ТҮРКІСТАН: МӘДЕНИЕТТТІҢ МЕРЕЙІН АСЫРҒАНДАР

0
66

Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, түрлене, гүлдене түскен бүгінгі күні қаланың өз мәртебесіне лайық мәдениет мен өнері, рухани келбеті артып келеді. Осы ретті қалалық Мәдениет үйінің директоры Лиза Төлегенқызы ШӘМЕТ ханыммен аз-кем әңгімелескен болатынбыз.
– Лиза Төлегенқызы, осы салада біраз жылдан бері қызмет етіп келесіз, шаһар мәдениетінің мерейін асырған ауқымды іс-шаралар туралы айтып кетсеңіз.
– Біздің, қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен талай ауқымды іс-шаралар, мәдени жобалар жүзеге асып келеді. Солардың бірі де бірегейі қаламызда 14 жылдан бері дәстүрлі өтіп келе жатқан «Jas tolqyn» жас эстрада әншілері мен іс-шара шара жүргізушілерінің аймақтық байқауына ерекше тоқталып өтсем деймін. Ол өткен жылы «Ақжайық» музыка мектебінің көрермендер залында өткен болатын. Байқаудың мақсаты – жас таланттар мен дарындарды табу және оларға шығармашылық бағытта қолдау көрсету. Мемлекеттік Рәміздер Ел Туы, Елтаңба, Әнұранды қастерлеу. Ел Президентінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі» мақаласын жүзеге асыруда жастарды отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу және эстрадалық ән өнерін дамыту, жас таланттарды таныту.
2009 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқау былтыр «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығы, Түркістан-Түркі елдерінің мәдени астанасы» атануына және де композитор Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығына арналды. Байқауға 29 үміткер өтініш білдіріп, оның 20 үміткері іріктеуден өтіп келіп, аймақтық байқауға 14 пен 21 жас аралығындағы әнші, мәдени іс-шара жүргізушілері бақ сынады. Олардың арасында Ордабасы, Бәйдібек, Отырар аудандары мен Кентау қаласынан қатысқан үміткерлер де болды.
Болашақ сахна саңлақтары сынға түскен сайыста әншілер жанды дауыста патриоттық әнді І кезеңде орындаса, келесі кезеңде «Түркістан» тақырыбындағы әндерді орындауы шарт болды. Ал, жүргізушілер үшін өлең, әңгіме, драмалық яғни кез келген көркем шығармадан үзінді оқу талабы бірінші кезеңге қойылса, кез келген тақырыпта мәдени іс шараны дайындап жүргізу яғни әдеби-сазды кеш, байқау, концерт, дөңгелек үстел сынды шаралармен қоса қосымша «импровизациялық» аудиториямен жұмыс және әділ-қазылар тарапынан берілген сұрақтарға жауап берулері тиіс болды.
Байқауда мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік болып танылғандардың есімдері де анықталды. Қазылар алқасы сараптай келе, өздерінің қорытынды сөздерінде сахна мәдениеті мен аудиториямен жұмыс, әнді дұрыс орындау шеберліктерін ескере келе, марапаттау рәсімін бастады. Сонымен, «Jas tolqyn-2022» жас эстрада әншілері мен іс-шара жүргізушілерінің аймақтық байқауында әншілер арасында жүлделі Бас жүлде Оқушылар сарайынан қатысқан Ж.Сүлейменоваға бұйырса, І орынға Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінен қатысқан Е. Жолдасов лайық деп танылды. Қос бірдей ІІ орын Отырар ауданынан келген Р.Рахымжан мен Түркістан қаласы балалар мен жасөспірімдер орталығынан қатысқан үміткер Ұ. Қалыбайға табысталды. Ал, ІІІ орынды Хамза атындағы №2 мектептен құралған «Шалқыма» триосына берілді. Енді жүргізушілер арасында анықталған үздіктердің есімдерін тарқатсақ, жүлделі І орынның биігін Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің студенті Ә.Пернебаев еншілесе, ІІ орынды №19 Төле би атындағы жалпы орта мектебінен қатысқан Б.