Түркістан – кешегіміз бен келешегіміздің келбеті

0
138

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

Осыдан 6 жылдай уақыт бұрын Түркістан қаласы облыс орталығына айналғанда шаһардың адам тәнті боларлықтай өзгеретініне сенгендер де, күмәнданғандар да болды. Десе де, осы уақыт аралығында атқарылған және қазіргі таңда жүргізіліп жатқан жұмыстар көкейдегі көп күмәнға нүкте қойды десек қателеспейміз. Себебі, бұл қалада күнде бір іс бітіп, күнде бір нысанның құрылысы басталып жатады. Осыған орай бірер күн бұрын өңіріміздің және еліміздің үш мегаполисінен жиылған БАҚ өкілдері үшін арнайы баспасөз туры ұйымдастырылып, қалада қолға алынған біршама жобалармен таныстық. Түркі елдерінің туристік астанасы атанған тарихи мекендегі «Түркістан – көне мен келешек көпірі» деп аталатын бұл іс-шараны Туризм және меймандостық университеті мен Түркістан қалалық әкімдігі ұйымдастырған.

Баспана – басты мәселе

Баспана проблемасы – Түркістан қаласында да өткір тақырып. Дегенмен, соңғы жылдары қала аумағында жүздеген көпқабатты үй салынып, бірнеше мың түркістандық тұрғын қоныстойларын тойлады. Қазір де мемлекеттік бюджеттің және инвесторлардың есебінен 56 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Соның жиырмасы «Отырар» шағынауданында бой көтерген. 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 нысанның құрылысы облигация есебінен басталыпты. Пәтерлерді нарық бағасынан едәуір төмен, дәлірек айтсақ, шаршы метрін 220 мың теңгеден несие арқылы сату жоспарланған. Қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбековтің айтуынша, мұндағы баспаналар жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
– 2020 жылы Түркістанда аумағы 181,8 мың шаршы метрді құрайтын 496 пәтер пайдалануға берілген болса, одан кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш 2,3 есеге артып, былтыр 3 933 тұрғынға пәтер кілті табысталды. Жалпы, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер саны 9 есе көбейіп, 3 жылда 10 767 пәтері бар 199 тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне 17 мыңға жуық түркістандық мұқтаж ретінде тіркелген. 2023 жылы олардың 684-і, жалпы 3 жылда мұқтаж 1518 адам баспаналы болды. Биыл қалада мемлекеттік бюджет есебінен 32, ал, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 1800-ден астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланған, – деді ол.

«Еңбектің көзін тапқан – бақыттың өзін табады»

Кез келген аймақтың, тіпті мемлекеттің экономикалық тұрғыдан өрлеуіне ықпал ететін салалардың бірі – өнеркәсіп саласы. 2020 жылы Түркістан қаласында бұл салада 15,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілген екен. Ал, былтыр көрсеткіш 25,8 млрд. теңгеге жетіпті. Түркістанда аталған саланың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан кәсіпорындардың бірі – «Asia Brend» жиһаз фабрикасы екендігін айта кетейік. Тірлігі тиянақты кәсіпорын 1,5 гектар аумаққа орын тепкен. Қазір мұнда 150 адам тұрақты жұмыс істеп, 150-300 мың теңге аралығында жалақы алады. Жоба жетекшісі, кәсіпорын басшысы Ұйғын Әбішевтің сөзіне сүйенсек, мұнда жылына 22 мың дана жиһаз дайындалады. Былтыр жылдық тауар айналымы 1 млрд. теңгеден асқан.
Кәсіпкер бұл жобаны өз қаржысымен бастап, кейіннен мемлекеттің қаржылай қолдауы мен жеңілдіктерін тиімді пайдаланып, қажетті техникалар сатып алған. Соның арқасында отандық өнімге сұраныс артып, қазіргі таңда кәсіпорын жиһаздары Түркістан өңірінен бөлек, Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда және Тараз қалаларына да сатылып жатыр екен. Тіпті, ара-тұра Ресей мен Қырғызстанға да экспортталады.

