ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДАҒЫ ЖЫЛУ ЭНЕРГИЯ ОРТАЛЫҒЫ ТОЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТІП ЖАТЫР

0
64

Бүгін Кентау қаласында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур аясында журналистер алдымен Кентау қаласындағы №5 Жылу энергия орталығындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Биыл орталықтағы 6 қазандықтың жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Жалпы құны – 13,6 млрд.теңгені құрайтын қазандықтарды қайта құру жұмыстары мердігер мекеме «ЭМ-ходинг» ЖШС тарапынан жүргізілуде.
Сондай-ақ, сапар аясында журналистер Қарнақ ауылында орналасқан «Medical style» тігін цехына барды. Бүгінде цех жылына 20-25 мыңға жуық медициналық киімдердің 25 түрін дайындайды. Айта кететін жайт, қазіргі таңда өндіріс орнының Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент қалаларында арнайы дүкендері бар. Мекеме басшысы Шавкат Хабибуллаевтың айтуынша, тігін цехында жалпы технолог пен арнайы білімі бар 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Киімдерге қажет маталар арнайы Түркия елінен алынады.
БАҚ өкілдері кейін Қарнақ ауылында жуырда ғана іске қосылған «URKER» жазғы сауықтыру лагерінде болды. Жоба құны 400 млн теңге болатын кешенде 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. «URKER» жазғы сауықтыру лагерінде 450 бала үш ай бойы тынығады. Алдағы уақытта бұл жерден қосымша тағы 300 балаға арналған ғимарат бой көтермек.

БАҚ өкілдері келесі кезекте құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан тұрғын үйлермен танысты. Бүгінде Кентау қаласында 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Пәтерлердің жалпы ауданы – 3 161,5 шаршы метр. Тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, 3 қабатты 30 пәтерлі 2 үйдің құрылысы басталған. Сонымен қатар, тур аясында қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары таныстырылды. Жалпы қала бойынша биыл 10 көпқабатты тұрғын үй аулаларындағы жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Leave a reply