Еділбай еншіледі. Ал, жүлделі ІІІ орынның тұғырына Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінің намысын қорғай келген Ш.Шәкіржан тұрақталған болатын. Сондай-ақ, жекелей және топпен қатысқан барлық қатысушыларға қаржылай сыйлықтар мен арнайы номинациялар ұсынылды. Жүлделі орын иегерлеріне дипломдар табысталып, байқауға қатысушылардың ешбірі марапаттан тыс қалмады. Бұл дәстүрлі байқау талай таланттың томағасын сыпырып, өнер көгіне самғатып, қанаттандырған жоба екенін айта кеткім келеді. Сонымен қатар, қаламыздағы үлгілі отбасыларды көпшілікке таныту, өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мәртебесін арттыру, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру мақсатында «Отбасы – алтын діңгек» тақырыбында үлгілі отбасылар арасында байқау 5 жылдан бері бізде тұрақты түрде өтіп келе жатыр. Біз бұл байқауды тіпті әлемдік індет жайлаған (Covid-19) карантин тұсында да тоқтатпай онлайн түрінде өткізгенбіз «Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі» деп тегін айтылмаса керек. Шаңырақтың шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқауда тіпті жасы 80-нен асқан өткен ғасырдың сан түрлі соқпақтарынан өтіп, бүгінгі күнге аман-есен жеткен данагөй ақ жаулықты аналарымыз да қатысты.
– Қателеспесем, айтыс өнеріне байланысты да тұрақты түрде дәстүрлі шаралар өткізіп жүрсіздер ғой, солай емес пе?
– Айтыс өнері – қазақтың қанына сіңген бекзат өнер. Бабалардан қалған осы өнерге елеңдемейтін қазақ жоқ. Еңсе тіктеген баласынан еңкейген қариясына дейін суырып салма ақындарды тыңдаудан жалыққан емес. Топырағы киелі Түркістан өңірінде аламан айтыстар ұдайы ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – «Түркістаным – Тұраным» және жазушы, ақын Сырбай Мәуленовтың 100 жылдығына орай қалалық ақындар айтысы өткен болатын. Жыр додасына Түркістан қалалық мәдениет үйі мұрындық болды.
Ұлы Дала елі орталығында өткен айтысты көрмекке ақ жаулықты әжелер мен мектеп оқушылары қатысты. Ұзын саны 10 айтыскер ақын 5 жұпты құрады. Дүбірлі айтыста ақындарымыз Сырбай Мәуленовтың 100 жылдығын тақырыпқа арқау етіп, жырдан шашу-шашып, бір-біріне өткір сұрақтар қойып, ұтымды жауаптар қайтарып, айтыс сүйер қауымның көңілінен шығып, көрермендерді желпіндіріп отырды. Шындықты домбыраның шанағына сыйдырған ақындардың өнеріне көрермен риза болды. Жыр додасында бақ сынаған ақындар сөзге шешендігі мен ой ұшқырлығын көрсетті.
– Қандай да атаулы дата, айтулы мерекеде мәдениет саласының майталмандары ел алдында жүреді. Осы ретте, Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шаралардың легіне тоқталсаңыз.
– Иә, облыстың 5 жылдығына орай да жалпы түркістандық мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің көшін бастап келе жатқан біздің бөлім талай тағлымды іс-шараларды ұйымдастырды. «Түрленген, гүлденген Түркістан» атты ақындар айтысы өтті. Аламан айтыстың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы мен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы қатысып, алғы сөз сөйледі. Айтысқа еліміздің әр аймағы мен қалаларынан 6 жұп қатысты. Олар: Нұрмат Мансұров, Жансая Мусина, Айым Асылбекқызы, Мөлдір Айтбаева, Аян Ниязбек, Нұрмахан Жақыпбек, Дәурен Ысқақ сынды айтыскер ақындар қатысты. Нәтижесінде қара қылды қақ жарған ақындар жүлделі орындарға ие болды. Атап өтетін болсақ, Бас жүлдені Дәурен Ақсақалов жеңіп алды, бірінші орын Нұрмат Мансұровқа бұйырды. Сонымен қатар ақындарға Көпбай Омаров атындағы жүлде, Әселхан Қалыбекова атындағы жүлде мен Тәушен Әбуова атындағы жүлделер табысталды.
