ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА 9 ЕЛДІМЕКЕНГЕ ТАБИҒИ ГАЗ БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ
Мақтаарал ауданы, Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елдімекенге табиғи газ беру жұмыстары басталды. Күні кеше аталған округке қарасты Шапағат елдімекеніне газ беріліп, ауыл тұрғындары бұл хабарды үлкен қуанышпен қабыл алды.
Аудан әкімі міндетін атқарушы Бейсенбай Төребеков ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, жыл соңына дейін қалған 8 елдімекенге кезең-кезеңімен газ берілетінін жеткізді.
Иіржар ауылдық округіне қарасты Алаш, Наурыз, Азамат, Диқан, С.Рахимов, Шапағат, Азат, Иіржар, Мақтажан елдімекендерінің ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, бюджеттен 1 миллиард 182 миллион теңге бөлінген болатын.
Жалпы Мақтаарал ауданында табиғи газға 18 477 абонент қосылған. Елдімекендердің 51,2 пайызына газ жеткізілген. Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елдімекеннің барлығына газ беру жұмыстары аяқталғаннан соң елдімекендерді газбен қамту деңгейі 65,2 пайызға жетеді. 2021 жылы Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтеріне қарасты жалпы 12 елдімекенге 1,9 миллиард теңге қаралып, қазіргі таңда жеткізуші газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 1,3 миллиард теңгеге қуаттылығы сағатына 50 мың куб метрді құрайтын «Мақтаарал» газ жеткізуші станциясының құрылысы да аяқталуға жақын қалды.
Бұдан бөлек, қалған газдандырылмаған 23 елдімекеннің ішкі газ жүйелерінің құрылысына және Мақтарал ауылдық округіне жеткізуші газ құбырының құрылысына жобалық сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2022 жылы 10 жобаның сараптама қорытындысы алынса, қалған 13 елдімекенге жобалау жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Айта кетейік, жоғарыда аталған жұмыстардың бәрі іске асқан соң Мақтаарал ауданының елдімекендерін газбен қамту 100%-ға жететін болады.