ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АҒЫН СУҒА ДЕГЕН ҚАЖЕТТІЛІК ЖЫЛ САЙЫН АРТЫП КЕЛЕДІ

Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 890 мың гектарға егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға артық. Оның ішінде, суармалы алқап 552 мың гектарды құрайды. Егістікке қажетті ағын су көлемі шаруалардың сұранысына сәйкес босатылып, вегетациялық маусым қалыпты деңгейде жүргізілуде. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков мәлімдеді.
«Осы орайда шаруа қожалықтарға ағын суды тиімді реттеп беру, ауыл шаруашылығы дақылдарының жойылуына жол бермеу мақсатында су беру кестесі шаруалардың келісімімен бекітіліп, ағын су кезектілік тәртібімен берілуде. Алдағы уақытта ағын су тапшылығын толық шешу мақсатында «Бәйдібек ата», «Боралдай» суқоймалары жобалары қолға алынды. Нәтижесінде «Бөген» суқоймасына қосымша 113 млн текше метр ағын су жеткізілетін болады. Жобаны толық аяқтауға 5,4 млрд теңге қаржы бөлу ұсынылды. Биыл облыста су үнемдеу технологияларын жаңадан 27 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Облыс мүмкіндігіне сәйкес, су үнемдеу технологиялары 59 мың гектарға орналастырылатын болады. Облысымызға тиесілі жылдық су пайдалану лимитінің 63%-ы көрші мемлекеттердің аумағынан келеді. Трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы Жетісай, Мақтаарал аудандарында 140 мың гектар жер ағын сумен қамтамасыз етіледі. Жалпы облыстағы 25 суқойма, 1 су реттегіш, 269 каналды күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде су нысандарының тозу көрсеткіші 76%-дан 50%-ға төмендейді. Нәтижесінде 400 мың гектар суармалы жерлерге су жеткізу қабілеттілігі артып, жыл сайын қосымша 200 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі»-деді спикер.