Түркістан қаласының мәдениет күндері аясында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестиваліне арналған «Гүлденген Түркістан» тақырыбында мерекелік Гала концерт өтті. Оны тамашалауға қала тұрғындары, әжелер алқасының мүшелері, қазылар алқасының құрамы, арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Гала концерт барысында елімізге танымал эстрада жұлдыздары отбасылық дуэт Қуаныш пен Қарлығаш, қобызшы Ақерке Тәжібаева, «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының әртісі Шәкен Амантуров өнер көрсетті. Сонымен қатар, Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашты. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, «Оң босағаға отырғызу тойы» іс шарасы мен «Көрікті айым-суретім» фотосурет және бейнелеу өнері суретшілері, «Қол өнерім – мол өнерім» қолөнер шеберлерінің іс-шарасы этноауыл аумағында қолөнер шеберлері көрмесі және тігін этно киім, құрақ дорбалары, тоқыма бұйымдары мен аяқ киімдер, зергер, керамика, ағаш бұйымдары, құмыра саз балшықтан жасау, тері илеу, домбыра шеберлері көрмелерін ұсынды. Сондай-ақ, бірінші киіз үйде, «Қыз айттыру» салт-дәстүрі көрсетілді. Екінші киіз үйде, «Қыз ұзату» үшінші киіз үйде «Беташар», төртінші киіз үйде «Құдалық», бесінші киіз үйде «Шілдехана», алтыншы киіз үйде «Тұсау кесу» дәстүрінен үзінділер көрсетілсе, сахнада ұмыт болған «Оң босағаға отырғызу» дәстүрі көрсетілді. «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестиваліне Түркістан қаласы суретшілер мен қолөнер шеберлері әкелген құрақ көрпе сынды тағы басқа бұйымдар сән салтанатымен, әдемі өрнектерімен іс-шараның мазмұнын байытты. Шараны тамашалаған қазылар алқасының құрамы әр шебердің жұмысымен жекелей танысты. Спорттық ойындар, «Түркістан жетістіктері» көрмелері «Яссы» халықтық этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен ұлттық нақыштағы әуезді әндер шарасы өтті. Фестивалдің үшінші күнінде жалғасқан шарада ұлттық ойындарымыз дәріптелді. Солардың ішінде: асық ату, арқан тарту, қолкүрес, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ. Сонымен бірге, «Яссы» халықтық фольклорлық ансамблінің шығармалары рет-ретімен орындалды.
– Қалалық мәдениет үйіне қарасты клубтардың жұмыстары мен жетістіктері туралы айта кетсеңіз…
– Жуырда Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Ауыл мәдениеттің бастауы» атты облыстық ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар арасындағы байқауы болып өтті. Аталған байқауға Түркістан қалалық Мәдениет үйіне қарасты «Бірлік» клубы қатысты. Байқауда Клубтың жыл көлемінде атқарған жұмыстары мен ісшараларын ретімен баяндап таныстырып өтті. Тақырыпқа сай концерттік бағдарлама дайындап, видео ролик жасап қазылар назарына ұсынды. Байқаудың қорытындысы бойынша Түркістан қалалық мәдениет үйіне қарасты Бірлік клубының меңгерушісі Майгүл Тұрыскелдиева «Үздік клуб қызметкері» аталымымен марапатталғанын мақтаныш етеміз. Бұл ғана емес, жалпы өз ісінің шеберлері, мәдениет саласының майталмандары аз емес.
– Сұхбат әңгімеңіз үшін көп рахмет, кеше ғана облыс әкімідігі тарапынан алған марапатыңыз құтты болсын! Бұл марапат мәдениет саласы майданында қызмет жасап жүрген барша түркістандық өнер қайраткерлеріне көрсетілген құрмет деп білеміз.
Сұхбаттасқан:
Ә.БАҒМАНҚЫЗЫ.

Leave a reply