Saturday, November 23

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДЫҚ ШАРУАЛАР ОЗЫҚ ЖӘНЕ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН МЕҢГЕРУДЕ

0
105

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданындағы шаруалармен кездесіп, олардың мәсе­лелерін тыңдап, шешу жолдарын тал­қылады. Өңір бас­шысы алыс аудандардағы әлеу­меттік ахуалды өз көзімен көріп, қариялармен кездесті. Жалпы ауданда ауылшаруашылық саласында мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған шаруа қожалықтары аз емес.

– Су үнемдеу технологиясын енгізу – уақыт талабы. Одан басқа жол жоқ. Аграрлы өңірімізде ауыл шаруашылығы саласының маңызы зор. Іс бастаймын, еңбек етемін деген азаматтарға «Ауыл аманаты» жобасымен қолдау көрсетілуде. Басқармалар мен жергілікті әкімдіктер бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруы тиіс. Өздеріңіздей еңбекқор жандарға артылар үміт мол. Біз біргеміз! – деді Дархан Сатыбалды.
Мақтааралдықтар ауыл шаруашылығы саласындағы озық және су үнемдеу технологияларын меңгеріп, өнімді арттыруға бел буған. Түркістан облысында көктемгі егіс жұмыстары қарқын алды.
Облыста ауыл шаруашылығы егіс алқаптарының көлемі 870 мың гектарды құрайды. Оның ішінде, суармалы алқап 552 мың гектар. Жылдық ағын судың қажетті лимиті – 4,4 млрд. м3. Ағын су шығынын төмендету бағытында, су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күні 32,3 мың га алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілген (тамшылатып суару 22 мың га, жаңбырлатып суару 10,3 мың га).

Түркістан облысының суармалы жерлеріне 206 млн текше метр су жіберілді. Биылғы суару маусымына дайындық аясында топырақ құрамындағы ылғал мөлшерін арттыру бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Қысқы маусымда Мақтаарал ауданы бойынша 47 мың гектардан астам суармалы жерге су беру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 12 мың гектарға немесе суармалы алқаптың 25 пайызында ылғалдату жұмысы жүргізілді. Ал Жетісай ауданында ылғалдату жоспарланған 54 мың гектардың 10 мың гектарына (19%) су берілді.
Айта кету керек, «Достық» каналы бойынша су алу лимиті 1116,0 млн. текше метрді құрайды. Оның ішінде желтоқсан-наурыз аралығындағы ылғалдату жұмыстарына 486,8 млн. текше метр қарастырылған. Бүгінгі таңда аталған канал арқылы осы мақсатта 88,98 млн. текше метр мөлшерінде су алынды.

«Түркістан облысының суармалы жерлеріне қысқы мезгілде су беріліп жатыр. Бұл егіс алқаптарындағы ылғал мөлшерін көбейтуге, топырақтың құнарлығын жақсартуға және ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін жасалады. Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы ылғалдату жұмысын наурыз айына дейін аяқтау жоспарланып отыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Leave a reply