Мәдениет мерейі

Рухани шаһардағы тағы бір жағымды жаңалық – біршама уақыт бұрын Мәдениет сарайының құрылысы басталған болатын. Нақтырақ айтсақ, аумағы 1,13 гектарды құрайтын 500 орынды нысанның іргетасы былтыр қаланған еді. Құрылыс жұмыстары келер жылы толық аяқталып, ел игілігіне берілмек.
Қалалық құрылыс бөлімі басшысының айтуынша, бүгінде облыс орталығында 61 нысан салынуда. Оның 8-і әлеуметтік нысан, 3-еуі саябақ, 20-сы 5 қабатты тұрғын үй және 30-ы инженерлік инфрақұрылым жүйелері. Сонымен бірге, бес бірдей спорт кешенінің құрылысы қарқын алған. М.Тұрсынов көшесінде орналасқан стадион жаңғыртылып, «Парасат» саябағын қайта құру жұмыстары атқарылуда.
Белсенді демалыс саябағы және айналма жол бойынан демалыс аймағы жасақталып жатыр екен.

Жастар жаңа ғимаратта еңбек етеді

Жаңа Мәдениет сарайының жанынан қалалық «Жастар ресурстық орталығына» да арнайы ғимарат салынып жатыр. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Жеңісәлі Төлепбергеновтің сөзіне сүйенсек, жеңіл құрылыс материалдарынан құрастырылатын орталықта демалыс аймағы, стрит-воркаут алаңы, амфитеатр, электронды кітапхана бөлмесі, үйірмелерге арналған бөлмелер, шағын спортзал және көпфункционалды залдар болады. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының тікелей қолдауымен бой көтерген бұл нысан қаладағы 70 мыңнан астам жас үшін керек-ақ. Алдағы уақытта Жастар орталығы 40 мыңға жуық студент пен оқушыға сапалы қызмет көрсетеді деп күтілуде.

Қарттардың да хоббиі болады

Түркістан қаласында іске асырылып жатқан тың тәжірибелердің бірі – зейнет жасындағы қарттардың салауатты өмір салтын сақтап, өздеріне ұнайтын істерімен айналысуына жағдай жасау мақсатында қолға алынған «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары. Мұндай нысан алғаш рет 2022 жылы «Жеңіс» саябағында ашылып, 774 ардагерге қызмет көрсетілсе, былтыр қызметке жүгінетіндер саны үш мыңға жуықтапты. Сол себепті, қариялардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында жуырда ғана «Бекзат» шағынауданында «Белсенді ұзақ өмір» орталығының алғашқы филиалы ашылды.
– Ғимаратта денсаулықты нығайтуға арналған арнайы бөлмелер, массаж кабинеті, зияткерлік ойындар мен бильярд бөлмесі, тұз шахтасы, жаттығу жасауға арналған бөлмелер мен тігін курсы бар. Мұнда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға күндізгі сауықтыру-демалыс және сүйемелдеу қызметтері көрсетіледі, – дейді қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев.

Қаланың жартысы кәріз жүйесімен қамтылды

Облыс орталығындағы ең өткір проблемалардың бірі – кәріз жүйесінің жоқтығы болатын. Сондықтан шаһарда орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысы еш үзіліссіз өте жоғары қарқынмен жүзеге асырылуда. Айталық, 2020 жылдың қорытындысымен қаланы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 32,2 пайыз ғана болса, биылғы бірінші тоқсанда 4 нысаның құрылысы аяқталып, көрсеткіш 48,9 пайызды құраған. «Бұл тұрғындар саны күн сайын көбейіп, құрылыс қарқын алған қала үшін жақсы көрсеткіш» дейді мамандар. Осы ретте БАҚ өкілдері «Бекзат» шағынауданындағы 118 көшені қамтамасыз ететін, ұзындығы 100 шақырымды құрайтын кәріз жүйесінің құрылысымен танысты.
Қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі мамандарының айтуынша, қазір шаһардағы сарқынды су желісінің ұзындығы 127,25 шақырымды құрайды. «27 сарқынды су сору және тазалау нысаны жұмыс істеп тұр. Былтыр «Иассы» шағынауданы мен «Тұран» тұрғын үй массиві кәріз жүйесімен қамтылса, биыл 12 нысанның құрылысы іске асырылуда. Сонымен қатар, қосымша 3 нысанның құрылысы республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда қала аумағын кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 80 пайызға жетеді» дейді олар.

