ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ЗАУЫТТАР МЕН КӘСІПОРЫНДАР САЛЫНУДА

Түркістан облысына жыл басынан бері 196,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Өндіріс саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы өңір тұрғындарының назарына мәлімет ұсынамыз. Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін және 2025-2028 жылдары жүзеге асырылатын 110 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Биыл 322 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосып, 6908 жұмыс орнын құру жоспарланған. Индустриалды аймақтар мен шағын өндірістік парк те кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайын.
Сонымен қатар бұл жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті мәжілісінде талқыланды. Оған инвесторлар, аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары, кәсіпкерлік пен инвестицияға қатысты мекеме жетекшілері қатысты. Күн тәртібінде облыста жаңадан іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы және өзекті мәселелері баяндалды. Облыс әкімі жауаптыларға жұмысты жеделдетуді, өндіріс орындарын көбейтуді, жобаларды сүйемелдеуді тапсырды.
– Бүгінгі инвестициялық штаб отырысында маңызды мәселелер қаралуда. Біз әрбір жобаның іске асырылу барысын мұқият қадағалап, туындайтын мәселелерді шешуге қолдау көрсетеміз. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары ұйымдастыру, үйлестіру, инфрақұрылым мәселелерін жедел шешулері керек. Мақсатымыз – өндіріс орындарын ашу, отандық өнім көлемін ұлғайту, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте инвесторлар мен кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмай отырған басшыларға тиісті сын-ескертпе айтылып, жұмысты ширату тапсырылды. Талқыланған жобалардың бірқатарына тоқталсақ, Сауран ауданында «Xingtai Tiancheng Textile Co., Ltd.» компаниясы мақта өсіру, жіп иіру және тоқыма өндіретін зауытын салу инвестициялық жобасын жүзеге асыруда. 120 адам жұмыспен қамтылады. Ал Ордабасы ауданында майлы және желатинді компоненттерді алу үшін ірі қара мал сүйектерін қайта өңдеу зауыты салынады. Түркістан қаласында «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» ЖШС-нің салқындатқыш жабдықтар шығаратын зауытының екінші кезеңінің құрылысы жалғасуда. Сонымен бірге еденге арналған жабын материалдарын шығару зауытының құрылысы, бір реттік ыдыс шығаратын зауыттың құрылысы, кептірілген жемістерді өндіретін зауыт пен өзге де жобалардың жай-күйі қаралды.
Өткен жылы Түркістан облысының жалпы өңірлік өнімінің көлемі алдын ала есеп бойынша 4 трлн. теңгеден асты. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2024 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында 111 %-ды құрады. Оның ішінде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1 214,0 млрд. теңгені құрады. 2023 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда нақты көлем индексі – 110,1%. Облыстағы өндірілген өнеркәсіп өнім көлемінің 44,4% үлесін құрайтын тау-кен өндіру саласында өндірілген өнім көлемі 540 млрд. теңгеге жетті. Өндірілген өнеркәсіп өнім көлемінің 48,2% үлесін құрайтын өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 585,4 млрд. теңгені құрады. Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 24 957 млн. теңгені құрайтын және 528 жұмыс орны ашылған 13 инвестициялық жоба іске асырылды.
Атап айтсақ, «Ideal Turkistan» ЖШС-нің жиһаз фабрикасы (25 жұмыс орны), «AsiaBrand» ЖК-нің жиһаз фабрикасы (25 жұмыс орны), «Қарқын-2030» ЖШС-нің «Ет өнімдерін қайта өңдеу» жобасы (30 жұмыс орны), «СП ТУРАН-МЕБЕЛЬ» ЖШС-нің жиһаз фабрикасы (40 жұмыс орны), «Қазақстан Нұр 001» ЖШС-нің шұлық өндірісі (30 жұмыс орны), «GRAND STROY KAZ» ЖШС-нің «Темірбетон бұйымдарын өндіру» жобасы (30 жұмыс орны), «Akniet Holding» жиһаз фабрикасы (80 жұмыс орны), «BNK Group Ltd» ЖШС-нің «Жаңбырлатып суғару құрылғыларын өндіру» жобасы (20 жұмыс орны), «Бөрте Милка» «Сүт өңдеу зауытын кеңейту» жобасы (18 жұмыс орны) ашылды. Сонымен бірге «JNRAY Group» ЖШС-нің тігін фабрикасы (50 жұмыс орны), «KazPlast» ЖШС-нің тігін фабрикасы (150 жұмыс орны), «BASPOLYMER» ЖШС-нің «Полимерлі құбырларды, пластмассадан жасалған бұйымдарды, тамшы таспаларды шығару бойынша ірі-тораптық зауыт салу» жобасы 15 жұмыс орны, «CaPable Group» МҚБ» «Қолданыстағы қуатты кеңейту. Итальяндық технология бойынша жөргектердің жаңа түрін өндіру жобасы іске қосылған.
