Вторник, 17 сентября

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ТӘСІЛМЕН МАҚТА ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

0
33

Түркістан облысында мақта сапасын арттыру мақсатында биыл жаңа тәсілмен 2,5 мың гектар алқапқа мақта егілді. Шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Шаруалардың айтуынша, алғашқы нәтижесі таңқаларлық жетістік беріп отыр. Жаңа су үнемдеу технологиялары суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары.
Қазақстандық мақта талшығы сапасының төмендігінен әлемдік нарықта сұраныс болмауда. Жаңа технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше мақта – тоқыма кластері құрылады. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады.
Жаңа технологиялық әдіс арқылы дәлдікпен егілген шит тұқымы тез өсіп, жетіледі. Тамшылатып суарудың нәтижесінде қоза көсегі түгелдей ашылып, өнім көрсеткіші кемінде 2 есе артады. Тиімді тұқым себу тәсілін бастаған шаруалар, өзгелерге үлгі көрсетті. Жаңа инновациялық тәсілдің тиімділігіне көзі жеткен диқандар осы әдіске өтпекші. Бұл агросалаға серпін беріп, өнім көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаруалармен кездесіп, жайқалып өскен жаңа алқаптарды аралады. Сауран ауданының шаруалары қытайлық диқандармен кеңесе отырып, жаңа әдіспен мақта егіп, бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.
– Былтыр облыс әкімінің тапсырмасымен тәжірибе жинақтау үшін аудан әкімімен бірге жергілікті бизнесмендер жиналып, Қытайға бардық. Сонда сол жақтың фермерлерімен сөйлескен болатынбыз. Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылында 130 гектар жерге тамшылатып суару арқылы мақта ектік. Су үнемдейтін жаңа тәсілді басқа шаруалар көріп, таң қалып жатыр. Бұл бұрын сор басып кеткен жер болатын. Мақта егуге болатынына ешкім сенбеген. Бастаманың нәтижесі керемет. Алып – қашпа әңгімелердің бос сөз екеніне көзіміз жетті. Қазақстанда рұқсат етілген тыңайтқыштарды ғана пайдаландық. Бәрі заңды. Әрі қарай осы тәжірибені пайдаланып, алқаптың ауқымын артырамыз деген ойдамыз, – деді Қанат Көшербаев.
Түркістан облысында жыл сайын облыста 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Облыста егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдылық берілуде.
Сонымен қатар көрші ауданда шетелдік инвестор мақтаны терең өңдеу көпсалалы кешені кәсіпорындарын құрып, дайын өнімді экспортқа шығаруды жоспарлауда. Жоғары сапалы шикізатты өсіруден бастап, жұқа матадан жасалған киімдер мен жоғары сапалы үй тоқыма бұйымдарын өңдеу мен өндіруге дейін өндірістің толық циклін құруды қамтамасыз етеді. Кәсіпорын облыста алғаш рет тамшылатып суару жүйелерін орнатып, 1 мың гектардан астам аумаққа мақтаның элиталық сорттарының тұқымын екті. Егістікте жергілікті тұрғындар жұмыс істеп жатыр. Кезең-кезеңмен пластикалық құбырлар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу бойынша екі зауыт, иіру, тоқу фабрикалары және кластердің басқа да жоспарланған объектілерін өндіретін зауыттарды пайдалануға бере отырып, кәсіпорын 4 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, ал қазақстандықтарды – жоғары сапалы маталармен және тоқыма өнімдерімен қамтамасыз етеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave a reply