Түркістан облысында ер адам мен жедел жәрдем жүргізушісі төбелесіп қалды (видео)
Түркістан облысында ер адам мен жедел жәрдем жүргізушісі арасында жанжал болды. Бұл туралы Infonews.kz сайты хабарлайды.
Мас жүргізушінің бұзақылық әрекеті бойынша полицейлер тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Полицейлердің айтуынша, оқиға осы жылдың көктемінде болғанымен, видео әлеуметтік желілерде енді ғана таралуда.
“28 сәуірде Түркістан облысы Төлеби аудандық ішкі істер бөліміне Ленгер қаласында “Volkswagen Passat” жүргізушісі жедел жәрдем қызметкерін соққыға жыққаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына шыққан полицейлер, ер адамның шақырту бойынша кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігіне көпірде жол бермегенін анықтады”, – деп хабарлады Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Құқық бұзушының заңсыз әрекетіне полицейлер тосқауыл қойды. Volkswagen Passat маркалы көлік жүргізушісі медициналық тексеруден өтіп, оның жеңіл дәрежеде мас болғаны расталды.
“Бұзақылық және денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабының 1-бөлігі “Бұзақылық” бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында жедел жәрдем жүргізушісі қарсы арыз берді. 25 маусымда тараптар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының 1-бөлігі және 68-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс тоқтатылды”, – деп хабарлады Түркістан облысының Полиция Департаменті.
Ресми мәлімет бойынша, “Volkswagen Passat” автокөлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (“Мас күйде көлік жүргізу”) және ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі (“Жалған нөмірмен көлік басқарған”) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.
Осы жылдың 20 шілдесінде “Volkswagen Passat” көлігінің жүргізушісі ӘҚБтК-нің жоғарыда көрсетілген баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін ұсталып, сотқа жеткізілгені хабарланды.
“Шақырту бойынша келген видеодағы полицейге қатысты қызметтік тексеру жүргізілуде. Нәтижесінде заңды шешім қабылданып, тиісті шаралар қолданылады”, – деді облыстық полиция.