ТҮРКІСТАН: КИЕЛІ ШАҺАР ТАРИХЫ ҚАЙ ЗАМАННАН БАСТАЛАДЫ?

Бүгінгі күні көне замандардан бері Орталық Азия өркениетінің алтын бесігі болған қасиетті Түркістан қаласы құрылыс алаңына ұқсайды. Қала заманауи қайта жаңғырып жатқанда оның ежелгі тарихына тағы бір барлау жасап қойсақ артық болмас. Себебі Түркістан тарихына қатысты қолымызға түскен кез келген анықтамалықты ашып қарасақ «Түркістан – V-VІ ғасырларда іргетасы қаланған қала» деген ақпаратты оқимыз. Расында да солай ма?
Түркістан аймағында қызмет атқарған археологтар бұл өңірдің тарихы тереңде жатқанын дәлелдеген. Басқасын айтпағанда қазақ жеріндегі ерте тас дәуірінің тұрақтары Қаратаудың екі жағында да аз емес екендігін дәлелдеген Х.Алпысбаевты атасақ та болады. Түркістан қаласының айналасындағы Шоқтас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді. Біздің өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық музейімен бірге Таңбалы жар маңында жүргізген зерттеулеріміз неолит, яғни жаңа тас дәуірінің үлкен тұрағын анықтады. Кезінде Ә.Х.Марғұлан да Бетпақдаланың екі жағында да заманымыздан бұрынғы ескерткіштер, соның ішінде неолит пен қола дәуірі мол екенін жазған болатын. Дегенмен Түркістан қаласының тарихын біз сол неолитпен немесе қола дәуірінің тарихымен байланыстыра аламыз ба? Біздің ойымызша байланыстыруға болады және ол үшін бірталай дерек бар.
Адамзаттың ежелгі дәуірінің тарихында жұмбақ көп. Атақты неміс мәдениеттанушысы К.Ясперс осыған орай: «Адамның қалыптасу тарихы ең терең құпия, біз оны әлі күнге дейін түсінбей келеміз» деп өте тауып айтқан болатын. Қазақстан жеріне ең ежелгі аталарымыздың қай жақтан келгені анықталған жоқ, мүмкін Оңтүстік-Шығыс Азиядан, мүмкін, Кіші Азиядан келген болар деген жорамал бар. Сонымен қатар адамзат баласының қалыптасу процесіне Орталық Азия өзінше үлес қосты дейтін де ғылыми тұжырымдар бар. Оның бір көңілге қонатыны – Homo sapiens күрделі табиғи ортада, оңтүстік пен солтүстік арасындағы континенталды ауа райында қалыптасуы мүмкін. Бұл қисынды жорамал, ауа райы мен табиғат сол жерді мекендеген адамдарды тәрбиелейтіні, ақыл-ойын дамытуға мәжбүрлейтіндігі белгілі.
Неолит дәуірінде бүкіл Қазақстанның территориясында аңшылық өмір салтынан жылқышылыққа, ежелгі металлургия мен егіншілікке өте бастаған кішігірім жауынгер тайпалар тығыз қоныстанды. Оның бір белгісі біздің заманымыздан бұрынғы 12-10 мыңжылдықтарда орын алған «Топан су» әңгімесінің Түркістан өңірінде сақталуы дейміз. Жер шарын мекендеген мыңдаған этностың ішінде тек төртеуі ғана өз жұртынан Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған тауды көрсете алады: арабтар – Жуды тауын, яхудилер (еврей) – Сион тауын, армяндар – Арарат тауын, ал қазақтар – Қазығұрт тауын. Тас дәуірінің соңына қарай халық санының өсуі қазақ жерінен басталған бірнеше қоныс аударуға жол ашты. Олардың ішінде шығыс деректері шумер тайпаларының Оңтүстік Азияға бағытталған миграциясын жиі атайды. Шығыстың егіншілік оазистеріне алғашқы болып өте ерте замандарда келген шумерлер Ежелгі Қосөзен т.б. өркениетін құрды (Шумер, Мысыр, Мохенджо-Даро); олар Қытай өркениетінің пайда болуына да әсер етті деген мағлұматтар бар. Миграцияның екінші толқыны б.з.б. ІV-ІІІ мыңжылдықтар соңында үнді-еуропалық қауымдардың ыдырауымен байланысты. Үнді-еуропалық тайпалар Еуразия кіндік даласынан Еуропаға (гректер, фракиялықтар, кельттер және т.б), Кіші Азияға (хеттер және т.б.) бет алады. Бұл қозғалыстар Еуразия құрлығының тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыстарды туғызды.
Түркістан өңіріндегі қалалық мәдениеттің көне тарихы да осы кезеңмен байланысты деген пікірдеміз. ХVІІІ ғасырдың ортасына қарай Ресейдің қазақ сахарасындағы саясатына жауап берген адамдардың бірі П.И.Рычков Түркістанға қатысты Шығыстың ескі мәліметтерін көп жинап, бұл өңірдегі қалалардың көне дүниенің ескерткіші екенін жазады: «Түркістан мен оның аймағындағы жерлердің көнелігі жағынан барлығынан да алда екенін айтқанымыз жөн; себебі Түркістан қаласы татарлардың тарихи шығармаларында Бұхара қаласынан көп бұрын салынған деп айтылады, айтуларына қарағанда ерте замандарда билік осы қаладан басталған және бүкіл Азияға тараған. Оренборда өмір сүретін ахун осы қаланы Яфеттің ұлы Түріктің немерелері салды және сол тұста атын да алды дейді, сол себепті сол аймақтағы қалалар, тіпті Үндістан мен Қытайға дейінгі, атап айтсақ: Кашкар, Табат, Еркень, Ходжант, Ташкент, Мартикан, Фантак, Янгы, Хасар, Хитяк, Утрар, Сабран, Барзягин және басқалары Түркістан билігіне қарап тұрған. Осы аймақты олар ескі заманда Яссы деген атаумен де атаған, ол Түркістаннан да кәрі делінеді. Осы мағлұматтардың барлығын жоғарыда аталған ахун арабша және татарша кітаптардан көшіріп алған».
