Saturday, November 23

ТҮРКІСТАН: КЕШКІ МЕКТЕПТЕ 667 ОҚУШЫ ОҚИДЫ

0
145

Ресми деректерге сүйенсек, Түркістан қаласындағы кешкі мектепте 667 оқушы білім алуда, оның 336-сы биыл аттестат алып, мектепті бітіреді. Қалғандары 10-сыныпты бітіріп, 11-сыныпқа көшіріледі. Кешкі мектеп пен қарапайым мектептің қандай айырмашылығы бар? Кешкі мектептерге сұраныс неден туындайды? Оқыту ерекшеліктері қандай? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Түркістан қаласы Адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты «Кешкі мектеп» КММ-сінің директоры МҰХТАР АСАНҰЛЫ БОЖБАНБАЕВ кеңінен әңгімелеп берді.

«Кешкі мектепке қабылданатын оқушылардың басым бөлігі әлеуметтік жағдайы төмен, толық емес отбасынан шыққан, ақылы колледждерде оқып, ақысын төлей алмаған немесе белгілі бір себептермен күндізгі мектептерде білімін жалғастыра алмай қалған, сондай-ақ әртүрлі себептермен оқу процесінен тыс қалған азаматтар. Осындай топтан шыққан оушылардың келешекте білімсіз қалып кетпеу үшін Кешкі мектептер құрылған. Кешкі мектеп тек Түркістан қаласында емес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Маңғыстау облыстарында және Жаңақорған ауданында бар. Жоғарыда аталған қалалардағы Кешкі мектептер санына тоқталып кететін болсақ, Шымкент қаласында 4 кешкі мектеп бар, оның екеуі Шымкент қаласындағы түзеу мекемесінде орналасқан. Түркістан облысы бойынша Түркістан қаласынан бөлек Төле би, Шардара, Түлкібас аудандарында бар», – деді мектеп директоры.

Мұхтар Асанұлының айтуынша, Кешкі мектепке жалпы орта мектептің 9-сыныбын бітіріп негізгі орта білім алып шыққан оқушылардың ата-анасының өтініші негізінде қалалық Әкімдіктер жанында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия шешімімен жіберілген тұлғалар қабылданады. Оқушыларды мектепке қабылдау олардың мекен-жайына, тұрғылықты ауданына және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан жүзеге асырылады. Оқуды меңгеру мерзімі 10-11 сыныптар үшін 2 жыл бойы жүзеге асырылады.

Оның сөзінше, білім алушылардың құқықтары мен міндеттері мектептің Жарғысымен, мектептің ішкі тәртіп ережелерімен белгіленеді. Кешкі мектепке қабылдау оқу жылы басталғанға дейін жүргізіледі және мектеп директорының бұйрығымен рәсімделеді. Басқа білім беру ұйымдарынан келген тұлғалар оқу жылының барысында тиісті сыныптарға қабылданады (қорытынды және ағымдық бағалары ескеріле отырып). Кешкі мектептегі білім алушылар контингенті жылына екі рет анықталады: әрбір жартыжылдық басында. Оқу жылы 1 қыркүйектен 25 мамырға дейін жалғасады. Оқу жылының ұзақтығы сырттай оқу нысанында – 36 аптаны құрайды. Мектеп жоғары білімді педагогикалық кадрлармен толық қамтамасыз етілген. Мектепте 72 мұғалім жұмыс атқаруда.

Оған қоса, жаңартылған білім беру мазмұнының үлгілік оқу жоспары бойынша білім алушыларды сыныптан-сыныпқа ауыстыру БЖБ және ТЖБ нәтижелері бойынша жүзеге асырылатынын; сырттай оқу нысаны бойынша білім алушыларды аттестаттау жартыжылдық бойынша жүргізілетінін жеткізді. Ерекше жағдайлар туындаған жағдайда (ауру, мүгедектік, декреттік демалыс, 3 жасқа дейінгі баланы күту, отбасындағы жалғыз бала емізу) және қойылатын талаптарға сәйкес келетін жағдайлар болған жағдайда кешкі мектепте қашықтан оқыту технологиясын жүзеге асыруға болатындығын жеткізді.

