Пятница, 20 сентября

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

0
118

Бүгінде Түркістан облысында жаңа өндіріс орындарының ашылуы үшін, инвестициялық жобалар көптеп қолға алынып жатыр. Осы ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесіп, «INVEST IN HAYOT» компаниясының басшылығына өңірдегі инвестициялық жобаларды таныстырған болатын. Аймақ басшысы өзбекстандық ірі компаниямен жаңа іскерлік байланыстар орнатып, өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға әрдайым ашық екенін жеткізді.

Компания агро-логистикамен айналысады. Жаңа піскен көкөністер мен жемістерді сақтау мен экспорттауда озық технологияларды енгізуде алдыңғы қатарда. Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Үндістан, Ливан, Египет, Германия, Қырғызстан, Грузия елдерімен белсенді жұмыс жүргізеді. Жүзімнің сан алуан түрі мен өзге де жеміс-жидек пен көкөністерді шетелге экспорттауда агроконсалтинг қызметтерін көрсетеді.

Кездесуде компания басшыларымен жүзімнің көптеген түрін өсіретін заманауи тұқымбақ пен зертханасын құру жайлы талқыланды. Шаруа қожалықтарына жоғары табысты жүзім сорттарын жеткізуді ұйымдастыру, экспорттау жобалары туралы айтылды.
Жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану, заманалық бау-бақша мен жүзімдіктерді құру және интенсивті көкөніс шаруашылығын жолға қою арқылы өнімділікті арттыру, ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған жоспарлар ортаға салынды. Облыс әкімі өңірдің кешенді даму жоспарында инвесторлар тарту, оларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне айрықша назар аударылғанын баса айтты. Жергілікті билік бірлескен жобаларды қолдауға дайын екендігін айтып, бірлесіп шаралар жүргізуге қатысты жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Сонымен қатар, агросала дамылсыз дамып жатқан Түркістан облысында банан өсіру ісі жандана түспек. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Gen group Qazaqstan» компаниясының құрылтайшыларымен кездесіп, өңірдегі агросаланы дамыту бағыттарын талқылады. Банан өсіруді мықтап қолға алған түрік компаниясы Сайрам ауданында 5,3 га жылыжай кешенін салып, банан отырғызған. Жылыжайда жылына 1000 тоннадан астам банан өндірілмек. Компания құрылтайшылары Тимур Утешов пен Абдулла Исмаилов кешен көлемін кемінде 2 есе арттыруды көздейтіндерін жеткізді. Елімізде баламасы жоқ жобаның жалпы құны 19,4 млрд. теңгеден асады.

Алдағы уақытта кәсіпкерлер Түркістан облысында манго, авокадо сынды экзотикалық жеміс түрлерін өндіруді жоспарлап отыр. Жылыжайда сондай-ақ құлпынай мен қызанақ өседі. Сонымен бірге қияр мен көкжидек өсірмек. Жылыжай құрылысы соңғы үлгідегі технологиямен салынып, жылу мөлшерін бақылайтын жүйемен жабдықталған.
Кездесуде Түркістан облысының әкімі өңірдің ауыл шаруашылығы саласында егістікті әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Жыл сайын бір ғана дақыл екпей, жоғары сұранысқа ие өнімдерді өсіру өңірде кеңінен қолға алынған. Сондықтан банан өсіруді қолға алғысы келетін диқандарға қолдау болады. Аталмыш компания банан өсірудің қыр-сырымен бөлісуге дайын. Сонымен қатар кездесуде Түркістан қаласындағы азық-түлік белдеуін кеңейтіп, банан өсіруді қолға алу мәселесі талқыланды. Бұл мәселе жан-жақты зерттеледі.

Бұдан бөлек, Сауран ауданында кәсіпкерлердің басын қосқан алғашқы бизнес-форум өткен болатын. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға арналған бизнес-форумның мақсаты алыс жақын шетел және отандық инвесторларды тарту есебінен тиісті салалар бойынша өнеркәсіптік және туристік аймаққа айналдыру.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, 11 айда ауданға 28,0 млрд. теңгеге инвестиция тартылды. Оның 18,2 млрд. теңгесі жеке инвестиция есебінен. 2024 жылы 32,4 млрд.теңгеге 18 инвестициялық жобаны іске асыру үшін жоспарланып жатыр. 11 айдың қорытындысымен ауданның жалпы өңірлік өнімі 110,4 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 114,8%-ға артып, жан басына шаққанда 1 млн. теңгені құрады. Жалпы, өнімнің ішінде 86,3%-ы ауыл шаруашылығы, 9,2%-ы өнеркәсіп саласы, 3,2%-ы құрылыс саласы болса, 1,3%-ы сауда саласының үлесінде. Өнеркәсіп саласында 10,1 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 416,0 млн.теңге өнімі өндірілген. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін бүгінгі таңда 32 жер қойнауын пайдаланушылар бар.

Leave a reply