ТҮРКІСТАН: МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІНІҢ ЭКСПОРТТЫҚ КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕДІ

0
31

Еліміздегі ірі қара мал санының 13 пайызы, қойдың 22 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 15 пайызы, өндірілген еттің 13 пайызы, сүттің 16 пайызы — өңірдің үлесінде.

Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайтуда өңірде бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі дамыту ісі оң септігін тигізіп отыр. Облыста жалпы 9183 ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Оның ішінде 400 басқа дейін — 9148, 400 бастан 1000 басқа дейін — 13, 1000 бастан жоғары — 22 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Облыста мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде ет өнімдерін өңдейтін 7 (24,6 мың тонна), сүт өнімдерін өңдейтін (143,2 мың тонна) 23 кәсіпорын жұмыс істейді.

Осы кәсіпорындар есебінен облыста өндірілген еттің 29%, сүттің 21,5% қайта өңделіп, нарыққа шығарылып жатыр. Атап айтқанда, «Қарқын-2030» ЖШС-нің «Narlen» маркасымен шұжық, жұмыртқа өнімдері, «Айкан» ЖШС-нің «Эмир» маркасымен сүт өнімдері, «Бөрте милка» ЖШС-нің «Бөрте Милка» маркасымен сүт өнімдері Қазақстан нарығында жоғары сұранысқа ие болып, брендке айнала білді. Сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыру бойынша жалпы құны 10,5 млрд теңгені құрайтын 3 ірі тауарлы сүт фермасы инвестициялық жобалары жүзеге асып жатыр.

Бұл жобаларды қолдауға республикалық бюджеттен жылдық 2,5% мөлшерлемемен 6 млрд теңге қаржы бөлінді. Олар — «БНК АГРО KZ» ЖШС, «Бөрте Милка» ЖШС, «Sultan Agro» ЖШС. Жобалар түркиялық «Sezer», Швециялық «De-Ieval» автоматты технологиялық қондырғыларымен жабдықталады. Дания, Мажарстан мемлекеттерінен өнімділігі жоғары Голштин тұқымды 1600 бас және Симментал тұқымды 600 бас аналық ірі қара мал әкелінеді.

Осы жобалар арқылы жылына қосымша 10,4 мың тонна сүт өнімі өндіріледі. 2024 жылдың 4 айында ірі қара мал саны — 1 млн 232,5 мың бас болды, ал қой мен ешкі — 5 млн 502,4 мың, жылқы — 484,8 мың бас, түйе — 44,5 мың бас, құс — 2 млн 085,5 мың бас. 78,4 мың тонна ет, 235,33 мың тонна сүт, 78,3 млн дана жұмыртқа өндірілді.

Leave a reply