«Кешкі мектептердің әдеттегі мектептерден айырмашылығы – қысқартылған оқу бағдарламасы бойынша білім беруі. Атап айтар болсам, кешкі мектепте «Көркем еңбек», «Дене шынықтыру», «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәндерін оқу қарастырылмаған. Тағы бір ерекшелігі апталық сағат жүктемесінің аз болуы. Мысалы, күндізгі мектептерде Қазақстан тарихы пәні аптасына 3 сағат берілген болса, бізде 2 сағат берілген. Оның 1 сағаты сынақ алуға берілген. Ол дегеніміз күндізгі мектептегідей бүкіл тақырыпты толық қамтып өте алмаймыз деген сөз. Алайда оқушылардың толық білім алуы үшін қамтылмаған тақырыптарды бір-біріне кіріктіре отырып, білім алуларына мүмкіндік жасаймыз. Кешкі мектепте сабақтар үш күн бойы өткізіледі, консультациялар, сынақтар, вариативтік бөлім пәндері жеке кестеге және осы мақсат үшін қатаң бөлінген жеке күндерге шығарылады. Кешкі мектеп бітірушілері қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін жалпы орта білім туралы мемлекеттік үлгідегі аттестат беріледі. Бітіріп шыққан мектеп түлектері әрі қарай колледжде немесе университетте білімін жалғастыра алады, – деді М. Божбанбаев.

Кешкі мектептің оқыту нысандары бірнеше түрге бөлінеді: күндізгі, кешкі, сырттай, жеке, экстернат. Олардың айырмашылықтары жайлы айтатын болсақ, мысалы, күндізгі кешкі мектептерде күнделікті сабақ өтіп, сол күні баға қойылатын болса сырттай түрі бойынша арнайы бекітілген сынақ күндері ғана бағаланады. Сынақтар ауызша нысанда, тестілеу нысанында, жобалау, зерттеу, бақылау, зертханалық, практикалық жұмыстар нысанында тапсырылуы мүмкін. Сынақтар өткен материал бойынша мынадай пәндер бойынша тапсырылады: Қазақ тілі, Қазақ әдебиеті, Қазақ тілі мен әдебиеті, Орыс тілі мен әдебиеті, Шет тілі, Алгебра, Қазақстан тарихы, Дүниежүзі тарихы, Құқық негіздері, География, Биология, Физика, Химия пәндері бойынша. Негізгі орта және жалпы орта білім беру курстары бойынша бағдарламаларды меңгеру бітірушілерді міндетті қорытынды аттестаттаумен аяқталады. Кешкі мектеп бітірушілері қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін тиісті білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжат беріледі», – деп атап өтті мектеп директоры.

Мектеп басшысының айтуынша, Кешкі мектептің тәрбие жұмысының маңызды ерекшеліктерінің бірі құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу болып табылады. «Ол негізінен білім беру, насихаттау қызметі арқылы жүзеге асырылады, өйткені кешкі мектеп жағдайында тәрбие процесінің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл ерекшелік, ең алдымен, оқушылар контингентінің ерекшеліктерімен байланысты. Мектепте 15 жасқа толған оқушылар оқиды. Бірақ бір партада бір уақытта өмірлік ұстанымы әлі қалыптаспаған жасөспірімдер мен дүниетанымы, өзіндік мінезі қалыптасқан, қандай да бір материалдық игіліктерге қол жеткізген және өмірлік құндылықтарына өз көзқарасы бар ересек адамдар отыра алады. Тарихи тұрғыдан алғанда, кешкі мектеп үздіксіз білім беру жүйесінде, ең алдымен, компенсаторлық және бейімделу функциясын орындайды. Сондықтан оқушылар арасында қылмыстың, суицидтің алдын алу мақсатында және оқушылардың жол қауіпсіздігін, салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жылдық жоспар жасалынып сол бойынша тиісті мамандармен лекциялар, ашық тәрбие сағаттары, психологиялық тренингтер, түсіндірме жұмыстары уақытылы өткізіліп тұрады», – дейді Мұхтар Асанұлы.

Қорытындылай келе, «Ата заңымызда да Қазақстанның азаматтары мен азаматшалары жасына, жынысына, әлеуметтік жағдайына қарамастан орта білім алуға міндетті деп көрсетілген. Кешкі мектептерге сұраныс туындауының себебі – қоғам болғаннан кейін жағдайы төмен отбасылар, толық емес отбасылар және өмірдің қиын жағдайына тап болған оқушылардың кездесетіні анық. Осындай отбасылардан шыққан оқушылар белгілі себептермен күндізгі мектептерде оқуын жалғастыра алмай қалады. Бізде қысқартылған оқу жүктемесі болғандықтан, әсіресе, әлеуметтік төмен отбасынан шыққан оқушылар өз отбастарына көмектесу үшін сабақтан тыс 3 сағат жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Осындай оқушылар жұмыс істеп отбасына көмектесіп жүріп білім алудан шеттеп қалмауы үшін бұл қоғамға керек мектеп деп ойлаймын», – деді М.Божбанбаев.

Leave a reply