ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР НЫСАНДАР ҚАТАРЫ АРТЫП ЖАТЫР

Мақтаарал ауданы Түркістан облысының оңтүстігінде орналасқан, ауыл шаруашылығымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымы дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Ауданда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әкімшілік басқару салаларында бірқатар әлеуметтік нысандар жұмыс істейді және жаңадан салынып жатыр.
Бүгінде ауданда мәдениет пен спорт саласы бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мырзакент кентінде құны 596 миллион теңгені құрайтын орталық саябақ пен 881 миллион теңгеге бағаланған спорт сарайының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Еңбекші ауылдық округі Т. Жайлыбаев ауылында құны 429 миллион теңгеге 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана, Жамбыл ауылдық округі Жалын ауылында құны 357 миллион теңгеге осындай мәдениет үйі мен кітапхана салынуда. Бұл нысандар жергілікті тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және мәдени дамуына мүмкіндік береді. Осы тұста аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов А.Қалыбеков ауылдық округіне барды. Ол Үлгілі елді мекенінде орналасқан мәдениет үйі ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Аталған нысан — ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік-мәдени орталықтардың бірі болып табылады. Күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың көктем айында басталған. Жоба аясында ғимараттың шатыры, терезелері мен есіктері толық ауыстырылып, ішкі әрлеу жұмыстары, жылыту жүйесі мен электр желілері жаңартылып жатыр. Ол құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімінде аяқталуына қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше мән беруді, пайдаланылатын құрылыс материалдарының стандартқа сай болуын, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне баса назар аударуды талап етті. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары жауапты сала басшыларына жөндеу жұмыстарының уақытында аяқталуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, аталған мәдениет үйінің қайта жаңартылуы ауыл тұрғындарына мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға, жастар мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жаңа мүмкіндіктер береді. Білім беру саласы бойынша ауданда жалпы орта білім беретін 50-ден астам мектеп бар. Олардың қатарында №1 Мырзакент мектеп-гимназиясы, Абылайхан атындағы №2 жалпы орта мектебі, А. Пушкин атындағы №3 мектеп, С. Рахымов атындағы №4 мектеп, №5 гуманитарлы-қоғамдық пәндер бағытындағы мектеп-гимназия және басқа да білім ордалары бар. Бұл мектептерде оқушыларға барлық жағдай жасалған. Оқу кабинеттері, кітапхана, спорт алаңдары, асханалар, мүгедек оқушылар үшін арнайы сыныптар мен бейімделген орта қарастырылған.
Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер байқалады. Соңғы жылдары бірнеше жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктілер пайдалануға берілді. 2023 жылы А. Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Төрткүл ауылында және Бірлік ауылдық округіне қарасты Табысты ауылында жаңа медициналық бекеттер ашылды. Бұған дейін де Еңбекші ауылдық округіне қарасты Шұғыла мен Нұрлытаң ауылдарында осындай нысандар салынған. Бұл медициналық мекемелер ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге бағытталған.
Әкімшілік бағытта да жаңа ғимараттар бой көтеруде. Мырзакент кентінде ауданның дербес бөлімдері үшін құны 799 миллион теңге болатын әкімшілік ғимарат пен 239 миллион теңгеге аудандық прокуратура үшін әкімшілік ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл ғимараттар мемлекеттік қызметтерді орталықтандырылған түрде ұсынуға және тұрғындарға қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Жалпы алғанда, Мақтаарал ауданында әлеуметтік нысандарды дамыту тұрақты түрде жалғасуда. Білім, медицина, мәдениет, спорт және әкімшілік салаларындағы бұл нысандар аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және әлеуметтік қолдауға бағытталған маңызды бастамалар болып табылады.
Сонымен қатар Түркістан облысында биыл ұлттық қор, республикалық және облыстық бюджет есебінен 485 нысан құрылысын жүзеге асыруға 224,1 млрд. теңге бөлінген. Бүгінгі күнге дейін 94 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 308 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, қалған 94 нысан құрылысы 2025 жылға өтпелі. Құрылыс қарқыны бойынша Түркістан облысы республикада үздіктер қатарында. Ұлттық жобаға сәйкес барлық нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспары қойылған. Мәдениет саласы бойынша 12 нысан салынып жатыр. Бүгінгі таңда 3 нысан пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 1 нысан тапсырылмақ. Қалған 8 нысан 2025 жылға өтпелі. Спорт саласында 22 нысан құрылысы жүргізілсе, оның 3-еуі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 7 нысан беріледі. Ауыл шаруашылығында – 7, арендалық тұрғын үйлерді сатып алу бойынша 247 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша 39 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге 4 нысан пайдалануға берілді, жыл соңына дейін 14 нысанның құрылысы аяқталады. «Turan» АЭА-ға инженерлік инфрақұрылым жүргізу бойынша 6 нысанның құрылысы жоспарланып, 2 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 3 нысан құрылысы аяқталады деп көзделген.