ТҮРКІСТАН: КӨНЕ МЕН КЕЛЕШЕК ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАҢА ЖЫЛНАМАСЫ ЖАЗЫЛУДА

0
36

2018 жылдың 19 маусымы – тарихи күн. Бұл күн барша қазақ халқы мен түркі жұртының есінде мәңгі қалмақ. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы бойынша, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» мәселе қаралып, маңызды құжатқа қол қойылды. Қазақ халқының арасына кең тараған: «Арыстанбапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген қанатты сөздердің өзі-ақ Түркістан өңірінің киелі де қасиетті мекен болғанын сан ғасырдан бері айғақтап келе жатқан жоқ па?! Түркістан қаласын ірі орталық ету Тәуелсіздік алған жылдардан бері Президентімізден бастап зиялы қауым өкілдері арасында талай әңгіме арқауына айналғаны осы күні ойға оралып отыр. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 1991 жылы айтқан мына пікірін еске түсіріп көрейікші. «…Түркістан үшін қазақ халқының қаны көп төгілген, ол оның ең қасиетті орны. Үш жүз жылға жақын уақыт қазақ хандарының тұрағы – астанасы болған. Онда халқымыздың асыл азаматтары, ең қалаулы ұлдарының сүйегі жатыр. Оны қастерлемесек болмайды. Түркістанда облыс орталығы құрылса жақсы болар», – деп жазды. Ал ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» атты толғауындағы: Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой… – деген өлең жолдарынан қаншама тарих сыр шертеді. Демек, Түркістан – түркі халықтарының, одан да кеңірек айтсақ, Шығыс халықтарының ақ ордасы, астанасы болғанын аңғарамыз. Тарихи құжаттар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сол тұста-ақ әлемге белгілі болғанын растайды. Түркістан аты шығыс жазбаларында VІІІ-ІХ ғасырларда атала бастаған. Араб зерттеушісі Ибн Хордадбек Түркістанды «Түркілер елі» деп жазса, географ әл-Якуба бір еңбегіне: «Түркістан» деп ат қойған. Ал ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұд Қашқари «Диуани лұғат ат-түрік» кітабында Түркістан қаласы мен оның аймағынан көп мысалдар келтіріпті. Сондай-ақ, ХІV-ХV ғасырлардағы жазба деректерде Сырдария өзенінің орта ағысында орналасқан: Сауран, Отырар, Сығанақ, Қарнақ, тағы басқа қалаларды «Түркістан қалалары» деп атаған. Шамамен осы мерзімде бұл өлке Түркістан аймағы деп атала бастайды. Кезінде ел аралаған, жиһанкез, тарихшы Фазаллах ибн Рузбехан: «Түркістан Сейхун (Сырдария өзені, Т.Д) өзенінің бойына орналасқан 30 қамалдан тұрады», – депті. Сонымен қатар ХV-ХVІ ғасырлардағы қазақ хандығы тұсында Түркістан қаласының маңызы зор болған. ХVІ-ХVІІ ғасырларда-ақ Яссы қаласының атауы қолданылудан қалып, Түркістан қаласы атала бастаған. Кезінде Түркістан қаласы – қазақ хандығының астанасы, қазақ халқының бас қаласы болды. Түркістан атауының бүкіл түркі жұртына мәшһүр болуы – сопылық ілімнің ірі өкілі Қожа Ахмет Ясауи ілімінің етек жаюымен және Ақсақ Темірдің жарлығымен салынған бүгінде күллі түркі жұртына әйгілі Қожа Ахмет кесенесімен байланысты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы ғалымдар, зерттеушілер ХVІІ-ХVІІІ ғасырдан бері жазып келеді. Осы бір ғажайып ескерткіш-кешен жайлы қанатты сөздер де кең тараған. «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деп, Түркістанды ерекше қала санайтындар да аз емес. Мұның өзі түркі ғана емес, шығыс халықтары арасында да Түркістанның қадірі мен қасиетін айғақтаса керек. 