Аймақта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытында қарқынды жұмыс жалғасуда. Түркістан облысында су шығынын азайту технологиясы 32 298 гектарға енгізіліп, ол суды 2 есе үнемдеп, өнімді 3 есе арттыруға мүмкіндік берді. Еліміздегі ең алғаш су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт Түркістан облысында ашылды. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов су үнемдеу технологияларын енгізу және осы бағытта өндірістік кәсіпорындар ашу мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарларды баяндады. Биыл облыста 22442 гектар жерге су үнемдеу технологияларын ендіру көзделген. Бүгінде 4 мың гектарға жуығына ендірілген. Қалғанында жұмыс жүріп жатыр.
Мәжілісте «Тұран су» мекемесі жанынан су үнемдеу технологияларын шығаратын өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар да сарапталды. Екі ай көлемінде Саурандағы өнеркәсіптік аймағында тамшылатып суғару құбырын, шланг және өзге де құрылғылар шығару бойынша бірнеше жоба жүзеге асып, кәсіпорындар іске қосылады. Инвесторлармен келісім жасалған. Жиын соңында аудан, қала әкімдеріне жұмысты жандандыру, жауапты басқармаға тамшылатып суғару технологиясын ендіруші шаруа қожалықтары мен мердігерлерге тиісті қолдау көрсету тетігін жетілдіру жөнінде тапсырма берілді. Сонымен бірге су үнемдеу технологиясына бет бұрған кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарын сүйемелдеу, қолдау көрсету жұмыстарын жандандыру тапсырылды.
2030 жылға қарай Түркістан облысындағы суармалы жердің 50% су үнемдеу технологиясын қолданады. Яғни, 216 мың гектар жерге жаңа технология енгізіледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биыл 22 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізіледі. Бүгінге дейін соның 13 мың гектарына орнатылған. Оның 8 мыңына тамшылатып, 5 мың гектарына жаңбырлатып суару жабдықтары қойылған. Шаруалар бұған дейін мұндай технологияны сырттан сатып әкеліп орнатса, енді өзімізде шығарылады. Жақында Түркістандағы индустриялды аймақта жылына мың дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын зауыт іске қосылды. Өткен айдан бастап, шаруаларды ынталандыру үшін жаңа технологияға көшкен диқандарға шығынның 80% мемлекет өтеп бере бастады.
Экономиканың дамуына тың серпін беретін жалпы құны 145 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Биылғы 7 айда 25 жоба іске қосылып, 866 жұмыс орны ашылды. Өңір экономикасының маңызды саласы ауыл шаруашылығында өнім көлемі артты. Осыған сәйкес, өндірілген өнім көлемі бойынша облыс республикада ең жоғарғы көрсеткішке ие болды.
Бүкіл дүние жүзінде жыл сайын ағын су тапшылығы артып келеді. Осыған орай, суды көп тұтынатын дақылдар алқабын 10 мың гектарға қысқартылды. Су үнемдеу технологиясының қол жетімділігін арттыру мақсатында «Жылына 1 000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы «50 мың гектар тамшылатып суғару өндірісі» қолданысқа беріледі. «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорны жылына 9 мың гектар аумақты тамшылатып суғару жүйесі өндірісі іске қосылуда. «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ал «Боралдай» су қоймасының құрылысы келесі жылы басталады. Заманауи технология мен озық тәжірибені қолдана отырып мақта-тоқыма кластерін құруды қолға алдық. 200 мың шаршы метр құрайтын зауыт және фабриканың құрылысы басталды. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін қолдана отырып, облыста 3 сүт фермасы іске асырылады. Демографиялық өсімге байланысты жыл басынан бері тұрғын үйлер пайдалануға берілуде. Нәтижесінде, кезекте тұрған 5 мыңға жуық отбасының баспана мәселесі шешіледі.
Өңірде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 49 нысанның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, қосымша 3 ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Былтыр атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын 21 пайызға төмендеді. Биыл тағы да 26 пайызға дейін азайту жоспарланған. Нәтижесінде, кедейшілік деңгейі төмендейді деп күтілуде. Өз ісін ашуға ниет білдірген 1 793 адамға қайтарымсыз грант ұсынылады. 621 жасқа 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие қарастырылған.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ауылдық жерлерді дамыту мақсатында 2024 жылға «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 181 елді мекенде 211 жобаны іске асыруға қаржы бөлінді. Жоғарыда аталған шаралардың барлығы экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге нақты ықпал етеді.