Түркістандықтар енді топырақ кешпейді

2020 жылы Түркістандағы жолдардың 301 шақырымы асфальт, 296,9 шақырымы тас төселген және 361,7 шақырымы топырақ жол болған. Ал, өткен жылы асфальт төселген жолдардың ұзындығы 383,9 шақырымға жетіп, 461,1 шақырым жолдың жағдайы қанағаттанарлық жағдайға келтірілген. Яғни 3 жылдың ішінде қала аумағындағы топырақ жолдар мәселесі толық шешімін тапқан. Бұл жайында қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Оспан Арман айтып берді.
– 2021 жылы 4 нысанның құрылысы басталған. Құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа мен көпір салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындармен кездесу барысында «Бекзат» шағынауданының тұрғындары теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салуды сұраған болатын. Осыған байланысты биыл 2 көпірдің құрылысы басталды. Былтыр сарқынды су жүйесі жүргізілген және қоғамдық көліктер қатынайтын 47 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ол толығымен аяқталды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға баратын және қосалқы жатқан 43 көшеге аяқжол төселді. Қазір 4 жолдың құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Сонымен қатар, 89 көше мен 2 жайлы мектептің тұсына, жалпы 102,1 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланып отыр, – деді Арман Оңал-ханұлы.

Шәкірттер қолөнерге бет бұруда

БАҚ өкілдері Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, сол маңдағы этно-ауылда ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнершілер көрмесін де тамашалады. Қазір қалада 115 мүшесі бар «Turkistan Qol oner» одағы және Түркістан қалалық балалар қолөнер мектебі жұмыс істейді. Бұл мектепте 475 оқушы өз қабілеттерін шыңдап, ата дәстүрге бет бұрып жатыр. Қолөнершілерді қолдау мақсатында көрмелер, сайыстар мен іс-шаралар ұйымдастырылып, шеберлер халықаралық көрмелерге тұрақты түрде қатысып тұрады. Мәселен, өткен жылдың ақпанында осы салаға зерттеу жүргізіп, жергілікті шеберлермен тәжірибе алмасу мақсатында бірлестік мүшелерінен құралған делегация Өзбекстан Республикасының Самарқан қаласы мен Ферғана облысына іссапармен барған. Ал, мамыр айында Әзербайжан Республикасының Шуша қаласында халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен өткен «Түркі әлемінің мәдени астанасы – Шуша 2023» іс-шарасының ресми ашылуына және «Хары-бюльбюль» халықаралық фольклорлық фестиваліне қатысқан. «2024 жыл – Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы» аталған болатын. Осыған орай 28-30 наурыз аралығында Бейжің қаласында ауқымды іс-шаралар мен форумдар өтті. Оған Түркістан облысындағы туризм саласының өкілдерімен қатар қолөнер одағының төрайымы мен бірнеше қолөнерші арнайы қатысып, өз туындыларын көпшілік назарына ұсынған.

Туризм және меймандостық университетіне – 5 жыл! Нәтиже қандай?

Баспасөз туры биыл 5 жылдығын атап өткелі отырған Халықаралық туризм және меймандостық университетінде түйінделіп, БАҚ өкілдері оқу ордасының тыныс-тіршілігімен танысты. Іс-шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен «Халықаралық туризм және меймандостық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы–ректоры Әлібек Шоқпаров қатысып, қала мен университетке қатысты журналистердің сауалдарына жауап берді.
Өз кезегінде университет ректоры Әлібек Шоқпаров бұл білім ұясы туризм саласындағы еліміздегі алғашқы бейінді мемлекеттік университет екендігін айтты.
– Биыл құрылғанына 5 жыл толып отырған университет алғашқы түлектерін ұшырмақ. Университет 2021 жылдың желтоқсанында республика жоғары оқу орындарының арасында бірінші дүниежүзілік туристік ұйымның (United Nations World Tourism Organization) бекітілген мүшесі болды. 2023 жылы қазан айының басында университет Түркияның жоғары білім кеңесі (Yükseköğretim Kurulu) мойындаған шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне енгізілді. Университет – қызмет көрсету саласы үшін кадрлар даярлайтын, өзінің білім беру бағдарламаларына дуальді оқыту элементтерін енгізген Қазақстандағы жалғыз бейінді жоғары оқу орны, – деді Әлібек Жұмабекұлы.
Қазіргі таңда екі жарым мыңнан аса студент білім алып жатқан оқу ордасына жыл сайын 800 грант бөлінеді. Бүгінде мұндағы шәкірттердің 2338-і грант негізінде білім алса, 216 студент ақылы негізде білім алады. Биыл университет алғашқы 463 түлекке диплом табыстамақ.
Түркістан – биыл ресми түрде түркі әлемінің туристік астанасы. Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қалаға ерекше мәртебе беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаһарда салынып жатқан нысандар да, игілікті іс-шаралар да көп. Қандай да бір істегі басты қағида – проблемалардың бетін жылы жауып қою емес, керісінше оның түйінін тарқату болса керек. Өзіміз өткен аптада қатысқан баспасөз турынан осыны аңғардық.

Leave a reply