, Сарыағаш ауданында 1 елді мекенге кешенді блок-модуль қондырғысы орнатылып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Құркелес ауылдық округінің Дастан елді мекенінде кестемен берілетін ауыз су нысандарында су көлемі төмендеген және су тазартқыш сүргілері жарамсыз күйге түскен. Нәтижесінде тиісті сала өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді. Алдағы уақытта ұңғымаға жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Түркістан облысында 2024 жылдың қорытындысымен 807 елді мекеннің 767 елді мекені (7 қала, 760 ауылдық елді мекен) немесе 95,0 % ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2025 жылы бюджет есебінен 47 ауыз су нысанының құрылысы іске асырылуда. Электрмен қамту бойынша 41 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жыл қорытындысымен 18 елді мекендегі 22,3 мың тұрғынды сапалы электр энергиясымен қамту жоспарланған.

Биыл облыс аумағындағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жалпы 129 нысанның құрылысына ұлттық қордан, республикалық және облымтық бюджеттен тиісті қаржы қаралған. Оның ішінде, 65 нысанды биыл, 64 нысанды келесі жылы аяқтау көзделуде.

Құрылыс-монтаж жұмыстарымен 32 нысан қамтылмақ. Нәтижесінде, 12 елді мекен ауыз сумен жеткізіледі. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданында – 2, Отырарда – 1, Төлебиде – 1, Келес – 4 және Созақ 4 елді мекен ауыз сумен қамтылады. Одан бөлек, Бәйдібекте – 1, Арыста – 1, Сарыағашта – 1, Төлебиде – 3, Жетісайда – 2, Мақтааралда – 2, Түлкібаста – 1, Шардарада – 1, жалпы, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары жаңартылады. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы 3 мөлтек ауданда, Арыс қаласындағы 3 мөлтек ауданда су құбырын жүргізу және суаққы, резервуар салу жоспарланып отыр.

 

Leave a reply