ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады.
Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін.
Биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы толықтай іске қосылады. Өңірге республикалық бюджеттен 11 млрд.теңге қарастырылған. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысына қосымша 14 млрд.тг бөлу мәселесі қарастырылуда. Пилоттық жобаға қатысатын 32 ауылдық округте тұратын мыңдаған адам үйін кепілге қойып, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ала алады. Орташа несие көлемі – 5 млн.теңге.
«Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болатынын айтып өтті. Жаңа жоба біздің өңір үшін өте маңызды. Қазіргі таңда Жамбыл және Ақтөбе облыстарында іске асуда. Ол аумақтарда халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі біршама артқан. Сондай-ақ тұрғындардың орташа табысының өскенін байқауға болады.
Жан-жақты зерделенген жобада жеңілдіктер де жоқ емес. Мәселен, ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі – 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі. Несиенің ең жоғары соммасы қолданыстағы заңнама бойынша анықталады.
Жобаға қызығушылық танытқан ауыл тұрғындары толық ақпаратты аудандық «Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына» жүгініп, нақтылай алады.