ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАР САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістан облысында халықтың өмір сапасын арттыру мақсатында соңғы жылдары әлеуметтік, спорт және білім салаларында ауқымды жұмыстар атқарылып, ондаған жаңа нысан пайдалануға берілді. Облыс басшылығының жүйелі саясатының нәтижесінде өңір тұрғындары үшін қолжетімді білім, сапалы медицина және спорт инфрақұрылымы қалыптасуда.
Халықтың салауатты өмір салтын ұстануы үшін жаңа спорт кешендері мен сауықтыру орталықтары ашылды: Қазығұрт ауданында 210 орындық “Жеңіс” спорт орталығы, Жетісай қаласында – орталық саябақ маңында денешынықтыру-сауықтыру кешені. Бұл нысандар балалар мен жастарға қолжетімді спортпен айналысу мүмкіндігін кеңейтіп отыр. Осы тұста Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби аудандарына барып, бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысын қадағалады. Аппарат басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Жалпы Түркістан облысында: 4 600-ден астам спорт нысаны, 800 мыңнан астам адам спортпен жүйелі айналысады, 58 000 бала қосымша білім мен спорт үйірмелеріне қатысады, әлеуметтік және мәдени нысандар саны жыл сайын артып келеді. Бұл көрсеткіштер өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын айғақтайды.
Іссапар барысында Сарыағаш ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылысын бақылады. Ауданда жоба аясында биыл 900 орындық және 300 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Заман талабына сай бой көтеріп жатқан нысандарды осы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Ондағы құрылыс жұмыстарымен қаныққан аппарат басшысы құрылысты қарқындатуды тапсырды.
Одан соң аппарат басшысы аудандық құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан 3 қабатты 2 тұрғын үйдің кешенімен танысты. Қазір онда 48 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Сарыағаш қаласында бой көтеріп жатқан Жаңа буынды дамыту орталығының құрылыс барысы да назардан тыс қалмады. Апарат басшысы оңалту орталығының құрылыс жұмыстарын бақылап, мердігер мекеме өкіліне жұмыстарды белгіленген кестеге сай әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Қазіргі таңда үш қабатты оңалту орталығының ғимаратына ішкі әрлеу, жедел сату орнату,сыртқы абттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Келесі кезекте Қазығұрт ауданына барды. Алдымен Қазығұрт елді мекенінде салынып жатқан арендалық 2 қабатты 6 үйдің құрылысымен танысты. Биыл наурыз айында басталған нысанның жалпы құны – 1 247,2 млн. теңге. Биылғы жылдың соңына дейін ел игілігіне беру көзделуде.
Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ елді мекенінде Ашық және жабық спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жеке инвестор есебінен салынып жатқан спорт кешенінің жалпы құны – 550 млн. теңге. Аудан әкімі Азизхан Исмайлов спорт кешенінің жобасымен таныстырып, бағытта атқарылып жатқан жұмысты баяндады. Аудандағы нысандарды аралап көрген Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапасына басты назар аударуға тапсырма берді.
Төлеби ауданындағы нысандар да зерделенді. Ең бірінші «Қарақуыс» су қоймасының жай-күйімен танысты. Төлеби ауданы аграрлы аймақ болғандықтан, каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстары жергілікті атқарушы органның назарында. Осы мақсатта Кемеқалған ауылдық округіндегі «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы жүргізілуде. Су айдынының сыйымдылығы – 1040 мың шекше метр, жалпы аумағы 13 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп күтілуде. Еркебұлан Дауылбаев су қоймасының құрылысына қатысты мердігер мекеме, техникалық қадағалаушы мекеме басшыларына жолығып, ауқымды жобаның сапалы және мерзімімен жүзеге асуын тапсырды.
Ауданға қарасты Киелітас елдімекенінде Мәдениет үйі салынып жатыр. Одан бөлек Достық, Ынтымақ, Қосағаш елдімекендерінде 900 орындық және 300 орындық жайлы мектеп пен 150 оқу орындық жалпы орта мектеп бой көтеруде. Биыл оқу жылына орай 3 мектеп пайдалануға берілмек. Одан бөлек, Ленгір қаласында 5 қабатты 3 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Көксәйек елдімекенінде спорт кешені мен «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 600 орындық білім ұясы салынуда.
Сонымен қатар Сарыағаш, Сайрам, Келес, Мақтаарал, Созақ, Жетісай сынды аудандарда да жаңа білім ұялары бой көтеруде. Бұл жобалар үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешуге бағытталған. Ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсету үшін Түркістан облысында бірнеше фельдшерлік-акушерлік пункттер (ФАП) іске қосылды.
Мәдениет саласында: Қазығұрт, Сайрам, Созақ аудандарында ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар ашылды. Әлеуметтік қорғау бағытында: Ордабасы ауданында 100 орындық «Тасарық» арнайы әлеуметтік орталығы; Түркістан қаласында 60 балаға арналған орталық; Түлкібас, Сайрам, Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында оңалту орталықтары жұмыс істейді; Кентау қаласында мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған 80 орындық кәсіптік колледж ашылды.