Вторник, 17 сентября

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АПАТТЫ ЖӘНЕ ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛУДЕ

0
51

Түркістан облысында бюджет қаржысын тиімді жұмсау және үнемдеудің нәтижесінде білім беру нысандарының инфрақұрылымы жақсарып жатыр. Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде білім саласындағы түйткілдер тарқатылып, орта білім беру ұйымдарының ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының барысы талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды білім нысандарын жаңа оқу жылына даярлау, оқушылар қауіпсіздігін сақтау, білім саласындағы инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарын жандандыра түсуді тапсырды.
– Жөндеу жүргізіліп жатқан мектептер 1 қыркүйекте толық дайын болуы тиіс. Құрылыс және жөндеу жұмыстарын тұрақты қадағалаңыздар. Мердігерлермен тиісті жұмыс жүргізілсін. Проблемасы бар нысандарды аудан, қала әкімдері де зерделеп, тұрақты бақылауға алсын. Жұмыстар уақтылы аяқталуы керек. Білім ұяларының қазандықтарын газға ауыстыру, қауіпсіздігін нығайту, оқушыларды оқулықпен қамту, тасымалдау, ыстық тамақпен қамту және өзге де жұмыстар сапалы атқарылсын, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, өңір әкімінің тікелей қолдауымен биыл облыстағы 321 білім мекемесінде жөндеу жұмыстары жүруде, жалпы құны – 20,1 млрд. теңге. 22-сі – күрделі жөндеу жұмыстары болса, 193-і – ағымдағы жөндеу жұмыстары. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен 10,2 млрд. теңге қаралған. 106 білім беру мекемесінің жылу жүйесін табиғи газға ауыстыру жұмыстары атқарылуда, оның жалпы құны – 2,2 млрд. теңге.

Облыста 4 апатты және 5 үш ауысымды мектеп тіркелген. 4 апатты мектептің құрылысы басталған, жыл соңына дейін 3 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Өңірдегі 5 үш ауысымды мектепке қажетті қосымша ғимараттардың құрылысы да қолға алынған, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деген болжам бар.
Облыстағы 1279 мемлекеттік білім нысанының 63-і орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы, 1216-сы автономды жылыту қазандықтары арқылы жылытылады. Аталған білім нысандарының 84%-ы немесе 1074-і сығымдау жұмыстарынан өткізіліп, 51,9%-ы немесе 664-іне жылу маусымына дайындық актілері берілген.
Мәжілісте пән кабинеттерін жасақтау, оқулықпен қамту, жаңа оқу жылына дайындық және өзге де мәселелер қаралып тиісті тапсырмалар берілді.

Leave a reply