1865 жылы Ресей патшасы Александр ІІ-нің жарлығы бойынша генерал-губернаторлардың ұсынысымен Батыс Түркістан жерінде Түркістан облысы құрылып, ол 1867 жылдың ортасына дейін әкімшілік орталық болды. Оған Сырдария желісіне қарайтын Қазалы, Перовскі уездері мен Шымкент, Әулиеата, Черняев, Бішкек, Алматы, Қапал, Лепсі уездері қараған. Түркістан облысы үш бөлікке бөлініп басқарылды. 1867 жылы Жетісу, Сырдария облыстары негізінде Түркістан генерал-губернаторлығы құрылып, орталығы Ташкент қаласы болады. Бұл губернаторлыққа Жетісу, Сырдария облыстарымен қатар Зеравшан, Құлжа, Әмудария аймағы енген. Сөйтіп 1867-1917 жылдары Түркістан генерал-губернаторлығы Ресей мемлекетінің әкімшілік-аумақтық аймағы болып қызмет атқарған. Сол Түркістан облысы міне, араға 153 жыл салып, қайта құрылып отыр. Түркістан қаласындағы сәулет өнерінің көркем туындысы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішкі-сыртқы бейнесі, оның төбесіне орнатылған шарлары, ішіндегі шырағдан (шамдал), Тайқазан, тағы басқа дүниелер өте құнды әрі бағалы жәдігер. Түркістан қаласы, Түркістан жотасы, Түркістан даласы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, бәрі-бәрі Түркістанмен тығыз байланысып жатыр. Атап айтсақ, 1870 жылы баспадан шыққан «Туркестанские ведомости», «Түркістан уәлаяты» газеттері, сондай-ақ, 1872 жылдың 12-15 желтоқсанында Петербордағы Мордуховский атындағы №1 баспаханада жарық көрген «Түркістан» альбомы (1300 суретті қамтыған бұл кітап Кауфманның тапсырмасымен жасалған) және 1874 жылы В.В. Верещагиннің Орта Азия халқының тұрмыс-салтын бейнелеген «Түркістан» альбомы, 1994 жылдың 28 қаңтарында жарық көрген халықаралық «Түркістан» газеті сол қасиетті есімді қастерлеуден туған еді. Газетке «Түркістан» атауын беру туралы халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов, жазушы Дидахмет Әшімханұлы, тағы басқа азаматтар ұсыныс жасаған еді. Тіпті, ҚР Президентінің ақ тілегімен ашылған газетті оқыған Өзбекстан республикасының президенті марқұм Ислам Каримов өз жерлестеріне: «Ой, сендер тағы бір тарихи атаудан құр қалыпсыңдар…» дегендей әңгіме айтқан көрінеді. Өйткені «Түркістан» – Орта Азия халықтарына аса қастерлі атау емес пе?! Түркістан 1819-1864 жылға дейін қоқандықтардың, 1864-1917 жылдары Ресей мемлекетінің қарауында болғанын да айта кету керек. Мавзолейдегі 6 шырағданның екі-үшеуі ұрланып, тағы екеуі Петерборға апарылған. Түркістан қаласының 1500 жылдығына орай «Түркістан – 1001 дерек» айдарымен ондаған тарихи деректі ұсындым. Соның бірі кесенедегі шар туралы еді. Кесенедегі ең соңғы шарлар 1942 жылға дейін сақталған екен. Түркістан стансасында тұрғанда Лепесов басқарған бес солдат кесенедегі шарды атып түсіріпті. Шардан шыққан саз балшық пен шыны сынықтары арасынан жеті алтын жүзік табылыпты. Үшеуін старшина Лепесов, қалған төртеуін жанындағы төрт солдат алған деседі. Бес солдаттың төртеуі өліп, жалғыз башқұрт жігіт Фаттахов аман қалыпты. Айта берсек, зерделей білсек, Түркістанның тылсым сыры ашыла түспек. Түркістан – Есімхан, Тәукехан, Рабиға бегім, Қаз дауысты Қазыбек би сынды қазақ хандары, би-шешендері, сұлтандары мен батырларының сүйегі жатқан киелі қала. Заманы туып, облыс орталығына айналған қастерлі шаһар енді ұлтымыздың рухын көтеретін келешегі кемел Түркістанға айналмақ.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, этнограф

Leave a reply