Жоғарыдағы деректерде аталатын Яссы қорғаны қазіргі күні Ахмет Ясауи кесенесінің алдындағы Күлтөбе. Көне тарих осылайша жаңа заманның қасиетті ғимаратымен астасып, рухани тамырлармен жалғасып жатыр. Осы төбенің жоғарғы қабаттарында жасалып жатқан археологиялық қазбалар біздің жыл санауымызға дейінгі бірталай уақыт мөлшерін береді. Қорғанның орналасқан жері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 метр жерде. Биіктігі 9 метрді құрайтын ауқымды төбешік сопақша пішіндес. Мұнда қазір ғылыми-зерттеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары қатар жүргізілуде. Біздің ойымызша Күлтөбе қорғанының төменгі қабаттары қазіргі жыл санауымызға дейінгі екінші, тіпті үшінші мыңдық жылдыққа қатысты деректерді берсе керек. Себебі П.И.Рычковқа ақпарат берген ғұламалар Түркістанды Бұхарадан гөрі көне қала, өркениет пен мемлекет осы Түркістаннан басталады деп отыр. Ал Бұхара қаласының іргесі б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Бір қызығы, Әзірет Сұлтан күмбезіне таяу орналасқан қасиетті Күлтөбе, ежелгі тарихтағы Яссы Әз Тәуке хан заманында да ел басшыларының бас қосып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп мемлекет ісін талқыға салатын қасиетті қара орын қызметін атқарды.
Түркістан қаласының солтүстік-батысына қарай 25 шақырым жерде, Қаратау бөктерінде Қарнақ аталатын көне қалашық тарихы да бізді көне заманға жетелейді. Кезінде бұл жерде А.Н.Бернштам, Г.И.Пацевич, Е.И.Агеева сияқты археологтар қазба жұмыстарын жүргізді, бірақ белгілі бір қорытынды шығара алмады. Археологтардың бір тобы Қарнақты ортағасырлық Ишкент деп жорамалдаса, екіншілері Қарнақты Әмір Темір әулеті тұсында салынған деп тұжырым жасады. Біз бұл пікірлер қаланың ең төменгі қабаттары әлі де зерттелмегендіктен туындаған үстірт жорамал деп білеміз. Қарнақтың тарихи қала екендігі, ол жерде оғыздар мекендегені ХІ ғасырда қалам тербеген М.Қашқари сөздігінен белгілі. Біздің ойымызша Қарнақ ерте заманда ғылым мен білімнің дамыған гүлденген үлкен қала болып кейін біртіндеп құлдырай бастаған.
Түркістан аймағында «нақ» жалғауымен Қарнақтан басқа Шобанақ, Суғнақ (Сығанақ), Тошанақ, Шорнақ, Жүйнақ (Жүйнек) қалашықтары кездеседі. Түркістан аймағында «жеті нақ өзара жер асты жолдарымен жалғасқан, жау шапқанда ел бір қаладан екіншісіне жан сақтап кетіп отырады екен» деген аңыз бар. Қазіргі күні осы қалалардың арасын қосқан жер асты жолдары табылып та жатыр және болашақта тарих үшін де, туризм ісі үшін де керемет нысан болады деп сенеміз. «Нақ» жалғауы қазақ тіліндегі «нақты» деген ұғыммен байланысты. Егер бұл сөздің тамырын қуалайтын болсақ, онда тым ерте, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықтардағы ариан-тұран халықтарының сөздік қорындағы «нақ» сөзіне барып жалғанатынын анықтаймыз. Неміс тарихына қатысты деректерден «Дранг нах остен», яғни «Нақ Шығысқа қарай» деген сөзді кездестіреміз. Сонымен нақ сөзінің көне мағынасын қабылдасақ, Суғнақ – суға жақын қала, Тошанак – тасқа жақын қала, Қарнақ – Қаратау баурайындағы, Қаратауға жақын елді мекен. Оның алғашқы түпнұсқасы «Қара нақ» болса керек деген пікірдеміз. Қара (Хара) – бұл жерде Қаратаудың көне заманнан бергі атауы. Ең бастысы біз осы атаудың этимологиясын іздеу барысында Францияның батыс аймағы Бретаньда орналасқан Қарнақ атты көне қорымның, Мысырдың оңтүстігінде, Ніл дариясының бастауында тұрған Қарнақ ғибадатханасының тарихы өзіміздің Түркістан алқабымен, қасиетті Қаратау мен Сырдария жағалауымен байланысты екенін аңғарамыз. Біздің жыл санауымызға дейінгі ұлы көштердің заманында Қарнақ атауы Түркістан өңірінен Еуропаға да, Африкаға да барып қалғанына дау болмаса керек.