ТҮРКІСТАН: КӨГАЛДАНДЫРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖАНДАНА ТҮСТІ

Мемлекет басшысының Жолдауында 5 жыл көлемінде аудан, қалаларда 15 млн астам ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді көгалдандыруға 1,1 млн көшет егу жоспарланған. Аталған іс-шара аясында өңіріміздегі 852 елді мекеннің шамамен 90% көгалдандыру үшін, аймақтық жоспарды көлемді орындау мақсатында 4 миллионға жуық көшет егу жоспарланған болатын. Түркістан облысында елді мекендерді көгалдандыру, балық шаруашылығын дамыту мәселелері облыс әкімдігінде сараланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан-қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керектігін тапсырды. Осыған байланысты, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жасыл аймақты аралады. Жаңа әуежай бағытындағы жол бойына орналасқан алқап көктемде 8 мыңға жуық көшетпен толықтырылған. Учаскеде тамшылатып суару жүйесіне түгендеу жүргізіліп, істен шыққандарын ауыстыру қолға алынған. Құбырларды реттеу, арықтарды тазалау бойынша берілген тапсырмалардың орындалуы тексеріліп, жауаптылардың жұмысы сараланды.
Мұндағы 11 шақырымға созылған жасыл белдеу 7 сусорғы (насос) арқылы суғарылады. Жас көшеттердің топырағын тыңайтып, қосымша суғаруға 5 трактор бекітілген. Өндірістік парк төңірегіндегі жасыл желектердің жағдайы да мамандардың бақылауында. Бұл аймақ су таситын кезекші көлікпен қамтылған. Жаңа әуежай тас жолының бойындағы екпелерге су жеткізу мәселесін шешу үшін учаскенің шығыс-солтүстік жақ бетінен жасанды тоған салынып, келетін суды жинайтын арнайы бассейін орнатылған. Су 3 орталық сорап арқылы тамшылатып суару жүйесіне жеткізіледі.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын сәйкес Түркістан қаласының айналасынан «Жасыл белдеу» құру жоспарланған болатын. Бұл тапсырманың маңызы зор. Облыста елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарын жандандыру керек. Ағаш отырғызуда кемшіліктер көп. Егілген ағаштардың сапасын қадағалау қажет. Аудан, қала әкімдері жұмыс істеп жатқан жоқ. Өңірге жерсінетін көшеттер егілуі тиіс. Елді мекендерді көгалдандыру бойынша нақты жұмыстарды атқаруды тапсырамын. Өзге елдердің тәжірибесін пайдалана отырып, тұқымбақтарды дамыту қажет. Өңірде балық шаруашылығын дамыту бағытында семинарлар өткізуді қолға алыңыздар. Одан бөлек балық шаруашылығын дамытуға инвесторлар тарту жұмыстарын жаңғырту керек. Осы бағыт бойынша нақты жоспар мен ұсыныс беріңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, Бүгінгі күнге, күз айындағы түгендеу жұмыстары бойынша отырғызылған көшеттердің орташа шығымдылығы 60-70 % құрайды. Өткен жылы жоспар бойынша елді мекендерді көгалдандыруға 1 миллионға жуық әртүрлі көшеттер босатылды. Биыл көшеттерді босатуда аудандардың климаттық ерекшелігі ескеріліп, жерсіндірілген жапырақты, қылқанды, жеміс ағаштары мен гүлді ағаш-бұта түрлерін отырғызуға басымдылық беріліп, жұмыстар атқарылатын болады.
Өңірде жалпы көлемі 343,5 гектарды құрайтын 24 орман тұқымбағы бар. Оның ішінде тұрақты 14 орман тұқымбағы және уақытша 10 орман тұқымбағында 34 млн көшет өсірілуде. 2027 жылға дейін питомниктердің сапасы мен санын ұлғайту арқылы 60 миллионға жеткізу көзделуде. Бүгінгі таңда тұқымбақтардың суғару жүйелерін толық іске қосу, минералды тыңайтқыштар қолдану, көшет түрлерін қосымша енгізу, жаңартылуда.
Түркістан қаласында тазалық жұмыстарымен қатар, жасыл алаңдарды күтіп-баптау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қала аумағында жалпы 34 саябақ, 75 сквер мен аллея, 163 көше және 16 жасыл алаң бар. Бұдан басқа, қалада скверлер мен аллеялар, 288 жасыл алаң мен 92 субұрқақ орналасқан. Ағаш егу, гүл егу, көгалдандыру жұмыстарына ыңғайлы және жаңа техникалар, тыңайтқыштар қолданылуда.
Алғашқы экологиялық акция барысында Түркістан қаласының бірнеше аумағында 5000-нан аса көшет отырғызылды. Айта кетейік, биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс бойынша 1 миллионнан аса көшет егіледі деп күтілуде. Оның ішінде көктем мезгілінде – 631 100 түп және күз мезгілінде 626 600 ағаш отырғызу жоспарланған. Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында күнделікті өтетін 7263 тазалық іс-шара кестесі бекітілді. Сондай-ақ 34 ауқымды іс-шара жоспарланған. Жалпы бұл жұмыстар аясында тазалықты қамтамасыз ету, абаттандыру, нысандардың қасбеттерді күтіп ұстау, жарықтандыру, жол белгілерін ретке келтіру, жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге басымдық беріледі. Өңірде тазалық жұмыстары іс-шара жоспарына сәйкес, тұрақты түрде атқарылып жатыр. Аудан, қалалардағы санитарлық тазалық жұмыстарының деңгейін тексеру жоспары бекітілген.
Одан бөлек, биыл қоғамдық орындарда санитарлық тазалық талаптарын сақтамаған азаматтарға 2721 хаттама толтырылып, 58,8 млн теңге айыппұл салынды. 24,9 млн теңге айыппұл өндірілді. Қазіргі таңда бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр.